Өңірлерге жасалған жұмыс сапары аясында Мәжіліс депутаты, Қазақстан Халық партиясы фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамов пен «AMANAT» партиясынан сайланған депутат Снежанна Имашева Астана қаласындағы арнайы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығына барды. Депутаттар балалардың өмір сүру жағдайларымен, тәрбиелік жұмыстардың ұйымдастырылуымен және қиын өмірлік жағдайға тап болған балаларға көрсетілетін әлеуметтік көмекпен танысты,деп жазады Egemen.kz.
Орталықта тәулік бойы жетімдер, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, қараусыз және үй-күйсіз жүрген және девиантты мінез-құлқы бар кәмелетке толмаған балалар тұрады. Олар арнайы білім беру ұйымдарына жіберіледі.
Қазіргі уақытта мекемеде 76 бала бар. Олардың ішінде 31 бала ресми мәртебеге ие. Соның ішінде бірі – жетім, ал 30 баланың ата-анасы ата-ана құқығынан айырылған немесе бостандығынан айырылған орындарда отыр.
Орталық директоры Индира Нұрмұхамбетованың айтуынша, мекеменің басты міндеті – балаларға қауіпсіз тұрмыстық жағдай жасау ғана емес, сонымен қатар моральдық және психологиялық қолдау көрсету. Әрбір баламен тәрбиешілер мен мамандар жеке түрде жұмыс істейді. Олар өмірлік қиындықтарды жеңуге және жеке әлеуетін ашуға көмектеседі.
Кездесуде балалардың орталыққа қайталай түсуінің алдын алу мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді.
Осы жылдың басынан бері орталыққа 689 кәмелетке толмаған бала түсті, олардың 27-сі – қайталап түскендер. Негізінен олар қараусыз және үй-күйсіз жүрген балалар.
Орталықтың жұмысымен танысқаннан кейін Магеррам Магеррамов ұжымның жоғары кәсібилігін атап өтті.
– Орталық қызметкерлерінің жұмысын бақылау өте жағымды әсер қалдырды. Бұл жұмыстың жоғары кәсіби деңгеймен қатар, шынайы жан жылуын талап ететінін түсіне отырып, мұнда қиын өмірлік жағдайға тап болған әрбір баланың тағдыры үшін жасалып жатқан істің ауқымы мен маңызын терең сезінесің, – деп атап өтті Мәжіліс депутаты.
Соңында депутаттар әрбір баланың жарқын болашағын қалыптастыру ісінде мемлекет, қоғам және меценаттардың одан әрі белсенді қатысуының маңыздылығын ерекше атап өтті.