• RUB:
    6.64
  • USD:
    518.97
  • EUR:
    607.3
Басты сайтқа өту
Экономика 08 Шілде, 2025

Нарықтағы нақақтық ел қауіпсіздігіне төнген қатер

10 рет
көрсетілді

Отандық тауар өндірушілерінің жағдайын жақсарту мақсатында заң жобасы әзірленді. Алайда, осы пилоттық заң жобасында көрсетілген ұсыныстың басым бөлігіне Үкімет тарапынан теріс қорытынды берілген. Оның үстіне, отандық өндіруші мен сауда желілері арасындағы қатынастың заңнамалық тұрғыдан реттелмеуі жағдайды күрделендіріп, елдегі азық-түлік өндірісінің болашағына тікелей қауіп төндіріп отыр.

«Президент отандық өндірушілерді қолдау қажеттігін үнемі айтып жүр. Алайда уәкілетті мемлекеттік органдар бұл бағытта нақты әрі пәрменді шара қабылдағысы келмейді, әрі мәселенің мән-жайын терең түсінбейді. Егер қазіргі кездегідей импорттың үстемдігі жалғаса беретін болса, азық-түлік өндірісінің тұтас сегменттері жойылып кетуі мүмкін. Оның ішінде еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі тұрғысынан стратегиялық маңызы бар бағыттар да бар. Отандық өнім өндірушілер мен сауда желілері арасындағы қатынастарды мемлекет тарапынан реттеу қажеттігі бұрыннан туындаған. Мәселен, сауда желілерінің өндірушілерге қысым көрсету тетігіне айналған «ретробонус» деп аталатын төлемдер еліміздің заңнамасында тікелей тыйым салынғанына қарамастан, бұл тәжірибе әлі де жалғасуда. Сауда желілері оларды бүркемелеп – қосымша қызметтер, жарнама және өзге де атаулар арқылы өндірушілерге жүктейді. Бұл – өндірушілерге салынатын «қосымша салық» іспетті», деді Ақтөбе облысының сүт және сүт өнімдерін өндірушілер қауымдастығы басқарма төрағасының орынбасары, Өңірлік кәсіпкерлер палатасы жанындағы агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі салалық кеңестің төрағасы Сағынғазы Құрманалин.

Оның айтуынша, соңғы жылдары ел нарығына ресейлік және беларустік өндірушілердің өнімі белсенді еніп жатыр. Мысалы, Ресейде өз өндірушілеріне зауыттан сауда нүктесіне дейінгі тасымалдау шығындарының 100 пайызын мемлекет өтейді. Өкінішке орай, бізде мұндай мемлекеттік қолдау шарасы жоқ. Мұндай мәселелер өте көп. Сонымен қатар, біз бір экономикалық одақта болғандықтан, бұл жағдай әділетсіз бәсекелестікке әкеліп соғады, әрі оған «күмәнді тәсілдер» арқылы тауарларды жаппай әкелу жағдайы да қосылады. «Газельдермен», жүк көліктерімен тауарларды алып келеді, сатылым туралы жарнамалар жасайды, мұндай жағдайда салық төленбейтіндігі бесенеден белгілі. Жер үйде өндірістік салқындатқыштар қойылып, Кабардино-Балкариядан жүк көліктерімен сүт әкелініп, оны гаражда орап шығарылған деген мысалдар да бар. Мұндай кезде сапа мен қауіпсіздік туралы ешкім ойланбайды. Ал жергілікті өндірушілер тауарларының сапасы үнемі бақылауда. Олардың сапасы өзге елдерден келетін тауарлардан, мәселен, Беларусь елінің тауарларынан кем емес. Алайда, отандық өндірушілерге басымдық берілмей, тіпті әділ бәсекелестік жағдайы жасалмағандықтан, беларусь сүт өнімдерінің экспорттық көрсеткіші жыл ішінде 51 пайызға өскен.

Сағынғазы Құрманалин ұсынған мәліметтерге сәйкес, біздің елдің аумағында қазір «Белорусские продукты №1» сауда желісінің шамамен 130 дүкені және сауда нысандарында шамамен 120 сатылым нүктесі жұмыс істейді. Бұл деректер Беларусь өнімдерінің Қазақстан ішкі нарығында кеңінен таралуы мен тұрақты өкілділігін айғақтайды. Былтырғы жыл қорытындысына сәйкес, 2023 жылмен салыстырғанда, Беларусь мемлекетінен әкелінетін азық-түлік тауарларының жекелеген категорияларының айтарлықтай өскені тіркелді: мәселен, сүт импорты 51%-ға (3,3 тоннадан 5,0 мың тоннаға); ірімшік пен сүзбе - 30%-ға (11,2-ден 14,5 мың тоннаға); шұжық өнімдері - 2,6% -ға (10,4-тен 10,7 мың. тоннаға) артты. Импорттың осындай қарқынды өсуі шетелдік тауарлардың нарықтағы үлесінің едәуір артқанын және қазақстандық өнімдердің жергілікті сауда алаңдарындағы үлесінің айтарлықтай төмендегенін айғақтайды.

