Мұхиттың арғы жағынан қазақ қауымын елең еткізер жақсы хабар келді. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті қазақ ақыны Нұрлан Оразалиннің «Көкжал дәуір» атты таңдамалы жыр кітабы Америка Құрама Штаттарында ағылшын тілінде жарық көріпті. Қуанышты хабарды жеткізген – Қазақ Пен-клубының президенті Бигелді Ғабдуллин.
Әу баста классик жазушы, Еңбек ері Әбдіжәміл Нұрпейісов негізін қалаған осы ұйымның тізгінін Бигелді мырза ұстағаннан бері біраз игі істер атқарылды. «Біз қазақпыз» атты жобаның аясында Америка Құрама Штаттарында еліміздің классик жазушыларының үздік шығармаларының алдыңғы легі ағылшын тіліне аударылып, жарық көре бастады. Алғашқылардың бірі – қазақ өлеңінің дарабозы Мұқағали Мақатаевтың таңдамалы жырлары. Екіншісі – сөз саңлағы, қазақ балалар әдебиетінің көшбасшысы Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» повесі болды. Мұхит асып, Батыс әлеміне жол тартқан әлгі шығармалардың екеуін де АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы «Metropolitan Classics» компаниясы жарыққа шығарып, тұсауы да сонда кесілді. Туындыларға арнаған аңдатпасында баспагер компания еліміздің қанатты әдеби туындыларының томағасын сыпырып, ағылшын тілді әлемге ұшыру идеясын алғаш Лондонда ту етіп көтерген де, сосын ол идеяны жүзеге асыру үшін аянбай тер төккен Халықаралық Пен-клубтың Қазақстан тармағының президенті Бигелді Ғабдуллин екенін атай отырып, оған дән ризашылық білдірген болатын.
2018 жылы қазақ Пен-клубы ұйымдастырған бірінші форум өз жұмысын «Құбылмалы әлемдегі заманауи әдебиеттің рөлі» деген тақырыпқа арнады. Оған қазақстандық жазушылармен қатар әлемнің 16 елінен қаламгерлер қатысты. 2019 жылы өткізілген екінші форумға 18 мемлекеттен 81 жазушы атсалысты. Қазақ Пен-клубының 2022 жылғы үшінші форумы «Жастар сөйлесін! Жастар туралы сөз» деген атпен нәтижелі өтті.
Беделді ұйымның «Біз қазақпыз» жобасы одан бері де сәтті жалғасын тауып келеді. Мәселен, Англияның «The Russell Press Ltd» сынды айтулы баспасынан Мұхтар Әуезовтің «Қаралы сұлу», «Көксерек», «Қараш-қараш», «Қорғансыздың күні» сынды ұлы туындылары мен «Қилы заман» повесі топтастырылған «Beauty in mourning» («Қаралы сұлу») атты жинағы 2013 жылы іргелі халықаралық «Amazon» интернет-дүкені арқылы бірден сатылымға шықты. Оралхан Бөкеевтің «Кісікиік» әңгімелер жинағы да «Man-deer and other stories» деген атаумен 2018 жылы Лондонда жарық көрді. Қазақ Пен-клубы Олжас Сүлейменовтің «Код слова», Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры», Герольд Бельгердің «Таңдамалы», Смағұл Елубайдың «Ақбоз үй» кітаптарын да ағылшын тілінде жариялауға бастамашы болды.
Енді, міне, 2025 жылдың маусым айында АҚШ-тан жақсы хабар жетіп отыр. Бигелді Ғабдуллин мен белгілі жазушы Данияр Сүгірәлинов бірлесіп осы елде ашқан «Audarma» баспасынан Нұрлан Оразалиннің «The wolf epoch» («Көкжал дәуір») атты өлеңдер жинағы жарық көріпті. Көлемі 324 беттік туынды кәсіби диктордың дауысымен жазылған 5 сағат 48 минуттық аудиодискісімен бірге халықаралық «Аmazon» интернет-дүкеніне түскенін де айта кету керек. Біз осы ағылшын нұсқасымен танысып шықтық.
Жинаққа ақынның 2019 жылғы «Көкжал дәуір» – «Время волчица» жинағына енген «Сырнайлы шақ», «Жерік түндер», «Арғымақ ойлар», «Беймаза көңіл», «Жетінші құрлық», «Адамзатқа аманат», «Құралайдың салқыны», «Қайыңдар қураған жыл», «Түнгі дауыс», «Дүниенің жарылардай жарғағы», «Өзіме өзім жат болып барам», «Арасында аруақтар мен тірінің», «Жырға түс, жүректегі бар ыстығым», «Ғасырмен қоштасу», «Шырылдайды жүректе бір болашақ», «Үздігеді бір дауыс аспанымда», «Жаңа қазақ емеспін... ескі де емен», «Құбылаға жетім сөз қарады ұлып...», «Аспантаудан ауған күз», «Тәңірмен тілдесу» сынды жыр циклдерінің орысша нұсқасынан аударылған өлеңдер топтастырылыпты. Ақынның жырларын орыс тіліне кезінде О.Жанайдаров, В.Антонов, Н.Чернова, Л.Шашкова, Б.Жылқыбаев, А.Матвеев, С.Мнацаканян, Т.Василченко және Қ.Бақбергенов сынды тәжірибелі аудармашылар тәржімелесе, орысшадан ағылшын тіліне Alisha Owen есімді кәсіби деңгейі биік тәржімеші аударыпты.
