17-20 шілде аралығында Мажарстан астанасында Поляк Имре мен Варга Яностың мемориалы өтеді. Рейтингтік турнирде еліміздің 12 еркін күрес шебері өнер көрсетеді.
Мажарстанға аттанатындардың тізімінде еліміздің ең үздік еркін күрес шеберлері – әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан мен әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері Азамат Дәулетбеков қана жоқ. Бапкерлер оларға демалыс беруді жөн көріпті. Ал қалған мықтыларымыз боз кілемге шығады. Олар – Серік Бақытханов, Абылайхан Әмзеев (57 кг), Дархан Есенғали, Әзиз Әуелханов Әділ Оспанов (61 кг), Начын Куулар, Шерхан Әбіл, Нұрсұлтан Садық (65 кг), Майс Әлиев, Бекбол Нұрланұлы, Егор Анчугин (70 кг), Нұрқожа Қайпанов, Юсуф Ашрапов, Әлібек Әбдіқасымов (74 кг), Болат Сақаев, Дәулет Ергеш, Нұрлан Бекжанов (79 кг), Куат Армия (86 кг), Арыстан Қарабек, Нұрдәулет Бекенов (92 кг), Бекзат Үркімбай (97 кг), Нұрсұлтан Азов, Саят Ерғали (125 кг).
Біріккен күрес әлемі (UWW) ұйымдастырып отырған жарыста әйелдер де бақ сынайды. Әлем чемпионатының үш дүркін финалисі, бір мәрте қола жүлдегері Жәмиля Бақбергенова 72 кг салмақта сайысқа түссе, Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Елмира Сыздықова 76 кг салмақ дәрежесінде белдеседі. Бұл бұрымдылардың екеуі де Азия чемпионатында сан мәрте атой салған. Мәселен, сары құрлықтың басты додасында Жәмиля 4 алтын, 1 күміс, 1 қола медаль алса, Елмира 2 алтын, 2 күміс, 4 қоланы олжалады. Олардан бөлек, Светлана Анкичева (50 кг), Зейнеп Баянова (53 кг), Нилуфар Раимова (57 кг), Тыныс Дүбек (62 кг), Ирина Казюлина (68 кг) жарыс көрігін қыздырады.