• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Медицина Бүгін, 08:50

Инсульт дерті «меңдеп» барады

30 рет
көрсетілді

Ғалымдар ғаламды түсіну қиын, бірақ адам миының құпиясына жету одан да қиын деседі. Расында ғаламдағы ең күрделі жүйе – адамның миы, әрі ол туралы толыққанды ұғым-түсінік жоқ. Дегенмен үздіксіз ізденіс үстіндегі медицина ми ішіндегі кеселдердің көпшілігін зерттеп, емін тауып, инфекциялық, ісік, дегенеративті, тамырлық, жарақаттық, яки психоневрологиялық деп, санаттарға бөле алатын дәрежеге жетті. Алайда ми кеселдері жиілей түсіп, жасарып бара жатқаны алаңдатады.

Осы мәселеге орай Алматыда «Ми құпия­лары. Көпсалалы форум» атты халықаралық ғылыми-тәжі­рибелік конференция өтті. Келелі кеңеске Қазақстан, Ресей, Украина, АҚШ елдерінен 300-ге тарта невролог, кардиолог, пси­хиатр, терапевт мамандар мен оңал­тушы дәрігерлер онлайн, офлайн форматта қатысты. Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының дирек­торы, профессор Алмаз Жұбашев неврология саласында мультидисциплинарлық көз­қарастың маңыздылығына тоқтала келе: «Медицина дамып, жаңа диагностикалық, ем­деу әдістері енгізілгеніне қара­мас­тан, ми аурулары белең алып келеді. Айталық, елімізде жыл сайын 42 мыңнан астам адам­ның жаңадан инсульт алғаны тір­келеді. Өкінішке қарай, бұл көр­сеткіш жай өсіп жатқан жоқ, «жасарып» барады. Бұрын инсульт жасы келген адамдардың дерті деп есептелсе, бүгінде ол 40-тың ар жақ бер жағындағы аза­маттар арасында да көбейіп отыр. Дегенмен клиникалық үй­лесімді жұмыстың, жаңа ем­деу тәсілдерінің арқасында жал­пы өлім-жітімді 13,3%-ға тө­мен­дете алдық. БМҚ (бас-ми қанай­налымы) өлім-жітімі 29%-ға, инсульт 23%-ға азайып, 4,7%-ды құрады», деді.

«Неврологтер қауымдастығы» ҚБ-ның президенті, профессор Е.Нұрғожаевтың айтуынша, ағза – біртұтас жүйе, оның бір бөлігінің зақымдануы сөзсіз басқа бөліктеріне әсер етеді. Қазіргі клиникалық тәжірибе мультидисциплинарлық көз­қарасты талап етеді, науқастың жалпы соматикалық жағдайын ескермей, неврологиялық ауруларды тиімді емдеу мүмкін емес. Әртүрлі бейіндегі, неврологтерден бастап гастроэнтерологтерге дейінгі мамандардың бірлескен жұмысы науқастың жағдайын дәлірек диагностикалап, дер кезінде түзетуге мүмкіндік береді.

Инсультке қатысты қауіпті факторлардың бірі – артериялық қысымның бақылаудан шығуы. Жастар арасында кездесетін ауыр геморрагиялық инсульт­тің көбі осы себеппен байланыс­ты. «Қан қысымын біліп жүру, оны бақылауда ұстау – жай ұсыныс емес, өмір мен өлім арасындағы қажеттілік. Тек ауру­дың алдын алу ғана емес, жедел әрекет ету де аса маңызды. Мультидисциплинарлық тәсіл – өмірді сақтап қалудың кілті: жедел жәрдемнен бастап реа­ниматологке дейінгі мамандар командасы науқас ауруханаға түскен сәттен бастап іске кіріседі. Цифрлық технологиялар бұл әрекеттерді алдын ала үйлесті­ріп, терапияны бастау уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. Әрбір минут шешуші рөл атқарады. Сондықтан кенеттен пайда болған қатты бас ауруы, тілдің күрмелуі, көздің нашарлауы, дененің бір бөлігінің жансыздануы, яки әлсіздігі, жүр­генде аяқтың шатқаяқтауы, мінез-құлықтың өзгеруі сияқты белгілерді елемеуге болмайды», деді А.Жұбашев.