Заң жобасында бірнеше маңызды блок қамтылған, олардың бірі отандық азық-түлік өнімдеріне қатысты сауда сөрелеріндегі салауатты протекционизм мәселесіне арналған. Осы блокқа кірген ұсыныстар мемлекеттің бұл мәселені реттеп, сауда бөлшегінде отандық тауарларға басымдық беру жағдайларын қалыптастыруға бағытталған.

Екінші блок импорттық өнімдердің азық-түлік қауіпсіздігі мәселелеріне қатысты. Бұл ұсыныстар сапасы күмәнді импорттық өнімдермен күресуге бағытталған. Өйткені, импорттық өнімдер, қолданыстағы ережелерге сәйкес, тұрақты негізде тексерілмейді, бірақ жылына бір ғана тексеруден өтіп, айтарлықтай бақылаусыз әкелінуі мүмкін. «Сұр» импорт мәселесі де бар, өйткені, ең алдымен, көршілес елдерден келетін тауарлардың айтарлықтай бөлігі елімізге «сұр» схемалар арқылы кіреді. Және, әрине, кез келген санитарлық тексеруден өтеді, бұл тауарлардың сапасы тексерілмеген, сонымен қатар олар бойынша салық төленбейді.

Отандық өнімдерге арзан импортпен әділетсіз бәсекелестікке төтеп беру күннен күнге қиындай түсуде. Бір жағынан, ресми түрде нарыққа кірген өндірушілер нарықта орнығу мақсатында бағаны төмендетіп (демпинг жасап), сауда желілерінен тиімді жағдайлар алады. Екінші жағынан, бақылаусыз өткізілетін және шекарадан тексерусіз өтетін «күмәнді» импорт нарықты, базарларды және бөлшек сауда орындарын толтырып жатыр. Осыған байланысты отандық өндірушілер сапалы өнімін сату мүмкіндігінен айырыла отырып, ассортиментін қысқартып, өндіріс көлемін азайтуда, ал кейбір кәсіпорындар мүлдем жабылуға мәжбүр болды.

«Өндірісіміз толық көлемде жұмыс атқарып тұрған жоқ. Қалаған көлемде өнім шығара алмаймыз. Оның негізгі себептерінің бірі, отандық нарық сапасы күмәнді импорттық тауарлармен толыққан. Сырттан әкелінетін тауарлардың сапасы жапсырмасында көрсетілген сипаттамаға сәйкестігі бойынша қарапайым тексеруден өтпей, бір сеніммен қабылдана береді. Елге кіргізілетін импорт тауарлырының көлемі де нақты емес, сондықтан өз тауарларымызды сату үшін шетелге шығаруға мәжбүрміз. Ресей, Беларусь және басқа да елдер өз өндірушілерін барынша қорғайды, сондықтан елімізде де отандық өндірушілерді қорғау мақсатында ұқсас шараларды қабылдау қажет. Отандық өнімдер қол жеткізу аса қиын ҚХР импорттаушыларының сертификатымен нақтыланатын халықаралық сапасының бар болғанынан қарамастан, сапасыз импорттық өнімдер тарапынан қысым көріп отыр. Мемлекет экспортты емес, импорт өнімдеріне басымдық беретін болса, бұл тұйыққа тірейтін жол екендігін түсіну қажет. Ел Президенті қосымша құн салығы қосылатын өнімдердің үлесін көбейтуді тапсырды, ал біз азық-түлік өнімдерін алуда өзге елдерге кіріптар болсақ, тек шикізат жеткізіп беруші болып қаламыз», деді  «Молочные Истории-А» ЖШС директоры Асылгүл Ильясова.

«Біз сала өкілдері ұсынған патриоттық бастамаларды қолдаймыз. Олар ел экономикасын нығайтып, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселелерін қатаң бақылауда ұстаудың маңыздылығын үнемі атап өтеді. Менің ойымша, көтерілген мәселелер өз шешімін тапқанға дейін күн тәртібінен түспеуі керек», деді «AMANAT» партиясының Ақтөбе облыстық филиалы жанындағы экономика, кәсіпкерлік және агроөнеркәсіптік кешен мәселелері жөніндегі Кеңес төрағасы, Ақтөбе қалалық мәслихаты депутаты Амантай Үмбетай.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, нарықтағы барлық өндірушілер мен жеткізушілерге әділ жағдай жасау және отандық тауар өндірушілерді ішкі саудада қорғау мен арнайы реттеу шараларын қамтамасыз ету қажет. Себебі бұл шаралар бюджетке салықтар түсімін арттырумен қатар, елдің азық-түлік қауіпсіздігіне де тікелей әсер етеді.