8 наурыз – көпшілік үшін мерекелік көңіл күй сыйлайтын күн болса, кәсіпкерлерге сауда жанданып, табыс артатын кезең. Арулар мерекесі қарсаңында сыйлыққа сұраныс өсіп, гүл, әшекей бұйымдары мен косметика сатылымы артатыны белгілі.
Wildberries жүргізген зерттеуге сәйкес, ел азаматтары мерекеде бұрын-соңды болмаған, тосын сый жасауды қолай көреді. Сатып алушылардың 49%-ға жуығы құттықтауға орта есеппен 15–40 мың теңге аралығында қаржы жұмсауды көздейді. Сыйлық ретінде ең сұранысқа ие санаттарға дәстүрлі түрде гүл (52%), косметикалық өнімдер (44%) кіреді. Сонымен қатар мына тауарлар да тізімде көш бастап тұр: тұрмыстық тауарлар – 43%, парфюмерия – 31%, кондитерлік өнімдер – 29%, символикалық сыйлықтар (құттықтау хаттары) – 26%, хобби тауарлары – 19%, зергерлік бұйымдар мен аксессуарлар – 17%.
Wildberries сарапшылары дәстүрлі тауарлардан бөлек, ақпан айының аяғына қарай технологиялық және практикалық сыйлықтарға деген қызығушылықтың артқанын айтады. Жаңа тауарлардың ішінде камерасы мен аудармашысы бар смарт-көзілдіріктер, аэрогрильдер мен шығармашылық жиынтық бар.
Мерекелік сұраныстың өңірлік сипаты да әркелкі. Абай облысында парфюмерияға қызығушылық алты есе артса, Астана қаласы, Ақмола және Қостанай облыстарының тұрғындары тұрмыстық техникаға басымдық берген. Бұл өңірлерде нан пеші мен мультиваркаға тапсырыс көлемі екі есе көбейген. Ал Павлодар облысы сұлулыққа арналған құрылғылар санатында алға шығып, фотоэпиляторға сұраныс былтырғы кезеңмен салыстырғанда 125% өскен. Жамбыл облысында үй тұрмысына қажетті тауарларды жаңартуға қызығушылық жоғары болса, елдің солтүстік және шығыс аймақтарында мерекеге орай зияткерлік сыйлықтарға сұраныс артып, шет тілдеріндегі кітап сатып алу көлемі 40% ұлғайған.
Жоғарыда айтқандай, мереке қарсаңында сұраныстан түспейтін басты сыйлық – гүл. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылы еліміз сомасы 93,5 млн долларды құрайтын рекордтық 12,3 мың тонна кесілген гүл импорттаған. Елімізге гүлді ең көп экспорттаған елдер – Эквадор, Нидерланд, Қытай, Колумбия, Кения. Бұл елдерден раушан, қызғалдақ пен лалагүлдердің ең танымал сұрыптары әкелінген.
Сұраныс өсімі импорт көлемі емес, ішкі нарықта да байқалады. Отандық фермерлер кейінгі жылдары өзіндік өнімдерді өсіріп жатыр. Өткен жылғы мерекеде жылыжайларда 33 млннан астам гүл өсірілген. Бұл бұрнағы жылмен салыстырғанда 5 есе көп. Осылайша, мереке қарсаңында отандық өндірушілер де белсенді қосылып, нарықтың шетелдік өнімдерге тәуелділігін төмендетеді.
Демек, мерекенің өзін экономикалық фактор деп есептеуге болады. Осы уақытта бөлшек сауда айналымы айтарлықтай өсіп, шағын бизнеске қосымша кіріс әкеледі. Іс жүзінде бұл қысқамерзімді болғанмен, сауда мен қызмет көрсету секторына қуатты серпін береді.