АҚШ-та жарық көрген ағылшын тіліндегі нұсқасына жазған кіріспе сөзінде Бигелді Ғабдуллин: «Біздің таңдауымыз Нұрлан Оразалинге бекер түскен жоқ. Ол – бүгінгі Қазақстанның маңдайалды ақындарының бірі, ойшыл тұлға, қоғам және мемлекет қайраткері... Ақынның поэзиясы тек әдеби шығарма емес, сонымен қатар, өз халқының тарихи философиясы мен дәуірінің шежіресі. Оның жыр әлемі ұжымдық жадымызда ұялаған мақтаныш сезімімен де, қайғылы сәттерімізбен де, Отанымызға деген шексіз сүйіспеншілік пен халқымыздың басына түскен тарихи зауалдармен де терең тамырлы үндестік тауып жатады», – дейді.
«Көкжал дәуірді» ағылшын тіліне аударған Алиша Оуэннің (Alisha Owen) ақын поэзиясы туралы ағылшын тілінде жазған жүрекжарды пікірі де батыс оқырмандарын бейжай қалдырмасы анық. Ол: «Нұрлан Оразалиннің поэзиясын ағылшын тіліне аудару менің кәсібімдегі ең ұтымды сынақтардың бірі болды. Оның жырларынан қазақ тарихымен бітеқайнасқан жан дүниесінің ырғақтары мен шексіз даланың мәңгі тыныштығы сомдаған поэтикалық үнді сезіндім. Қазақ поэзиясы, әсіресе, Оразалин сияқты аузы дуалы, сөзі уәлі шебердің қолында тек мазмұн жеткізетін құрал емес, оның поэзиясы дәстүрлі ауыз әдебиеті мен көшпелі мәдениеттің терең тамырлары сақталған тілге тән интонация мен эмоциялық тазалықты паш етеді. Мен үшін ең түйткілді қиындықтың бірі ағылшын тілінде аналогы жоқ бейнелі жыр жолдарының тәржімесі болды. Өйткені Нұрлан Оразалиннің поэзиясында тәңірлік космология да, сондай-ақ далалық метафоралармен қатар «көк бөрі», «қара жорға» секілді таза қазақы рәміздер де, домбыраның үні де бар. Мен бұл бейнелі кейіпкерлерді сұйылтудың орнына қажет деп тапқан тұстарда контекст ұсынып, сақтап қалуға тырыстым», – деп жазыпты.
Кітаптың алғысөзі ретінде автор поэзиясын ерекше бағалаған Ғабит Мүсірепов, Сергей Михалков, Шыңғыс Айтматов, Олжас Сүлейменов, Тұманбай Молдағалиев, Фариза Оңғарсынова, Феликс Кузнецов, Роберт Минуллин, Тұрсынбек Кәкішев, Рымғали Нұрғали, Мұрат Әуезов, Надежда Чернова, Смағұл Елубаев, Бақытжан Қанапиянов сынды тұлғалардың қысқа да нұсқа пікірлерімен қатар академик Серік Қирабаевтың «Рух тәуелсіздігінің ақыны» деп аталатын терең мазмұнды эссесі ағылшынша ұсынылыпты. Марқұм Серік Смайылұлы ойын былай түйіндейді: «Нұрлан өлеңінің ішкі иірімі мен сыры мол. Ой мазалап, төбесінде жасын ойнап, сезімі діріл қаққан ақын кеудесінде шоқ жайнап тұрғанын көресің. Ол әлем шындығына бойлайды. Адам атаулыны бөлмей, жалпыға ортақ сезімді жырлайды. Нұрлан – адам рухының жыршысы. Ол рух тазалығын, беріктігін қалайды, соған үндейді».
Сөз соңына қарай, Нұрлан ақынның «Көкжал дәуір» жинағының ағылшын тіліне «Время волчица» деп аталатын орыс тіліндегі нұсқасынан аударылғанын ескере отырып, «қазақ тіліндегі ақын поэзиясының үні мен өзегі орыс тілінен ағылшын тіліне қаншалықты дәл жетті?» деген риторикалық сауалдың жауабын іздер болсақ, ол жауаптың, ең алдымен, есімдері әлемге әйгілі, алып қалам иелері Шыңғыс Айтматов пен Олжас Сүлейменовтің Нұрлан Оразалин поэзиясы туралы қағазға түсірген ой-толғамдарынан табылатыны ерекше сезімге бөлейді. Мысалы, «Ғарыш мінезді жырлар» атты 1997 жылы Бішкекте жарияанған мақаласында Шыңғыс Айтматов былай дейді: «Адамдардың танысуы оңай... Бірақ танысу оңай болғанымен, ой мен ойдың табысуы, пікір мен пікірдің тамырласуы, мақсат-мүдденің сабақтасуы, орайласуы қиын. Менің Нұрлан ініммен арадағы таныстығымның өрісі кеңейіп, мағыналы сипат алғанына, шығармашылық тұрғыда сәтті сабақтастық тапқанына қуанамын...
