Биыл өмірі мен қайраткерлігі айрықша Алаш тұлғасы, 33 жылдық ғұмырында ұлт мүддесі үшін аянбай еңбек еткен біртуар азамат Смағұл Садуақасұлының туғанына – 125 жыл. Осыған орай елордада бірлесіп өткізген ғылыми конференциямызға Президентіміз арнайы құттықтау жолдап, тұғырлы тұлға есімі мен мұрасы ешқашан ұмытылмайтынын айтқаны бәрімізді жігерлендірді.
Отандық кооперация қозғалысының басында тұрған экономист, ауыл шаруасы мен мәдениетін қатар дамытуды көтерген Смағұл Садуақасұлы мұрасы біздің «Ауыл» партиямыздың басымдықтарын тарихпен салыстыра сараптауға, ілгерілетуге ықпал етеді.
Қайраткердің қазақ елінің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін ой-тұжырымдары, әсіресе кооперацияға қатысты ұстанымы бүгін де көкейкесті. Сондықтан аграрлық сала мамандары С.Садуақасұлы көптомдығын қайта оқуы, тоқуы керек.
Кооперация – Смағұлдың аса жетік меңгерген саласы. Ол ауыл шаруашылығын дамыту мен ұжымдық еңбекті ұйымдастыруда кооперацияның маңызын терең түсініп, осы бағытта теориялық және практикалық тұрғыдан құнын жоймайтын еңбектер жазды. Кооперацияның қазақ ауылындағы маңызын, оны ұйымдастыру жолдарын және кооперативтердің шаруаларға тигізетін пайдасын жан-жақты талдады. Кооперацияны ауыл шаруашылығын ұжымдастырудың тиімді жолы ретінде қарастырды. Кооперация арқылы ұсақ шаруашылықтарды біріктіріп, өндірісті шоғырландыруға, еңбек өнімділігін арттыруға және ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға болатынын дәлелдеп, ауыл экономикасын жаңғыртудың, ауылды өркендетудің тиімді жолы деп білді. Ол кооперацияның мән-мағынасын түсіндіре келе, оның түрлері мен салаларын талдап, әлемдік тәжірибелерге сүйеніп, қазақ тұрмысына бейімделген үлгілерін ұсынды. Қайраткердің пайымынша, кооперация – тек экономикалық құрал емес, сонымен қатар әлеуметтік әділет пен ұлттық тұтастықты нығайтудың жолы. Қазақ шаруалары кооперация арқылы өзара ынтымақтасып, сыртқы саудагерлерге тәуелділіктен арылып, өз өнімдерін тиімді басқаруға қол жеткізе алады. Кооперация – ауылдағы ұсақ шаруашылықты біріктіріп, нарыққа бейімдеудің жолы ғана емес, өнеркәсіпке алып баратын баспалдақ. Қазақ қоғамы кооперативтік құрылым арқылы ұжымдық еңбекке үйреніп, өндіріс мәдениетін меңгереді. Бұл – өнеркәсіптік қоғамға өтудің табиғи жолы.
Смағұл кооперативтік қозғалыс арқылы шикізат пен өнімді өңдеу жүйесін құруды, жергілікті өндірісті дамытуды, техникалық білім мен маман даярлауды қолға алу қажет екенін айтты. Бұл ұстанымдар, шын мәнінде, сыртқы тәуелділіктен арылып, ішкі ресурстарды тиімді пайдаланудың жөні, ұлттық өнеркәсіптің, ұлттық экономиканың алғашқы іргетасын қалайтын қағидалар еді.
Қайраткер-ағартушы кооперативтің тиімділігін, еңбектің қажырмен емес, қолдаумен, біліммен, әдіспен, ресурспен ғана нәтиже беретінін: «Кедейдің еңбек етпейтін себебі: еңбегінің жанбайтынына көзі жетеді. Біреуден тұқым сұрап алу керек, біреуден ат сұрайды, біреуден ақша сұрайды. Олар өсімсіз бермейді. Ақырында еңбектеніп салған егін өнімінің көбін бергендерге өсімге төлейді. Сөйтіп, өмірінде шаруасы құралмайды. Ақырында шаруа: «Бір теңге тепкілесең де кетпейді, мың теңге қайтсе де бітпейді» дегенге түседі. Ол ой еріншектікке салындырады. Ұйқыға айналады. Сөйтіп, кедей еңбектен шығады», деп дәлелмен түсіндіреді.
