• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Спорт Кеше

«Уимблдон» додасы аяқталды

30 рет
көрсетілді

Ұлыбританиядағы «Уимблдон» турнирі еліміздің теннисшілері үшін сәтсіз аяқталды. Жүлде қоры 53 500 000 фунт-стерлингті құ­раған мәртебелі жарыста өнер көрсеткен жерлестеріміздің бірде-біреуі бел ортаға жете алмай, жанкүйерлерін жерге қаратты.

Іріктеу сайыстарына елі­міздің төрт ойыншысы қатысқан еді. Өкінішке қарай, Дмитрий Попко, Михаил Кукушкин, Тимофей Скатов сынды танымал ойыншылар бұл сынақтан өте алмады. Бұл ретте тек Бейбіт Жұқаевтың жолы болды. Бірақ ол да алысқа шаба алмады. Негізгі жарыстың тұсаукесер кездесуінде қазақ теннисшісі италиялық Флавио Коболлиге (3:6, 6:7, 1:6) есе жіберді. Сондай-ақ Александр Бублик испаниялық Хайме Мунардан (4:6, 6:3, 6:4, 6:7, 2:6), Александр Шевченко америкалық Райли Опелкадан (3:6, 5:7, 6:7) айласын асыра алмады. Юлия Путинцева АҚШ-тың өкілі Аманда Анисимовамен болған бәсекеде бірде-бір геймде жеңіске жете алмай, таза ұтылды, есеп – 0:6, 0:6.

Еліміздің ең үздік теннис­шісі Елена Рыбакина бастапқы бәсекеде армениялық Элина Аванесянды (6:2, 6:1) тырп ет­кізбей тізе бүктірді. Екінші ке­зеңде грекиялық Мария Сак­каримен шеберлік байқасты. Екі сеттік бәсеке жерлесіміздің айқын жеңісімен аяқталды (6:3, 6:1). Алайда үшінші айналымда Елена білгенінен жаңыл­ды. WTA рейтингінде өзінен 10 саты төмен тұрған 22 жастағы даниялық Клара Таусоннан ойда жоқта жеңілді – 6:7, 3:6. Сонымен, «Уимблдон-2022» жарысының жеңімпазы, былтыр жартылай финалға дейін жеткен Е.Рыбакина биыл сол көрсеткіштеріне жа­қындай да алған жоқ.

Жұптық сайыстарда да жолымыз болмады. Чехиялық Мария Боузковамен иық тіресе ойнаған Анна Данилина екінші кезеңде Вероника Кудерметова (Ресей) мен Элизе Мертенске (Бельгия) жол берді. Миксте де Данилина тұсаукесер кездесуде жеңілістің кермек дәмін татты. Сол секілді сайыстың осы түрлерінен бақ сынаған басқа теннисшілеріміз де осалдық танытты.

Кәсіпқой теннисшілеріміз өз жан­күйерлеріне қуанта алма­ғанымен, «Уимбл­донда» жас­тар буыны өкілдері тәуір өнер көрсетті. Әсіресе Әмір Омар­хановқа риза болдық. Ресейлік Егор Плишивцевпен жұп құрған ол жартылай финалға дейін жетті. Бұл межеде олар Оскар Паландиус (Финляндия)/Алан Важныға (Польша) жол берді, есеп – 4:6, 6:4, 5:10. Сол секілді ширек финалға дейін жеткен Заңғар Нұрланұлы мен Дамир Жалғасбайдың да өнері жақсы әсер қалдырды.

Жалпы, биылғы «Уимбл­донда» көптеген сенсациялық нәтижелер тіркелді. Мәселен, ерлер мен әйелдердің рейтингінде ТОП-10-дыққа енген сегіз бірдей сақа спортшы алғашқы айналымнан аса алмады. Атап айтсақ, Даниил Медведев (Ресей, АТР №9) Бенжамен Бонзиден (Франция), Александр Зверев (Германия, №3) Артур Риндеркнешнен (Фран­ция), Лоренцо Музетти (Италия, №7) Николоз Басилашвилиден (Грузия), Хольгер Руне (Дания, №8) Николас Харриден (Чили), Кори Гауфф (АҚШ, WTA №2) Даяна Ястремскаядан (Украина), Джессика Пегула (АҚШ, №3) Элизабетта Коччареттодан (Италия), Чжэн Циньвэнь (Қы­тай, №5) Катержина Синя­ковадан (Чехия), Паула Бадоса (Испания, №9) Кэти Бултер­ден (Ұлыбритания) ұтылды. Бұ­рын-соңды «Үлкен дулыға» сана­тындағы бәсекелерде дәл мұндай жағдай тіркелмеген.

Ерлер бәсекесінде АТР рей­тингінде алғашқы алты орынды иеленіп отырған теннисшілер жартылай финалға еш кедергі­сіз жетті. Бұл межеде италия­лық Янник Синнер (АТР №1) сербиялық Новак Джоковичті (АТР №6) жеңді. Даңқы жер жарған 38 жастағы Джокович 23 жастағы Синнерге жарытып қарсылық көрсете алмады – 6:3, 6:3, 6:4. Испа­ниялық Карлос Алькарас (АТР №2) пен аме­рикалық Тейлор Фриц (АТР №5) арасындағы бәсеке алғашқысының пайдасына шешілді – 6:4, 5:7, 6:3, 7:6. Финалда әлемнің бірінші, екінші ракеткалары өзара күш сынасты. Бұл бәсекеде Янник Синнер 4:6, 6:4, 6:4, 6:4 есебімен жеңіске жетті.

Әйелдер арасындағы финалда америкалық Аманда Анисимова мен польшалық Ига Швентек шеберлік байқасты. Соның алдында ғана АҚШ-тың өкілі әлемнің бірінше ракеткасы беларусьтік Арина Соболенкоға сан соқтырса, қарт құрлықтың өкілі Олимпиада чемпионы, швейцариялық Бе­линда Бенчичтен басым түсті. Шешуші сында Швентек Ани­симоваға адым аштырмай, 6:0, 6:0 есебімен тас-талқанын шығарды. Матч небәрі 57 минутке созылды. Дәл осындай нәтиже «Үлкен дулыға» додаларында 1988 жылы тіркелген. Сол кезде «Ролан Гарроста» Штеффи Граф Наталья Звереваны таза ұтқан еді. Ал «Уимбл­донда» осындай жағдай осы­дан 114 жыл бұрын болған. Сөйтіп, Ига Швентек тұңғыш рет «Уимблдонның» жеңімпазы атанды.

Жарыстың жекелей сайыс­тарының жеңімпаздары осы жолы 3 миллион фунт-стерлингі ($4 млн) олжалады. Финалда ұтыл­ғандарға жоғарыдағы соманың тең жартысы бұйырды. Жартылай финалға жеткендер 775 000-нан ($1 млн) иеленсе, ширек финалға шыққандар 400 000-нан ($540 000) еншіледі. Тіптен тұсаукесер кездесулерінде ұтылған ойыншылардың өздері сыйақысыз қалмайды. Оларға 66 000 фунт-стерлинг ($89 000) тиесілі.