Нұрлан үшін «қараңғы түн де», «аруақтарға мекен болған көк аспан да», «кеудесін қысқан Дәуірдің қасіретті толғағы да», бәрі-бәрі «жүрегін жұлқыған Тәңір сөзіндей» елестейді. Ақын үшін оқшау ескі обалар кешегі «хундар мен сақтардан қалып қойған оқылмаған кітаптай» көрінеді... Құлаққа, ақынның өз тілімен айтқанда, «жұмақтың жайлы бір үніндей» естілетін мына ғажайып, сұлу әлемнің әрбір сәті Нұрлан жырының жаратылысын ашар образды ойлаудың көркемдік құралдары секілді».
Кезінде «Аз и Я» туындысымен дүниені дүр сілкіндірген айтулы ақын, айрықшы тілші-зерттеуші, дипломат Олжас Сүлейменовтің «Күнге арналған дұға секілді...» деп аталатын естелік мақаласы да Нұрлан Оразалиннің ғарыш мінезді жырларының «Время волчица» деген атаумен орыс тілінде жарық көрген нұсқасына берілген жоғары баға деуге лайық. Олжас Омарұлы былай дейді: «Әлі есімде, Мұхтар Әуезовтің Париж төріндегі жүзжылдық торқалы тойы тұсында ақын һәм драматург Нұрлан Оразалиннің сол жиынға қатысқан әлемге әйгілі қаламгерлермен салыстырғандағы құттықтау сөзінің басты айырмашылығы – Абай тілінде сөйлегендігі еді. UNESCO-ның мәжіліс залында өткен мерейтойлық шараға жиылған жұрт ақиық ақын әрі қоғам қайраткері – Нұрлан Оразалиннің шығармашылығына шынайы қызығушылық танытқаны есімде. Менің пайымдауымда, оның шығармашылығында тамаша ұлттық поэтикалық дәстүр мен Батыс, Шығыстың қуатты шайырлық мектебі бітеқайнасып, үндесе үйлесіп, қамшының тісіндей қатар өріліп отырады. Осынау ерекшелік қанатты ақын туындыларының аудармасында айқын көрініп, менмұндалап тұр. Ақын жырларындағы жанартаудай атқылаған ойлы образдар аясындағы бұрқ-сарқ қайнаған, қайраққа жанылған қуатты сөз аудармашысын одан бетер ынталандырып, ынтықтыра түскені байқалады».
Жоғарыдағы әдебиет алыптарының Нұрлан ақын туралы пікірі, ойы қазақ поэзиясы деңгейін, ізденісін, тұғырын айқындай түскендей. Поэзия алыбы, біртуар Мұқағали Мақатаевтың ұлт ақынына қойған талғам-талабы мен өлең сөздегі үміті еске түседі:
«Туады, туады әлі нағыз ақын,
Нағыз ақын бал мен у тамызатын.
Жесірдің айырылмас сырласы боп,
Жендеттің көзінен жас ағызатын.
Жыр сөздері жай болып атылғанда,
Атылғанда, аспаннан оқылғанда,
Мылқауларға тіл бітіп, керең естіп,
Жанар пайда болады соқырларға».
Өміршең поэзия үні де, лебі де, тұғыры да биік болғай!
Қазақтың қаймағы бұзылмаған аймағында туып-өсіп, орта білімді қазақ мектебінен алып, ағылшын тілін Алматы шет тілдері институтында меңгеріп, Америкада үш жыл, Ұлыбританияда екі жыл қызмет істеген кәсіби маман ретінде айтарым: ағылшын тілінде «The wolf epoch», яғни, «Көкжал дәуір» деген ұғымды білдіретін атаумен АҚШ-та жарияланған Нұрлан Оразалин жинағының аударма нұсқасының авторы – Алиша Оуэн ханым түпнұсқаның нәзік иірімін, ой астарын, мұраты мен мазмұнын ағылшынтілді оқырман сұранымына сай, дәйекті, тиянақты жеткізе білген.
«Көкжал дәуірдің» мұхит асқан дабысы, табысы – қазақ өлеңінің жаңа кеңістігі, белесті деңгейі екені күмәнсіз.
Әділ АХМЕТ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Төтенше және өкілетті елші,
филология ғылымдарының докторы, профессор