• RUB:
    6.61
  • USD:
    519.57
  • EUR:
    612.78
Басты сайтқа өту
Тарих Бүгін, 08:18

Бірлік пен серпіліс қажет

20 рет
көрсетілді

Біздің түркі тегіміз 5 000 жыл тарихы бар Еуразияны бағындырған алып империя болды. Егер Рим империясы IX ғасыр бойы соғыс жағдайында болса, ал Түркі империясы XIII ғасыр бойы бес қаруын асынып, ат үстінде Еуразияны дүр сілкіндірді. Қытай императоры Цинь Ши Хуанди (б.д.д 221- б.д.д 210 жылдар) Түркі тегі ғұндардан қорғану үшін Ұлы Қытай қорғанын тұрғызды.

Біз қазір кімбіз, кімді мойындата аламыз, неге шашырап кеттік, қайта өрлеу­ге мүмкіндігіміз бар ма, әлеуетіміз қан­дай? Ақиқатын айтқанда, түркі әлеміне серпіліс қажет.

Түркі адамы дегеніміз – теңіз түбінде уақытша жатқан бағасы жоқ маржан секілді. Бірақ ол теңіз бетіне шыққанда патшаның басына киетін тәжіне, отыратын тағына айналатын үлкен құндылыққа ие болатынын ескергеніміз жөн. Бүгінде біз, сол тарих теңізінің түбінде жатқан інжу - маржандарымызды көтеріп, түркі­тілдес халықтарының басын қосып, рухани құндылықтарымызды олардың дамуына серпіліс беру арқылы пайдалансақ, дамыған капиталистік елдермен бәсекеге түсе аламыз.

Түркі әлемі көп ұзамай дүние ­жү­зін­дегі ең биік дәрежеге, бағаға ие бо­луы мүмкін. Бірақ оған Түркі елдерінің басын қосатын бір интеграциялық идея керек. Барлық күшті Түркі әлемінің кіндігіне жинау керек, ол – Қазақстан жерінде. Себебі Нұх пайғамбардың ұлы Жапас тегіміздің тұңғышы 5000 жыл тарихы бар, Түркі есімді бабамыздың шыққан жері Алатау мен Қаратаудың тоғысқан жері – Түркібасы, Сайрам өңірі. Бұл дерек «Ұлы дала тарихы» кітабында жазылған («Абай» баспасы, 2024).