Ал кооперативтердің дамымау себебін: «Қазақтардың бүгінгі бірігуінің кемшілігі: ыңғайлы, епті жігіттер елден көп пайда түсіріп алуда. Олар келеді де: «Біз кооперация ашамыз» дейді. Кооперацияның мүшелері төлейтін пай ақшаны сол жерге өз жанынан салады. Сөйтеді де ол көп нәрсе алады. Бірақ «Бірліктен» (ұйым аты – С.Е.) алған нәрсесін елге апарып, кооперацияға салудың орнына, саудагерше жұмсайды. Әрине, пайдасын бір өзі көреді», деп ашып көрсетеді. Жоғарыдағы екі жағдай, Смағұл Садуақасұлының еңбегінің жазылғанына ғасырға жуық уақыт өтсе де, қазақ ауылдарында әлі жалғасып келеді. Ащы да болса ақиқаты осы. Бүгінде де, қанша тырбанса да шаруасы шатқаяқтап, қарызға белшесінен батқан, сергелдеңге түскен шаруа көп. Бұдан бөлек, жалған тұтыну кооперативтерін құрып, егіншілік пен мал шаруашылығына деп ауыл шаруашылығын қолдайтын қаржы институттарынан қаражат алып, оны саудаға салып жүргендер де жоқ емес. Кезінде Смағұл Садуақасұлы: «Қазақ ішінде кооперацияны іргелі қызмет көріп, бұл жұмысқа белсеніп кірісіп жүрген кісі аз. Біздің бұл уақытқа дейін жасап келген кооперациямыз тиіп-кетті қылып істей салған ермек. Сондықтан кооперация қазақ ішінде жөнді болмай отыр», деп ой түйіндеген екен. Қайраткер-ғалымның осы айтқандарын оқып отырып, арада жүз жыл өтсе де, кооперация мәселесінде әлі де алға баса қоймағанымызды байқап, қамығасың... Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы жаппай жекешелендіру мен ауыл халқына «өз күніңді өзің көр» деген сипаттағы немқұрайлы ұстаным әлеуметтік және экономикалық қиындықтарға алып келді. Атап айтқанда, жердің бөлшектенуі мен ұсақ шаруашылықтарды басқарудағы қиындықтар туындады. Тиімсіз реформалардың нәтижесінде, бүгінде Қазақстан картасынан 1 500-ден аса ауыл жойылып кетті. Ауыл тұрғындарының, әсіресе ауыл жастарының қалаларға жаппай көшуі күшейіп тұр. Қазіргі уақытта ауылда халықтың 37 пайыздан азы ғана тұрады және бұл үрдіс жалғаса бермек. Ал 90-жылдардың басында ауыл халқы ел тұрғындарының 60 пайызынан астамын құраған еді.
Болар іс болды. Өкініштің құрсауында қамалып, қол қусырып отырмаққа уақыт жоқ. Шағын қосалқы шаруашылықтардың нарықтық жүйеде дамуына жағдай жасамайынша, ауыл шаруашылығы мен ауыл тірлігінің алға басуы – екіталай. Ал қазіргі әлемде бұл мәселені шешудің тәсілі – біреу ғана. Ол – кооперация құру. Осыдан шамамен он жылдай бұрын ауылдық кооперацияны жандандыруға әрекет жасалды. Бірақ тағы да сәтсіз аяқталды. Сондықтан да қазір құзырлы органдарға ауыл тұрғындарын сан мәрте сан соқтырған кооперативке сендіру қиын болып тұр. Бір нәрсе анық: ауыл шаруашылығы өндірісін ұлғайтпай, ауыл халқының ең өткір әлеуметтік проблемасы – жұмыссыздықты шешу мүмкін емес. Ал шағын шаруа қожалықтары мен жеке қосалқы шаруашылық кооперативтерге біріктірмей, өндіріс ұлғаймақ емес. Жалпы, Қазақстанның ауыл шаруашылығында ұсақ тауар өндірісі басым. Өкінішке қарай, бұл фактор дәл қазіргідей күйінде саланың жетістігі емес, кемшілігіне айналып тұр. Мемлекеттік көмек тетіктерінің көпшілігі ірі өндіріске қолдау көрсетеді, ал шағын шаруашылықтардың едәуір бөлігі арзандатылған несиелерге, субсидияларға және қаржылық емес қолдаудың басқа шараларына қол жеткізе алмайды. Оларды 5 мыңнан аспайтын шаруашылық алады. Ал Қазақстандағы шағын қожалықтар мен 1,6 млн-нан аса жеке қосалқы шаруашылықта 3,5 млн-ға жуық ауыл тұрғыны жұмыс істейді. Бұл – барлық экономикалық белсенді ауыл тұрғындарының 80%-дан астамы. Бірақ олардың табысы – аз. Жұмыссыздар санатына жататын