• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 09:39

Өрісті азамат

50 рет
көрсетілді

Жоңғар Алатауы жазы­ғындағы Жар­кентте аты мен заты ерекше Қоңыр­өлең деген жер бар. Талай мықтылардың кіндік қаны тамған.

Хандық дәуірдегі әйгілі Елтінді, Бағай батырлар, Қожбанбет шешен, отар­шылдық тұсындағы Әтікей батыр мен Мәкен болыс бір бөлек, бергі замандағы руханият саласынан суретші Әбілхан Қастеев, көрнек­ті қайраткер Қуаныш Сұлтанов, ха­лық жазушысы Бексұлтан Нұр­же­кеев, қайсар журналист Армиял Тасымбеков – осы өңір тумасы.

Кез келген азаматтың қалып­та­суына әсер ететін тұлға факторын ұмытуға болмайды. Абай уни­­верситетінің түлегінен про­рек­торы­на дейін еңбегімен өскен про­фессор, ­саясаттанушы Жанат­бек Есен­қожаұлы қайбір жылы Панфилов ауданының құрмет­ті азаматы атан­ғанда туған жер құрметі мен жа­уапкершілігін қатар сезінгенбіз.

Байырғы ҚазПИ ұстаздары мен түлектерінен осы азамат туралы сұ­рай қалсаңыз, «қарапайым ма­ман­дарға болсын деген ақкөңіл, іскер, білікті жан» деп жауап берері сөзсіз.

Кеңес кезеңінде еңбек тәрбие­сін бойына сіңіріп өскен Жанатбек Ішпекбаев жасынан қара жұмыс­пен шынығып өсті. Ол бұрын­ғы «Октябрьдің 40 жылдығы» ұжым­шарының төр­ағасы, екі мәрте Еңбек ері, сойы поляк Николай Головацкийді мектеп жасынан үлгі етіп жетілді. Әкесіне жәрдемдесе жүріп, механиканың тілін ерте меңгерді. Көпбалалы отбасында өскендіктен еті тірі азамат болып қалыптасты.

Кәмелет жасын ұжымшар жұ­мысынан бастап, әскери борышын да өтеп, ҚазПИ-дің филология факультетін оқуға түскенде әйгілі академик Серік Қирабаев пен танымал түрколог-профес­сор Немат Келімбетовтің сенім­ді шәкірті деңгейіне көтерілді. Аспирантурадан кейін қазақ әде­биеті кафедрасында оқытушы, ­1995–1997 жылдары «Шабдар» баспасы директорының орынбасары, 1997–2008 жылдары Абай университеті ректорының көмек­шісі қызметін атқарды. Еңбек ара­сында заңгерлік және экономика­лық жоғары оқу орнын да бітіріп алды. Бірте-бірте зерттеулерін саясат­тану ғылымына қарай бұрды. Бұл ретте белгілі Ассамблея қайраткері, ­ғалым Князь Мирзоев пен тарихшы әрі саясаттанушы Евгений Кузнецов­тің тәлімгерлік орны ерекше. Ол 2004 жылы «Тәуелсіз мемлекеттер достастығында саяси консенсусты қалыптастыру» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғап, саяси ғылымдар кандидаты атанды. Осы саладан 2009 доцент, 2011 жылы академиялық профес­сор атағын алды. Ұзақ жыл Абай университетінің тәрбие және әлеуметтік даму проректоры қыз­метін абыроймен атқарды.

Жанатбек Ешенқожаұлы бастамасымен хакім Абай мұраларын жастар арасында кең насихаттайтын «Абай мектебі» студенттік ұйымы ашылып, «Абай әлемі» дәстүрлі фестивалін ұйымдастырылды. Оқу үдерісіне «Ұлттық тәрбие» атты элективті курс енгізіліп, штаттық негізде Жастар ісі жөніндегі коми­теті құрылды.

Алматы қаласы мен шаһардың Медеу ауданын­дағы мәдени, рухани, ағартушылық шаралардың жуан ортасында Жанатбек мырза жүрді. «Аmanat» партиясы филиалы­ның жұмысын ол үйлестірген «Абай» ­бастауыш ұйымы салаландыра түсті. Университеттің «Бірлік» сту­дент­тік ассамблеясы қызметі рес­публи­ка­ға үлгі етілді.

2021–2023 жылдары жаңашыл ректор Дархан Біләловтің кеңес­шісі ретінде университеттегі дәс­түр сабақтастығына, тұрақты дамуға елеулі үлес қосты.