 Осы орайда түркі әлемін ХХІ ға­сыр­да қайта жаңғырту үшін мынандай жобалар, іс-шаралар ұсынамын. Бірін­шіден, түркітілдес алты мемлекет, тағы да басқа түркі­тілдес халық­тар бі­рі­­гіп «Түркі өркениетін жаңғыр­ту ту­­ра­лы стратегиялық 2050 жылға дейінгі империялық концепция және бағдарламалар» қабылдау қажет. Бұл мега­жобаның атын «Алға Түркілер – Ашина 2050» деп атау керек. Екіншіден, басымдылық ретінде арнайы «Түркі әлемінің рухани дамуына серпіліс беру» туралы (тарих, білім, ғылым, денсаулық, мәдениет, дін, тіл, т.б) нақты қаржымен қамтамасыз етілген интеграциялық біріккен бағдарлама қажет. Нәтижесінде, Түркі әлемінің 5 мың жылдық тарихын қайта жазып шығу және мәдени-тарихи мұра атласын жасау керек. Ғұннан бастап бүгінгі тарихымызға дейін тез арада «Түркі империясы» деген 5 мың жылдық тарихты қамтыған 30 сериялық тарихи деректі танымдық фильм түсіргеніміз жөн. Бұл туынды – бүкіл түркі халықтарын жаңа рухта тәрбиелеуде жаңа идеология болар еді. Үшіншіден, әлемдік деңгейде Түркістанда «ғұн дәуірінен қазірге дейінгі тарихи, мәдени, географиялық панорама-музей» жасау керек деп ойлаймын. Мұның екі түрі болса: бірі – жабық мекемеде, ал екіншісі – Ұлы Жібек жолы бойында «көне түркі өркениеті­нің ашық музей – мәдени қалашығы» ретін­де салынса қандай ғажап болар еді. Бұл музей қалашықта логистика­лық хаб, көне тарихи жәдігерлер, тарих­тан үзін­­ділер ретінде ескі қалалар ма­кеті (Суяб, Тәжмахал, Баласағұн, Оты­рар, Самарқанд, Тараз, т.б), Ботай мә­дениеті, пантеондар, кесенелер (Мөде, Томи­рис, Атилла, Бұмын, Иоллығтегін, Әл-Фараби, Шыңғысхан, Әмір-Темір, Құбылай, Бейбарыс, Ұлықбек, Сүлеймен Сұлтан, Ататүрік, т.б), монументтер, ірі тарихи шайқастар. Ұлы Жібек жолы, Ұлы көш карталары, т.б. бой көтерсе дей­мін. Бір жағынан, мұндай теңдесі жоқ музей- қалаға әлем халқы келіп тамашалар еді. Төртіншіден, түркі мем­лекеттерінің жылдық экономикалық өсімі 5-6%-ға өсе­тіндей бағдарлама жа­салғаны дұрыс. Жаңа технология, жасан­ды интеллект, роботтандыру, интер­нет ресурстарын тиімді пайдалану жобалары қажет. Сондай-ақ әр мемлекетте Ұлы Жібек жолын жандандыруға үлкен серпіліс беретін мегажобалары, рухани – логистикалық хабтар болу керек. Бесіншіден, ауыл шаруашылы­ғын дамытуға басымдық беру. Түркі әлемі өзінің үлкен жер байлығымен, азық-түлік өндіру мүмкіндігімен әлемнің бірнеше елін тамақтандыра алады. Түркі әлемі келешекте азық-түлік державасына айналуы мүмкін. Ол үшін әр елде «Түркілердің ХХІ ғасырда ауыл кластері» бағдарламасын жасап, іске асыру қажет. Алтыншыдан, түркі әле­мінің даму жолын саралау және алда­ғыны жос­парлау ғылыми орталығын құру керек. Жетіншіден, жоғарыда айтылғандардың бәріне бір нүкте қоятын, алтын сандықтың шегесін қағатын ол 6 мемлекеттің және тағы басқа автономиялы республикалар басшылары­ның осы мәселеге арналған «саммиті» болуы керек. Оған қоса Түркістанда бүкіл түркі әлемі халықтарының құрылта­йын өткізу қажет. Сонда бәріне ортақ «Ұлы түркі өркениетінің декларация­сы» қабылданып, оны іске асыратын барлық шешім және іс-шара болуға тиіс. Сегізіншіден, жаһандану құбылы­сын ешкім тоқтата алмайды. Тек бір-ақ жол – ол халықтардың бірігуі. Түпкі мақ­сат Еуроодақ (ЕО) сияқты бүкіл түркі ха­лықтарын, мемлекеттерін біріктіріп, «Түркі тегі» (ТТ) деген одақ құру. Осы ТТ одағы келешекте ЕО, НАТО, САО сияқты түркі әлемін қорғайтын күшті өз әскері, қарулы күштері бар ұйым болу керек. Сонда ғана дамыған алпауыт мемлекеттер бізбен санасатын болады.

Түркі тегі дегеніміз – Еуразиядағы түркітілдес елдері мен халықтарының бір­­лігін сақтап, олардың көнеден келе жат­­қан тарихы, мәдениеті, діни, этнос­тық құндылықтарын жандандырып, эко­­­номикасын үдемелі дамыту жүйесін жасау.

Алдағыны болжағанда, түркі әлемінің тарихтағы өзінің өркениеттілігі және қазіргі бар әлеуетімен әлем тарихында екінші рет алға суырылып шыға ала­тын мүмкіндігі бар. Бірақ түркі халық­тарының бірлігі мен алдағы уақытта 200 млн астам адам әлеуетін және жаңа технологияны қалай тиімді пайдалануға байланысты болмақ. Бұған қоса, түркі халықтарында ата тегінен үзілмей келе жатқан Еуразия халықтарын интеграция жасауға қабілеті бар екенін айтқанымыз жөн.

 

Оразалы СӘБДЕН,

Ұлттық құрылтай мүшесі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты