Осыдан бірер ай бұрын ұн тартатын кәсіпорындардың жаппай жабылып жатқаны туралы ақпарат тараған. Бұрын Орталық Азия елдері ұнды бізден сатып алса, енді бидайды ғана сатып алып, ұн өңдеуді өздері жүзеге асырып жатыр. Салдарынан отандық ұн өңдеушілер үшін өткізу нарықтары тарылды. Осы ретте «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ұн тартушылардың қажеттілігін нарықтық бағамен қамтамасыз етпек.
Ауыл шаруашылығы министрлігі ішкі нарықтағы астыққа қатысты ахуалды тұрақты деп бағалапты. Олардың мәлімдеуінше, қолда бар көлем ұн тарту, мал және құс шаруашылығы сияқты негізгі салалардың сұранысын толық қамтамасыз етуге жеткілікті. Ал «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» түрлі кластағы бидайды сатуды жалғастырып жатыр және мүдделі сатып алушыларға астықты нарықтық бағамен ұсынуға дайын көрінеді.
«2025 жылғы 19 маусымдағы жағдай бойынша ішкі нарықта 3-класс бидайының орташа бағасы қосылған құн салығымен бірге тоннасына 100 000 теңгені, ал 4-класс бидайының бағасы тоннасына 95 000 теңгені құрады. Биыл көктемде елде бидайға сұраныс артты, бұл оның бағасының аздап өсуіне алып келді. 2024 жылғы қарашамен салыстырғанда, астықтың бағасы 25%-дан аспайтын деңгейде өсті. Алайда бағаның өсуі тұтынушылар тарапынан сатып алу белсенділігіне айтарлықтай әсер еткен жоқ», деп хабарлады корпорация.
Жыл басынан бері ұлттық оператор 483,6 мың тонна астық өткізген. Оның негізгі сатып алушылары – ұн тарту кәсіпорындары, қайта өңдеу зауыттары, мал және құс шаруашылығы субъектілері.
Айта кетерлігі, ішкі нарықта бидай бағасы 2023 жылдан бастап төмендей бастаған. Сол кезде астықты сату бағасы оның өндірістік өзіндік құнын жаппаған еді. Бұл жағдай аграршыларға елеулі қаржылық қиындықтар туғызды. 2024 жылғы күзде астықтың мол өнім беруі мен ұсыныстың артуына байланысты нарықта тағы да бағаның төмендеуі байқалды. 2025 жылдың көктемінде өңдеу кәсіпорындары мен трейдерлер тарапынан сұраныс жанданып, бидай бағасы біртіндеп өсе бастады.
Бүгінде «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» қорында 1,1 млн тонна астық бар. Оның ішінде 500 мың тонна көлемінде азық-түлікке арналған тұрақты қор және 200 мың тонна мал азығы сақтаулы.
2025 жылғы маусым айының басындағы дерек бойынша елімізде астық қоры тұрақты деңгейде сақталып отыр әрі ішкі нарықтың сұранысын толық қамтамасыз етеді. Статистика бюросының мәліметіне сәйкес, елімізде бидай қалдығы 7,37 млн тоннаны құрайды. Оның 2,7 млн тоннасы – өсімдік шаруашылығымен айналысатын заңды тұлғалардың иелігінде, 2,6 млн тоннасы – элеваторларда, 818 мың тоннасы – ұн тарту және жарма кәсіпорындарында, 167 мың тонна – көтерме саудагерлер мен басқа да иелердің қарамағында. Жылдық ішкі қажеттілік шамамен 6 млн тонна деп бағаланады. Демек, қазіргі қорлар негізгі тұтынушыларды үздіксіз қамтамасыз етуге жеткілікті.
«Бұл көрсеткіштер астық нарығының тұрақты екенін, ішкі сұранысты толық қамтамасыз етіп қана қоймай, белгіленген көлемде экспортты жалғастыру мүмкіндігін де көрсетеді. 2024 жылы елде рекордтық астық жиналды – өңдеуден кейінгі салмақта 25,2 млн тонна, оның ішінде 18,6 млн тоннасы – бидай. Бүкіл маркетингтік жыл бойы ұн тарту және мал шаруашылығы салалары үшін қолайлы баға сақталды. Сонымен қатар қазіргі уақытта «Азық-түлік корпорациясының» қоймаларында 1,2 млн тонна астық бар, оның ішінде 1,0 млн тоннасы азық-түлікке арналған. Қажет болған жағдайда ұн тарту кәсіпорындары «Азық-түлік корпорациясына» жүгіне алады», делінген министрлік мәлімдемесінде.