Тағы бір маңызды мәселе – кейде мамандарды шатастыратын псевдоинсульт, инсультке ұқсас жағдай, бірақ бұл ахуал басқа себептерден – интоксикация, қанттың көтерілуі, мигрень, психикалық бұзылулардан пайда болады. Мұндайда дәрігердің адаспауы аса маңызды, өйткені оның ем-домы мүлде басқа, егер сіз оны қате бастасаңыз, миға ауыр зақым келтіруіңіз мүмкін.

– Дене мен ми қызметі арасында байланыс бар екені дау­сыз. Қант диабеті, семіздік, бауыр мен бүйрек аурулары сияқты созылмалы дерттер ког­нитивтік қабілеттерге – есте сақтау қабілетіне, зейінге, ой жинақтауға тікелей әсер етеді. COVID-19 пандемиясынан кейін мұндай белгілер өрши түсті: нау­қастар ақыл-есінің нашар­лап, ұмытшақтық, «мидың тұман­дауына» жиі шағымданды. Бұл жүйке жүйесін зақымдайтын қабыну өзгерістерінен туындайтын ахуал. Ми өз ресурстарын дене арқылы алады: оттегі, глюкоза, дәрумендер, ақуыздар – бәрі де ағзадан жеткізіледі. Сондық­тан емдеуге әртүрлі бағыттағы дәрігерлердің қатысуы маңызды. Бұл негізгі аурумен күресуге ғана емес, сонымен қатар мидың саулығын сақтауға мүмкіндік береді. Когнитивтік бұзылысқа келсек, когниция – миды қажетті қоректік заттармен қамтамасыз етумен тікелей байланысты, өте нәзік сала. Когнитивтік функциялар зат алмасудағы өзге­рістерге өте сезімтал: көмірсу, май қышқылдары, дәрумендер, ферменттер, аминқышқылдар, басқа да заттардың алмасуы бұзылса, ми бірден жауап береді. Қабыну үдерістері де когнитив­тік функцияларға айтарлықтай әсер етеді. Қарапайым тілмен айтқанда, ми – ағзадағы кез келген өзгеріске жылдам жауап қай­таратын құрылым, күрделі механизм. Мидың тұмандануын асқындырмай анықтау уақтылы түзетуді бастауға мүмкіндік береді. Бұл өте маңызды, өйткені бізді Homo sapiens ететін де – осы қабілет, – деді Смағұл Қайшы­баев атындағы неврология және нейрооңалту институтының директоры Гүлназ Қайшыбаева.

Денсаулық сақтау министр­лі­гінің бас неврологі Сәуле Тұрыспекованың айтуынша, инсульт – артериялық гипертония, атеросклероз, қант диабеті сияқты басқа бұзылыстың салдары. Сырқаттылықтың алғашқы симптомдары – емделуге әрекет етуге берілген белгі. «Сондықтан дер кезінде дәрігерге қаралу – алғашқы сағаттарда тромболизис жүргізіп, мүгедектік қаупін едәуір төмендетуге мүмкіндік береді. Мидың саулығы кешенді қадамдарды: көп қимылдауды, дұрыс тамақтануды, көңіл-күйді бірқалыпты ұстауды талап етеді. Ми да бұлшық ет секілді, оны да жаттықтырып отыру керек. Жаңа нәрсені үйрену, таным көкжиегін кеңейтіп, бір әуес іспен айналысу, интеллектуалдық тапсырма­лар – миды ұзақ жыл бойы бел­сенді әрі төзімді күйде сақтауға кө­мектеседі» дейді С.Тұрысбекова.

Өт қышқылдары, дәлірек айт­қанда, олардың тепе-тең­ді­­гі­нің бұзылуы ми жұмы­­сы­н­а айтарлықтай әсер етеді. Мыса­лы, Паркинсон ауруының даму қаупін арттырады. Пар­кин­сон белгілері урсодезоксихол қышқы­лын қабылдаған кезде азайып, емдеу нәтижесі жақсарады. Таңғы уа­қытта қан қысымының күрт көтерілуі инфаркт, инсульт, демен­ция­ның даму қаупін арттырады. Сол себепті қан қысымын түсіретін дәрілерді үнемі қабылдау керек, бұл ағзаны қайғылы жағдайлар мен ақыл-естен айырылудан қор­ғайды. Ақпаратты есте сақ­тау мен қайта еске түсіру қабі­ле­тіне мидағы ацетилхолин деп аталатын зат жауапты, қарт адам­дар­дағы алжу белгілері мен мінез-құ­лық­­тарының өзгеруіне ацетилхолин жетіспеушілігі себеп болады.

 

АЛМАТЫ