• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 08:55

Жеке кәсіпкерлікті ашу оңай, жабу қиын...

40 рет
көрсетілді

Салық маманы Балжан Бақытқали­қы­зы­ның жауабы:

Жеке кәсіпкерлікті (ЖК) ашу бүгінде барынша жеңілдеді. Алайда кәсіпкерлікті жабу – мүлде басқа әңгіме.

 

Бірінші кезекте ЖК жабуға өтініш бермей тұрып, берешек бар-жоғын міндетті түрде тексеріңіз. Ол үшін kgd.gov.kz сайтындағы салық төлеуші кабинетіне ЭЦҚ арқылы кіріп, барлық салық пен әлеуметтік төлемдер бойын­ша қарыздарды қарап шығуға болады. Көбіне кәсіпкерлер өтініш беріп, ар­тынша салық бойынша өсімпұлдар пай­да болғанын кеш естиді. Бұл әсіресе, жү­йеде ақпарат кешігіп көрсетілген кез­де байқалады. Салдарынан жеке тұл­ға­ның банктегі шоттары бұғатталуы мүмкін.

Екінші маңызды қадам – барлық салық пен әлеуметтік төлемдерді төлеу. Кәсіп жабылар айдың салықтары да есепке алынуға тиіс. Көбіне осы кезең ұмыт қалып жатады. Кейін бұл жағдай болашақта күрделі мәселелерге ұласады.

Үшінші ескеретін жайт, егер жұмыс­шыларыңыз болса, олармен заңды түрде есеп айырысып, жұмыстан босатуды ресми рәсімдеу керек. Еңбек шарттары enbek.kz порталында тіркеледі. Егер сіз қызметкерді жұмыстан шығармаған болсаңыз, келесі жұмыс беруші оны тіркей алмай, қиындықтар туындайды. Болашақта оның еңбек өтілі дәлелденбей қалуы да ықтимал. Бұл үдерістің тағы бір маңызды бөлігі – келісімшарттар бойынша міндеттемелерді орындау. Егер қарызыңыз болса, оны өтеу керек. Керісінше, клиенттерден ақша түсетін болса, оларды өндіріп алған жөн. ЖК жабылар алдында барлық қаржылық ағымдарды тоқтатып, есеп-қисапты нақтылаған жөн. Себебі жеке кәсіпкер мен жеке тұлғаның ЖСН-і бірдей, яғни кәсіп жабылса да, заң алдындағы жауапкершілік жеке тұлғаға көшеді.

Онлайн-кассалық аппаратты да тір­кеуден шығару қажет. 2025 жылдан бастап оны тек провайдердің сайтынан өшіру жеткіліксіз. Е-өтініш арқылы зауыттық нөмірі мен тіркелген деректерін көрсете отырып, салық органына шешу туралы хат жолдау керек. Банк шотын жабу да маңызды. Кейбір кәсіпкерлер ЖК жабылған соң шотты ашық қалдырып, әлі де ақша қабылдай береді. Бұл – үлкен қателік. Шот жабылмаған жағдайда салық органдары кез келген түсімді «жасырылған кіріс» деп тануы мүмкін.

ЖК жалпыға бірдей тәртіппен жұмыс істесе, оны жабу үшін салық орган­дарының құжаттық тексеруі міндетті түрде жүргізіледі. Бұл үшін салықтық өтінім, ҚҚС есебі, тарату есебі тапсырылады. Тексеру 20 жұмыс күні ішінде бас­талып, 30 күнге дейін, күрделі жағдайда 60-180 күнге дейін жалғасуы мүмкін. Нәтижесінде, кәсіпкер тексеру актісі мен хабарлама алады. Егер келіссеңіз, 25 жұ­мыс күні ішінде салық органдарына ке­лісім жіберіп, берешек бойынша төлем құжаттарын тапсыру қажет.

Қазіргі заңнама бойынша егер жеке кәсіпкердің салық берешегі болса, оны өндіріп алу заңды тұлғалардағыдай тәртіппен жүзеге асады. Алғашқы шара – барлық банктік шоттардан ақша алу. Бұл жерде ең үлкен қауіп – салық органдары тек кәсіпкерлікке қатысты емес, жеке мақсаттағы шоттарды да бұғаттап жатады. Негізі ондай шектеуге жол берілмеуі керек. Бірақ мұндай жағдайлар жиі кездеседі.

Егер ЖК шотында қаражат болмаса, қарызды борышкерлер арқылы өндіру үдерісі басталады. Мысалы, сізге біреу ақша қарыз. Төлеу мерзімі келмеген күннің өзінде, салыстыру актісі болса, салық органы сол қаражатты сол адамнан өндіріп ала алады. Кәсіпкерлер осыны да ескергені жөн. Егер ақша да, борышкер де болмаса, онда салық органдары кәсіпкерге тиесілі мүлікті сата бастайды. Алдымен меншікке иелік ету құқығына шектеу қойылады, яғни оны сатуға тыйым салынады. Сосын бұл мүлік аукцион арқылы өткізіледі. Бұл – «Үшінші тұлғаның мүлкін сату ережелері» бо­йынша іске асады.

ЖК-нің жабылғанын cabinet.kgd.gov.kz сайтынан немесе e-Salyq Azamat мобильді қосымшасы арқылы тексеруге болады. Онда «Қызметі тоқтатылған» деген белгі көрінеді.

 

Дайындаған –

Елігімай ТӨҢКЕР,

«Egemen Qazaqstan»