«Талдықорған – Лепсі – Балқаш» автожолының ашылуына орай ұйымдастырылған баспасөз туры барысында журналистер қауымы бірқатар оң өзгерістің куәсі болды. БАҚ өкілдері Балқаш туризмінің дамуына соны серпін беретін, жаңғырған күре жолмен алғашқылардың қатарында жүріп өтті.
Алматыдан Талдықорған қаласына дейінгі автожолдың жайы белгілі, одан әрі қарай Лепсіні басып өтетін Балқаш көліне дейінгі ойдым-ойдым 330 шақырымдық ескі жол демалуға аттанғандардың кемі 4-5 сағатын алып, дайындықсыз шыққан көліктердің дөңгелегін жарып, жергілікті халықты да діңкелетіп келген еді. Біз соңғы шақырымдары салынып жатқан тақтайдай тегіс жолды жайлы, заманауи автобуспен екі сағатта жүріп өттік. Журналист ретінде ғана емес, өзімізді турист ретінде де сезіндірген баспасөз туры Лепсі ауылына бұрылатын қиылыста, жаңа автожолдың тұсаукесерінен басталды.
Отандық туристік нысандардың басты ондығына кіретін Балқаш көлінің басқа жағалаулардан айырмашылығы мен артықшылығы неде екенін өзіміз де біле бермейді екенбіз. Айталық, ұзындығы 605 шақырымдық, бірнеше облыспен шектесіп жатқан көлдің батыс жағы тұщы, шығыс бөлігі тұзды, ешқашан суы араласпайды. Ені 9 шақырымнан басталып, кей жерінде 74 шақырымға дейін барады. Екі жағалауындағы судың минералдық құрамында үлкен өзгешелік бар, тіпті қабыспайды, теңіз суындай ащы емес.
Лепсі жағынан айналасы шақырымдарға созылған мақпал құмға малынған Балқаштың басқалардан басты артықшылығы – мұнда шомылу маусымы ерте, маусым айынан басталып, қыркүйекке дейін жалғасады. Тағы бір айырмашылығы, тіпті артықшылығы – көлдің суы әудем жерге дейін өте тайыз, табаны жұмсақ, суы тұнық болғандықтан, кішкентай балалармен шомылу қауіпсіз. Қысқасы, қолдан жасап қойғандай қолайлы жағдай отбасымен демалатындарға таптырмайтын мекен.
Балқаштың ащы-тұщы бөлігі неге араласып кетпейді деген сауалды ғылыми тұрғыда былай түсіндіруге болады. Көлді ұзын Сарыесік түбегі бөліп жатыр. Ешқашан суы араласып көрмеген Балқаш туралы ертегіге бергісіз аңыз, әпсана көп. Соның бірі мынадай. Есте жоқ ерте замандарда осы өңірде Балқаш дейтін сиқыршы қызы Ілені бай- бағланның баласына ұзатуды көксеп жүргенде, сұлу Іле сіңірі шыққан кедей Қаратабанмен қашып кетеді. Ашу-ызаға булыққан сиқыршы екеуін де дуалап, ешқашан суы қосылмайтын көлге айналдырып жіберген деседі.
Әлемде көлемі жағынан он үшінші орында тұрған Балқаш көлі жағалауларында бұрыннан келе жатқан, жекеменшікке тиесілі 16 демалыс орны жұмыс істейді.
Геологтер мен геомарфологтер дәйектегендей, Іле, Қаратал, Лепсі, Ақсу сынды ірі өзендер құятын Балқаш көлінің 35 мың жылдық тарихы бар. Жылдың төрт мезгілінде айналасынан адам арылмайтын көлді қыста балық аулаушылар жетімсіретпейді. Ең бастысы, Жетісу облысының басшылығы алты жағалауды жекеменшікке де, инвесторға да бермейтінін, халықтың ортақ игілігі үшін ұстайтынын айтып отыр. Бос жағалауларға туристер өз бетінше барып, шатырын тігіп, қалағанынша демалып қайта алады.
Бұған дейін Жетісу халқына жоқшылық көрсетпеген Балқаш көлі неге үлкен табыс көзіне айналып, туризмі ілгерілей қоймады десек, жоғарыда атап өткендей, басты кедергі жолдың нашарлығы еді. Енді бұл түйін толығымен тарқатылды деуге болады. Екінші үлкен кедергі – осы уақытқа дейін көл айналасына, жағалауға инженерлік-коммуникациялық желілердің, жарық пен судың жеткілікті тартылмауы. Бір сөзбен айтқанда, Балқаштың суы жақсы болғанымен, қызмет көрсету жағы нашар, тіпті сын көтермейді.
Бұл күндері Балқаш көліне көлікпен баратын жол екі учаскеге бөлініп, жаңғырту жұмысы жүргізіліп жатыр. Нақтылай түссек, ұзындығы 27 шақырым «Лепсі – Балқаш көлі» жолы өткен жылы пайдалануға берілсе, «Алматы – Өскемен – Лепсі – Ақтоғай» автожолының 35–110 шақырымы бұған дейін жоспарланғанындай, асфальттың төменгі жабынымен көлік қозғалысы үшін енді ғана ашылды. Жол бойында бірнеше жерде санитарлық торап пен аялдама қарастырылған. Оған қоса, жыл соңына дейін Лепсі ауылында заманауи жаңа темір жол вокзалын салу жоспарланып жатқан жайы бар.