олар елдегі жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің басым бөлігін өндіреді. Қазақстанның барлық сүтінің 80,7%-ы, етінің 58,2%-ға жуығы, картоп, көкөніс, жемістің 80%-ы, ал олардың жекелеген түрлері бойынша 90%-дан астамы – шағын шаруа қожалықтары мен жеке қосалқы шаруашылықтар үлесінде. Бірақ олар заңмен реттелмеген. Осыны ескере отырып, арнайы заң қабылдап, шаруашылықтар кооперациясы үшін жағдай жасау қажет. Мемлекет жеке кәсіпкерлікті, ауылдағы өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды өз жеке қосалқы шаруашылықтарында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге әрі одан тиісінше табыс алуға мүмкіндік беретін ауылдық кооперативтеріне (АСТК) біріктіруді ынталандыруы керек. Олар әлемдік тәжірибеге сәйкес жеке кәсіпкерлердің кооперативтері түрінде құрылуы мүмкін. Кооперация аясында инфрақұрылым құрылуға тиіс. Ауыл тұрғыны әр шенеуніктің артынан жүгіріп, құжат жинауға уақыт жібермей, тек өнімді өндірумен айналысқаны абзал. Қағазға қатысты істің барлығын кооператив арқылы жасауы керек. Кооператив өз қызметтері үшін ақы ала отырып заң қызметтерінің барлық түрін шешеді. Шаруаны «өнімді не істеймін?» деген мәңгілік бас ауруынан құтқарады. Өндірілген өнімді сату, шаруаларды тұқыммен, тыңайтқыштармен, техникамен, қосалқы бөлшектермен, жанар-жағармаймен, жемшөппен, т.б. көптеген шаруаға қажетті қызметпен қамтамасыз етеді. Фермерлерді өнім бағасы, жаңа сорттар, тұқымдар, технологиялар, субсидиялар, заңнамадағы өзгерістер туралы ақпараттандыру, шаруашылықты механикаландыру, мелиорация, өсімдіктерді қорғау, ветеринария, шағын шаруашылықтардың бүгіндегі басты бас ауруы банктерден тиімді пайызбен несие алу мәселесін шешу де – кооперативтердің міндеті. Ең бастысы, кооператив ауыл тұрғындарына малға күтім жасауды және егін, жеміс, көкөніс өсіруді үйретеді, біліктілігін арттыруға көмектеседі. Жоғарыда аталған барлық қызметті инфрақұрылым шаруаларға – үйге, алқапқа, фермаға жеткізеді. «Алқап-ферма-нарық» логистикалық тізбегі, яғни инфрақұрылымы жоқ ауыл тұрғындары қазір өз өнімдерін делдалдарға нарықтық бағадан 2-ден 10 есеге дейін төмен сатуға мәжбүр. Айта кетерлігі, кооперацияға кірген әр шаруа қожалығының мүлік-мүкәммалы толығымен өзінде болады. Фермерлер кооперацияға тек жоғарыда айтылған мәселелер бойынша ғана жүгінеді.
Бүгінде ауыл тұрғындарының көпшілігі «өзін-өзі жұмыспен қамтыған» саналады. Жалғыз табыс көзі – жеке қосалқы шаруашылық болғандықтан, олар зейнетақы, әлеуметтік және медициналық сақтандыру аударымдарын жүргізбейді. Ал ауыл кооперативіне кірген және жеке қосалқы шаруашылықтарда тауарлық ауыл шаруашылығы өнімін өндірген, оны кооператив арқылы өткізген және тиісті салықтар мен алымдарды төлеген кезде олар өнімді үй еңбегімен айналысатындар санатына кіреді. Осылайша ауылдардағы жұмыссыздық және жоғарыда айтылған мәселелер шешімін табар еді. Яғни ауыл тұрғындарының табысы үш-төрт есе артып, ауыл жаңа серпінмен дамиды. Бұл ретте сатылған ауыл шаруашылығы өнімі үшін жеке табыс салығын төлеу есебінен бюджет жылына шамамен 250-300 млрд теңгеге артады. Егер көрсетілген соманың жартысын тұрғыны осы салықты төлеген ауылдың бюджетіне аударсақ, ауылдарда жергілікті өзін-өзі басқару қағидаттарын енгізу үдерістерін жандандыруға, төртінші деңгейдегі ауылдық бюджетті толыққанды қалыптастыруға да мүмкіндік туады. Сондай-ақ кооперативтер елді мекендерді абаттандыруға, ауыл оқушыларына мектептен тыс білім беруді ұйымдастыруға көмек көрсете алады.
