Ғылым – ұлттың интеллектуалдық капиталы мен технологиялық тәуелсіздігінің өзегі. XXI ғасырдағы бәсекелестік ғылым мен өндіріс арасындағы байланыстың беріктігіне тікелей тәуелді. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан ғылымының нақты экономикалық сұранысқа жауап беретін кезеңге қадам басқаны қуантады. Бұл үрдіске айқын мысал ретінде 2025 жылғы әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған Металлургия және кен байыту институты ғалымдарының «Кондициялық емес түсті металлургия шикізатынан жоғары сапалы селен алудың экологиялық қауіпсіз вакуум-термиялық технологиясын әзірлеу және оның өнеркәсіптік өндірісін ұйымдастыру» атты ғылыми жобасын атауға болады.
Аталған жоба – ел ғылымының маңызды жетістігі. Себебі ол теориялық ізденістерден бастап нақты өндірістік іске асыруға дейінгі барлық кезеңді толық қамтыған. Көп жылдық зерттеу, сансыз тәжірибе мен технологиялық сынақтар нәтижесінде қалыптасқан бұл әдіс отандық түсті металлургия саласында жаңа бағыттың негізін қалады.
Кондициялық емес шикізат деп – құрамында пайдалы элементтер болғанымен, экономикалық жағынан тиімсіз немесе өңдеуге келмейді деп саналып келген қалдықтар аталады. Осы уақытқа дейін мұндай қалдықтар өндіріс шеңберінен тыс қалып, табиғатты ластап келген еді. Жобаның бірегейлігі – дәл осы шикізатты экологиялық қауіпсіз жолмен өңдей отырып, одан жоғары сапалы селен алу технологиясын ұсынуында.
Бұл – ғылым мен өндіріс шебінде жүрген ғалымдардың ұзақ жылдық еңбегінің жемісі. Жобада ұсынылған вакуум-термиялық әдіс селенидтермен жұмыс істеудің тың бағытын ашты. Әдістің артықшылықтары – өнімнің тазалығы, өндіріс үдерісінің экологиялық қауіпсіздігі және ресурстық тиімділігі. Мұндай технологиялар бүгінде санаулы ғана елдердің қолында бар. Қазақстанның бұл тізімге енуі – үлкен жетістік.
Жобаның практикалық нәтижесі де көңіл қуантады. Бүгінде бұл технология өндірістік деңгейде сынақтан өтіп, нақты өндіріске енгізілген. Арнайы техникалық стандарт – СТ 070740005957-АО-01-2021 – бекітіліп, селен өндіру үдерісі жүйелендірілді. Өндіріс орны алғашқы жылының өзінде 301 миллион теңге көлемінде таза табыс әкелгені – бұл жобаның экономикалық әлеуетін нақты дәлелдейді.
Селен – қазіргі заманғы электроника, энергия сақтау, оптикалық құрылғылар, шыны өндірісі, медицина, фармацевтика сияқты салаларда кеңінен қолданылатын стратегиялық маңызы бар элемент. Әлемдік сұраныстың артып келе жатқанына қарамастан, селен өндіретін елдер саусақпен санарлық. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанда экологиялық және технологиялық жағынан қауіпсіз селен өндіру технологиясының жасалуы – ғылым мен өндірістің озық интеграциясының жемісі.
Жобаның экономикалық, экологиялық және технологиялық маңыздылығын ескере отырып, оның тек ғылыми жаңалық қана емес, сонымен қатар өндірістік шешім мен нарықтық табыстың үйлесімді үлгісі екенін көреміз. Бұл жобаны нақты табыспен жүзеге асырған ғалымдар – еліміздің ғылыми әлеуетін арттырып, өндірістік даму үрдісіне серпін берген нағыз ізденімпаз мамандар.
Осы орайда Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің:
«Ғылым – тек зертханадағы зерттеу емес, ол – экономиканы алға сүйрейтін, технологиялық дамуға жол ашатын күш» деген сөзі осы жобаның аясында нақты шындыққа айналып отыр.
Бұл ғылыми еңбек – сондай-ақ тәжірибе алаңы. Яғни отандық инженерлер мен жас ғалымдар үшін үлгі боларлық нақты іс. Жоба барысында жиналған ғылыми-өндірістік база, есептер, техникалық шешімдер мен нормативтік құжаттар – кез келген техникалық ЖОО-да оқытылатын әдістемелік материал ретінде де құнды.
Жобаның жетекшісі, техника ғылымдарының докторы Бақдәулет Кенжалиев, авторлар тобы – В.Н.Володин, Е.А.Оспанов, С.А.Требухов, А.А.Шахалов – өз саласында ұзақ жыл бойы еңбек етіп келе жатқан білікті мамандар, тәжірибелі инженер-зерттеушілер. Олар еліміздің ғылыми-инженерлік мектебінің үздік дәстүрін жалғастырып, оны заманауи талаптармен ұштастырып келеді.
Осыған орай, бұл авторлар ұжымы мен олардың ғылыми еңбегі 2025 жылғы әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлыққа толықтай лайық деп сеніммен айтуға болады.
Мақсат ҚАЛИМОЛДАЕВ,
Ұлттық ғылым академиясының академигі,
физика-математика ғылымдарының докторы, профессор