Ғалымның «Мәңгілік ел осылайша сомдалған» атты монография­­сы республикалық байқауда «үз­дік» ­деп танылып, Ұлттық және Прези­дент кітапханалары қорына алын­ды. «Мәңгі ел» тұжырымы көне түркі заманынан бері өміршеңдігін жой­ған емес. Ғалым әлем мойындаған еге­мен Қазақ­станның құрылу, қа­лыпта­су, даму кезеңдерін байыпты сараптан өткізіп, елдің, ұлттың әлеуметтік-эко­номикалық жағда­йын, әл-ауқа­тын көтерудің халықтық, идеялық, мәдени сарқылмас әлеуе­тіне тоқ­талады.

Жанатбек Ешенқожаұлының «Мәңгілік ел» қазағына хат» атты екінші монографиясында қазақ ұлтының қалыптасуынан бас­тап, осы күнге дейінгі адам факторы мәселесін зерделейді. Ұлт­тың өркениет жолындағы бел-белесі, Абайдың жалпыадамзат пен адам факторына қатысты тұжырымы байыпталады. Ақын өлеңдеріндегі ұлт, болмыс, қозғалыс, даму, еңбек, жауапкершілік т.б. құндылықтар тал­данады. Осы зерттеуі үшін Жанат­бек Есенқожаұлы 2022 жылы ­Шоқан Уәлиханов атындағы сый­лықтың ­лауреаты атанды.

Саяси ғылымдар кандидаты, про­фессор Жанат­бек Ішпекбаев – ­5 монографияның, 5 оқу-әдіс­теме­лік құрал мен 100-ден аса ғылы­ми мақа­ланың авторы. «Тәуелсіз мемлекеттер достас­ты­ғында саяси консенсусты қалыптастыру», «Поли­тический консенсус как общегосударственная ценность Содружества Независимых Государств», «Қазақ елі: саяси-әлеуметтік рухани жаң­ғыру тағылымы» атты еңбектері кең қолданысқа ие. Ғалым Қытай-Қазақстан білім-ғылым бағытына үлес қосып, Ханьшань педагоги­ка­лық университетінің құрмет­ті профессоры атанғанын да айта кеткен абзал. Ғалым 2020–2022 жылдары қазақ, орыс, ағылшын тілін­де «Жаңа қолданыстар сөздігін» даярлауға атсалысты. Мемлекеттік тілді дамытудағы еңбегі үшін 2024 жылы Ғылым және жоға­ры білім министрлігінің «Ахмет Байтұрсынұлы» төсбелгісімен марапатталды.

Қоғамдық, педагогикалық қыз­­меті үшін «Құрмет» орденін, Президенттің Алғысхаттарын, ме­рейтойлық медальдар мен «Білім беру ісінің үздігі», «Ыбы­рай Алтынсарин» т.б. салалық марапаттарды алған Жанатбек Ешенқожаұлы – бүгінде Абай уни­верситеті ректор аппаратының жетекшісі. Оқу орнының басшысы Болат Тілептің білікті кеңесшісі деңгейіндегі тұлға. ҚазҰПУ-дың бұрынғы-кейінгі тарихын, зиялылар дәстүрін білетін тәлімгер. Сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы мен Саясаттану және әлеуметтік-философиялық пәндер кафедрасының профессоры. Талапты докторанттар мен магистрлердің жетекшісі.

Сөз басында Жанатбек мыр­заның қарапайым еңбекке ықыла­сын айтқанбыз. Бүгінде ол «Таза Қазақстан» акциясын іс жүзінде де, рухани бағытта да жүзеге асырып келеді. Өзі бас болып университет маңайын, парктер мен гүлзарларды тазарту жұмыстарын, ағаш көшеттерін егуді, баптауды үйлестіріп отыр.

Жанатбек Ішпекбаев адал еңбек пен қоғам­дыққа жауапкершілікке ұл-қыздарын да баулыған. Жары Света екеуі абыз аналарын қолы­на алып, отбасы-әулет берекесін дәстүрге сай үйлестіргені де көп­шілікке өнеге.

Әдетте жұртшылық зиялы, оқы­­ған азамат деп бір­ыңғай білім-ғылымнан табысқа жеткен жандарды айтып жатады. Біздіңше, бұл сапаға отбасы мен қоғам жауап­кершілігін қосқан жөн. Бүгінде мерейлі белеске көтерілген Жанат­бек Есен­­қожаұлын өрі мен ылдиы тең азамат дей аламыз.

Жомарт Симтиков,

Абай атындағы ҚазҰПУ

кафедра меңгерушісі, профессор

 

АЛМАТЫ