Су мәселесі бойынша халықаралық ынтымақтастық күшейіп келеді. Үкіметтің көрші елдермен жүргізген келіссөздері оң нәтиже беріп, биыл Солтүстік Аралға 975 млн текше метр су жіберілетін болды. Орталық Азияның мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының 89-отырысында осындай шешім қабылданды.
«Самарқанд қаласында өткен отырыста Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстанмен жасалған келісімдердің нәтижесінде биылғы суару кезеңінде Қазақстанға Сырдария өзені бойынша 3,7 млрд текше метр су, «Достық» мемлекетаралық каналы арқылы 909 млн текше метр су келіп, Солтүстік Аралға 975 млн текше метр су жіберіледі», делінген Үкіметтің ресми хабарламасында.
Сондай-ақ биыл сәуірде Астана қаласында Қазақстан мен Қырғызстан Шу және Талас өзендеріндегі 2025 жылдың вегетациялық кезеңіне мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы құрылыстарынан су беру кестесін бекітті.
«Мәселен, мамырдан қыркүйекке дейін Қазақстанға Талас өзені бойынша 400 млн текше метр су, Шу өзені бойынша 180 млн текше метр су беріледі. Осылайша, 2025 жылдың вегетациялық кезеңінде сумен қамтамасыз етудің (сәуірді ескере отырып) жалпы көлемі 625 млн текше метрді құрайды», деп түсіндірілді Үкімет тарапынан.
Еске салсақ, 2024 жылы Аралға 2,6 млрд текше метрге жуық су жіберілді. Жалпы, Солтүстік Аралды жандандыру жұмыстары үш негізгі бағытта жүргізіліп жатыр. Алдымен теңізде және оған жақын аймақта балық аулау мен су жағдайын жақсарту, сондай-ақ Сырдария өзенінің атырабындағы сулы-батпақты жерлерді тұрақтандыру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, су инфрақұрылымы жетілдіріліп, Солтүстік Арал мен Сырдария атырабындағы гидрологиялық жағдай біршама жақсарған.
Бұдан соң Қызылорда облысында балық, мал, орман шаруашылығын және экотуризмді дамыту қарастырылған. Сондай-ақ Арал-Сырдария бассейнінде су ресурстарын басқару жүйесін, өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға күш салынады.
Мамандардың айтуынша, қазір теңіздегі судың тұздылығы төрт есеге жуық төмендеген. Су ресурстары және ирригация министрлігінің ақпаратына сәйкес, Солтүстік Аралды сақтау жобасының алғашқы кезеңі бойынша теңіздегі су көлемі 42 пайызға артып, 27 млрд текше метрге жетті. Осылайша, бір жылда теңізден 8 мың тонна балық ауланған. Сонымен қатар жобаның алғашқы кезеңінде Көкарал бөгеті салынды.
Қазір өңірде сирек кездесетін балық түрлерін өсіретін Қамыстыбас балық тұқымбағы бар. Арал ауданының Қосжар елді мекенінде орналасқан балық шаруашылығы мемлекеттік тапсырыспен Кіші Арал теңізіне, Сырдария өзені мен Қамыстыбас көліне құнды балық түрлерін маусым сайын жіберіп отырады. Дерекке сәйкес, шаруашылық жұмысшылары жылына 50 млн-ға жуық шабақ, 12 млн-ға жуық тұқы, дөңмаңдай, ақ амур секілді сирек кездесетін балықтарды теңізге жібереді. Сондай-ақ шаруашылық Қазақстанның Қызыл кітабына енген Арал қаязын өсіреді.
Бүгінде Солтүстік Арал теңізін сақтап қалуға арналған жобаның екінші кезеңі басталды. Оны Дүниежүзілік банк қаржыландырады. Атап айтқанда, халықаралық қаржы ұйымы жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге грант бөлген. Су ресурстары және ирригация министрлігі ауқымды жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірледі, ал оның сараптама қорытындысы осы жылдың желтоқсан айында дайын болады.
Онда Үлкен Арал мен Кіші Арал теңізін екіге бөліп тұрған Көкарал бөгетінің 12 шақырымы қайта жаңғыртылады. Бұған қоса Қамыстыбас пен Ақшатау көлдер жүйесін тұрақты суландыруға арналған гидроторап салынбақ. Осындай жұмыстардың нәтижесінде Балтық жүйесі бойынша теңіз деңгейі 44 метрге көтеріледі деп болжап отыр мамандар.
Министрліктің таратқан мәліметінше, Солтүстік Аралдың су айдынының ауданы 3 913 шаршы шақырымға дейін ұлғайып, су көлемі 34 текше шақырымға жетеді. Теңіздің бұл деңгейге дейін толуына 4-5 жыл қажет.
Жалпы, Үкімет су үнемдеу, трансшекаралық өзендердегі су ресурстарын әділ бөлу мәселесінде көршілес елдермен келіссөздер жүргізіп, нақты қадамдар жасады. Алдағы уақытта осындай келіссөздерді жалғастыра отырып, маңызды су қоймаларының деңгейін тұрақты ұстап тұруды жоспарлап отыр. Аралды қалпына келтіруге бағытталған жоба ең алдымен, өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға, балық шаруашылығы мен туризмді дамытуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталып отыр.