«Қазір 40 шақырым жолда асфальттың беткі қабатын төсеу қалды. Одан кейін абаттандырылады. Жол бойында 4 демалыс алаңы орнатылған, онда аялдама, санитарлық торап қарастырылған. Жол құрылысын жүргізген мердігер мекеме жол сапасына бес жылға дейін кепілдік береді. Қандай да бір ескертпелер, кемшіліктер шығып жатса, өз күшімен ретке келтіреді. Қазір жол құрылысына 65 техника, жүзден астам адам тартылған. Жолды толық пайдалануға беру 2026 жылға жоспарланған», дейді Жетісу облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ғалымжан Дәрібаев.
«Бүгінде су құбыры салынып бітті. Қазір бастоғанда су тазарту жұмысы жүріп жатыр. Осы демалыс маусымында су беруді жоспарлап отырмыз. Сол сияқты электр бағандары қойылып, қуаты 110/35/10 кВт 1 қосалқы станса орнатылды. Электр қуатын берудің екінші кезеңінде әрқайсысының қуаты 10/0,4 кВт болатын 28 трансформаторлық қосалқы станса қойылады. Оған қоса жағалау бойында ұзындығы 9,3 шақырым болатын автокөлік жолын салудың жер дайындау жұмысы жүргізіліп жатыр. Жалпы, Балқаш жағалауына инженерлік инфрақұрылым тарту жұмысы 2024 жылы басталған, 2026 жылы бітуге тиіс еді. Жұмыс кестесінен озып келе жатырмыз, мерзімінен бұрын бітіреміз деген ойдамыз», дейді Жетісу облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Айдос Бекетаев.
Оның айтуынша, кәріз құбырлары төселген, кәріз тазарту құрылғысына тапсырыс беріліп, зауытта дайындалып жатыр. Жағалауда демалыс орындары құрылысының бей-берекет жүргізілуінің алдын алу үшін «Балқаш» туристік-рекреациялық демалыс аймағының егжей-тегжей жоспарлау жобасы әзірленген. Әзірге әсем сурет күйінде, инвесторларын күтіп тұрған жобалар туралы облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Дәркен Нұржанов баяндап берді. Демалыс аймағының алаңы 1682,0 га болады. Барлық демалыс базаларының жобалық кезеңдегі бір реттік ең үлкен сыйымдылығы – 23 мың орын, нөмірлердің болжамды саны – 7100 бірлік. Нөмір қорының санын есепке ала отырып, көлікке арналған 7200 орындық тегін тұрақ жасақталады.
Қоғамдық жағажайлардың жайы туралы Сарқан ауданының әкімі Ғалымжан Маманбаев: «Инженерлік инфрақұрылымы жүргізілген аймаққа бизнес өкілдері тартылып, демалыс орындары бәсекелестік ортада дамиды. Бұл ретте ең алдымен халыққа ортақ қолданыстағы, тегін 6 қоғамдық жағажай жасалады. Мұнда медицина, полиция бекеттері, құтқарушылық қызмет, ана мен бала бөлмесі сияқты барлық қажеттіліктер қарастырылады. Қоғамдық жағажайды күтіп ұстау аудан әкімдігінің міндетіне кіреді. Жағажай қызметіне жауапты коммуналдық мекеме құру, техникалар сатып алу жұмыстарына кірісіп жатырмыз», деді.
Қазір кезде көл жағалауында шамамен 52 мыңдай адам демалса, жағалау қажетті инфрақұрылыммен қамтылып, даму жоспары іске асырылғаннан кейін мұнда маусымына 450 мыңнан астам турист келеді деген жақсы болжам бар. Осы уақытқа дейін демалыс орындары мен мәдени-тұрмыстық қызмет көрсету мекемелеріндегі қызметшілер саны туристердің болжамды санының шамамен 20%-ын құраса, шомылу маусымында жұмыспен қамтылғандардың саны 4,5 мың адамға жетпек.
Тегінде «Жер жәннаты – Жетісу» деген сөз бекерге айтылмаған. Жартасты тауларынан бастап, жанға шипа емдік көлдер, құла дүз шөлдер мен мәңгілік мұздықтар да осы өлкеде. Жоңғар Алатауынан құлаған өзендерден нәр алған Жетісу өңіріне баруға болатын жеті түрлі себеп бар: «Қаратал», «Текелі», «Керімағаш», «Жаркент-Арасан» жанға дәру шипажайларымен қоса, мұнда әркімге бір көру арман болған Айғайқұм, Жасылкөл, Бұрхан бұлақ пен «Кемел» сарқырамалары, Алтын емел көз тартады.
Тағылымды сапар туризмді насихаттап жүрген БАҚ өкілдері мен блогерлерді ғана емес, туристік компаниялардың өкілдерін де тоғыстырып, түрлі тәуекелге барудан шаршамайтын «Аквафон» тобының «Балқашқа жүр, Қарлығаш!» клипінің түсірілуімен аяқталды.