Қазіргі геосаяси жағдайда елдегі транзиттік бағыттарды әртараптандыру шарасы аса маңызды болып отыр. Әсіресе Орта дәліздің өзектілігі күшейе түсті. Жақында Каспий теңізінің түбімен Қазақстан мен Әзербайжан арасында жоғары жылдамдықты интернет-кабель тарту жұмыстары басталды. Сонымен бірге, Транскаспий мұнай-газ құбырын салу мүмкіндігі де зерделеніп жатыр.
2024 жылдың қорытындысында Орта дәліз арқылы тасымал көлемі бұрнағы жылмен салыстырғанда 65%-ға артқан. Еуразияның дәл орта тұсына орналасқан елімізде 11 халықаралық транзиттік дәліз бар. Өткізу қабілетін арттыру мен жүк тасымалындағы жағдайды жақсарту мақсатында жалпы ұзындығы 1,3 мың км болатын 4 ірі теміржол жобасының құрылысы жалғасып жатыр. Олардың қатарында Достық – Мойынты, Алматы айналма желісі, Дарбаза – Мақтаарал, Бақты – Аягөз теміржол магистралдары бар. Бұл жобалар тауар тасымалдау мен логистикалық инфрақұрылымды жақсарту үшін стратегиялық маңызға ие.
Былтыр 12 мың км автожол жөндеуден өтсе, соның 7 мыңында жұмыс аяқталды. Қарағанды – Алматы, Талдықорған – Өскемен, Ақтөбе – Қандыағаш, Бұқтырма көпірі, Шамалғандағы жол айрығы мен Түркістан өңіріндегі тунель транзиттік қозғалыстың сапасын едәуір арттырды. Биыл жөндеу жұмыстары 13 мың км жолды қамтиды. Оның қатарында республикалық маңызы бар жолдардың 2 мың км-де қайта жаңғырту, облыс орталықтары арасындағы 6,6 мың және жергілікті жолдардың 4,2 мың км-і жөнделмек. Жыл соңына дейін 9 мың км жолда жұмыстар толық аяқталалы.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 10 мың км транзиттік автожолда орташа жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Жоба «Қазақстан Даму Банкі» арқылы қаржыландырылған. Жөндеу жұмыстары өңіраралық және ауданаралық байланыстарды жақсартады. Негізгі бағыттар – Қандыағаш – Шалқар, Жезқазған – Петропавл, Атырау – Доссор, Жаңаөзен – Кендірлі – Түрікменстан шекарасы, Қарағанды – Аягөз.
«Орташа жөндеу реконструкциямен салыстырғанда 7 есе арзан әрі 2 есе жылдам жүреді, сондықтан бұл әдіс транзиттік инфрақұрылымды тиімді дамытуға мүмкіндік береді. Мұндай шаралар республикалық жолдардың 94%-ын нормативтік талаптарға сәйкестендіруге жол ашады. Бұл өз кезегінде транзит ағынын тартуға, қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға және экономикалық тиімділікке оң әсер етеді», дейді Көлік министрлігі, Автожол комитеті төрағасының орынбасары Жамбыл Бақтияр.