• RUB:
    6.6
  • USD:
    519.51
  • EUR:
    611.83
Басты сайтқа өту
Аймақтар 03 Шілде, 2025

Хамит Ерғалиев ауылына қауіпсіз өткел керек

110 рет
көрсетілді

Бүгін Мәжіліс депутаты, «Ақжол» демократиялық партиясы фракциясының мүшесі Серік Ерубаев Атырау облысына жұмыс сапары аясында Исатай ауданына қарасты Хамит Ерғалиев ауылы тұрғындарымен жүздесті. Кездесудегі ең өзекті мәселе «Атырау-Астрахань» автожолы бойындағы жаңадан салынған көпір туралы болды, деп жазады Egemen.kz.

Көпір ауыл ішін екіге бөліп, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне қауіп төндіріп отырғаны көтерілді. Тұрғындардың айтуынша, ауыл ортасынан өтетін күре жолда жаяу жүргіншілерге арналған қауіпсіз өткелдің болмауы –  жалпы халық үшін үлкен қатер төндіріп отыр.

Аталған мәселеге байланысты «ҚазАвтоЖол» АҚ Атырау облыстық филиалының өкілдері мен жол құрылысын жүзеге асырған «Todini» компаниясының мамандары да қатысып, халықтың талап-тілегін тыңдады.

«Todini» компаниясының ауылға туннель салып береміз деген уәдесін әлі күнге орындамағанына кездесу барысында тұрғындар наразылық білдірді.

«Жаяу жүргіншілерге арналған туннель немесе аспалы өткел салу, жол белгілері мен қауіпсіздік инфрақұрылымын орнату, сондай-ақ мердігер компаниялардың уәделерін нақты мерзімде орындауын қадағалау –  жергілікті ғана емес, республикалық деңгейдегі маңызды мәселе. Бұл бағытта нақты жұмыстар атқарылады. Қоғам тарапынан қойылған орынды талаптар назардан тыс қалмайды. Бүгінгі кездесуде айтылған ұсыныстар мен сын-ескертпелердің бәрі тиісті министрліктер мен мекемелерге жолданып, нақты бақылауға алынады», деді депутат Серік Ерубаев.

Мәжіліс депутат ауыл тұрғындарының белсенді азаматтық ұстанымына ризашылығын білдіріп, халықтың ұсыныс-шағымдары өз жұмысында ескерілетінін жеткізді.

С.Ерубаевтың келесі кездесуі Құрманғазы ауданында жалғасады.