Бұл ұсыныстар 2006 жылы Парламент қарауына жолданған. Бірақ «ұсақ шаруаларды кооперация жолымен біріктіру» туралы ұсыныс «бұрынғы қолхоз-совхоз жүйесіне қайта оралу» деп қабылданып, қолдау таппаған. Ал қосалқы шаруашылықтар мәртебесін Ресей де, Беларусь пен Украина да 2000 жылдардың басында-ақ заңмен реттеп алған. Негізі кооперация – халықаралық тәжірибе. Ол әлемнің 175 елінде табысты жұмыс істейді және әлемде ауыл шаруашылығы өнімдерінің 80%-ын дәл осы жеке қосалқы шаруашылықтар өндіреді. Олардың ауыл шаруашылығы кооперацияның, кооперациямен үйлестірілген инновациялар арқылы табысты дамып отыр. Солтүстік Еуропа елдері кооперативтерге салықтық жеңілдіктер, субсидиялар, жеңілдетілген несиелер, ауылшаруашылық өнімдерінің экспортына монополиялық құқық беру, экспортты субсидиялау сияқты жақсы мемлекеттік қолдау көрсетеді. Дәл осы құрылымдар арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің 80%-ға жуығы сатылады және ауыл шаруашылығы үшін негізгі құралдардың 50%-дан астамы жеткізіледі. Мысалы, Швеция кооперативтеріне мүше 2,2 миллионнан аса адамның 1,5 миллионға жуығы – ауыл тұрғыны. Данияның ауыл шаруашылығында ішінде ауыл шаруашылығы техникасын несиелеу, жабдықтау, лизинг және қызмет көрсету, өнім өндіру, оны сатып алу, өңдеу және экспортты қоса алғанда өткізу бар 300-ге жуық кооператив жұмыс істейді. Мұның бәрі мемлекетке жан басына шаққандағы азық-түлік өндірісі бойынша әлемде бірінші орында болуға мүмкіндік берді. Израильдің ауыл шаруашылығында инновациялардың кеңінен қолданылатынын жақсы білеміз. Бұл елдің де аграрлық саласының жетістігін тек технологиялық инновациялар емес, кооперативтер қамтамасыз етіп отыр. Кооперация жүйесі дамыған елдердің ауыл шаруашылығын көтеру үшін 3 ерекшелікті – табиғи-климаттық жағдайларға жоғары тәуелділікті, өндірістің маусымдық сипатын және әлеуметтік фактордың әсер ету дәрежесін ерекше ескергенін де айта кеткен абзал. Бір сөзбен айтқанда, кооперация ұлттық экономиканың дамуы үшін маңызды. Ол ауыл шаруашылығында кәсіпкерлік қызметті жүргізудің әлемде кең таралған түрлерінің бірі болғандықтан, оған үлкен мән беріледі. Ауылдық кооперативтердің халықаралық одағына бүгінде әлемдегі 196 елдің 176-сы – мүше. Өкінішке қарай, одаққа мүше елдердің қатарында Қазақстан жоқ. Өйткені бізде кооперация жоқтың қасы.
Тек саяси қайраткер емес, ұлт тағдырына жанашыр экономика стратегі болған Смағұл Садуақасұлы «Кооперация һәм қазақ шаруасы» атты еңбегінде: «Қазақ кедейінің күнкөрісі – шаруа, ал оның тағдыры – кооперациямен тығыз байланысты. Кооперация – қазақ еңбекшісін қорғансыздықтан құтқаратын күш» деп жазған екен. Бұл ойдың бүгінде де өзекті екені жоғарыда келтірілген әлемдік кооперация мысалдарынан айқын көрінеді. Ауылда тұратын шағын шаруалар мен жеке кәсіпкерлердің өзара бірігіп, тұтыну, өндірістік немесе несие кооперативтері арқылы ортақ жұмыс жүргізуі – нарық талабынан туындап отырған қажеттілік. Елшіл тұлғаның кооперацияны «қазақты біріктіретін әлеуметтік-экономикалық құрал» деп бағалауы – ешқашан мәнін жоймайтын тарихи көзқарас.
Смағұлдың кооперация туралы ойлары ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамының экономикалық тәуелсіздігін қалыптастыруға бағытталса, бүгінде бұл идеялар ауыл шаруашылығын дамытуда, фермерлік қозғалысты қолдауда және жергілікті кәсіпті өркендетуде темірқазық идея деп санаймыз. Қайраткердің осы саладағы теориялық және практикалық ой-тұжырымдары қазір де салалық оқу орындарында оқытылса, маңызды жиындарда күн тәртібіне шығарылса, тек ұтар едік. Оның мұрасы – ауыл шаруашылығын дамытуда кооперацияның маңызын түсінуге әрі оны тиімді ұйымдастыруға бағытталған өміршең әдістемелік құрал. Ұлттық экономиканы нығайту және әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету жолындағы маңызды бағдар. Ауыл тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту бағытындағы саясатқа негіз. Осы қайраткердің кооперация мен өнеркәсіптің өзара байланысы жөніндегі ойлары бүгінгі нарықтық қатынастар жағдайында да ауадай қажет.
Қорыта келе айтарымыз, бүгінгі мемлекеттік қызметшілер, ауыл шаруашылығы мамандары ұлтымыздың біртуар тұлғасы Смағұл Садуақасұлы еңбектерін терең оқып, ой-тұжырымын, тәжірибелік кеңесін зерделеп, үйреніп, ел және шаруашылық басқару мен жұмыс барысында ескерсе, ұтар еді. Алаш арысы бір сөзінде: «Халықтың тілін білу керек. Білмейді екенсің, білуге тырысу керек. Ел ішінде істейтін жұмысыңды елдің тұрмысына жанастыру керек. Жанастыра алмайды екенсің, онда жанастыруға тырысу керек. Қандай әдемі пікір тұрмысқа жанаспаса, құрғақ сөз болып шығады», деп өз заманындағы және болашақтағы ел тізгінін ұстаған, шаруашылық саясатын жүргізетін азаматтарға нақты кеңесін беріпті. Яғни қайраткер-ғалымның ойы шаруашылықты, өндірісті сауатты жүргізгің келсе, елдің мінез-құлқын меңгер, тілін тап дегенге саяды.
Қазіргі қазақ ауылдарын «ортақ өгізден оңаша бұзау артық» психология мықтап меңдеп алғаны ойлантады. Мұны өзгертуге күш-жігер, қажыр-қайрат, тіпті идеологиялық қыруар жұмыс қажет. Қысқасы, ауыл тірлігін оңалтамын деген басшы, жергілікті әкім, шенеунік маңызды шешім, қажетті қарар қабылдарда халқымен кеңесіп, қызметін қалтқысыз атқарғаны абзал. Сонда ғана кооперация жұмысы жолға қойылып, кішігірім фермерліктер мен шағын қосалқы шаруашылықтар алға басып, ауыл тірлігі жанданбақ.
«Ауыл» партиясы ұстанатын басты бағыттың бірі – ауылдағы кооперациялық қозғалысты дамыту. Бұл – Смағұл Садуақасұлының ұстанымына, өсиетіне адалдық, ұлттық экономиканың өркендетудің жөн-жосығы. Сондықтан біздің партия С.Садуақасұлы мұрасын жоғары бағалап, оның идеяларын қазіргі заман талаптарына сай жүзеге асыруға ұмтыла береді.
24 жасында Қазақстан Жоспарлау комиссиясын, 25 жасында Халық ағарту министрлігін (комиссариат) басқарған жасын тағдырлы Смағұлдың ұлт даналығымен біте қайнасқан кооперация, ауыл шаруашылығы, өндіріс, мәдениет салаларын дамыту жөніндегі үздік ой-тұжырымы Әділетті Қазақстанның ақыл-ой қазынасының биігінде тұруға лайықты. Бұл қазына – ортақ игілігіміз.
Жоғарыдағы жағдай, Смағұл Садуақасұлының еңбегінің жазылғанына ғасырға жуық уақыт өтсе де, қазақ ауылдарында әлі жалғасып келеді. Ащы да болса ақиқаты осы. Бүгінде де, қанша тырбанса да шаруасы шатқаяқтап, қарызға белшесінен батқан, сергелдеңге түскен шаруа көп. Бұдан бөлек, жалған тұтыну кооперативтерін құрып, егіншілік пен мал шаруашылығына деп ауыл шаруашылығын қолдайтын қаржы институттарынан қаражат алып, оны саудаға салып жүргендер де жоқ емес.
Серік ЕГІЗБАЕВ,
«Ауыл» партиясының төрағасы,
Мәжіліс депутаты