ОПЕК-тің болжамынша, маусым айында мұнайға деген әлемдік сұраныс жылдық мәнде тәулігіне 1,3 млн баррель деңгейінде сақталады. Бұл өткен айдың бағалауымен сәйкес келеді дейді AERC сарапшылары. Сұранысты күшейтіп отырған елдер – Қытай, Үндістан және Азияның өзге де мемлекеттері. Биылғы мұнайдың жаһандық жалпы сұранысы тәулігіне 105,1 млн баррельді құрайды екен.
2026 жылғы әлемдік сұраныстың өсім болжамы да 1,3 млн баррель деңгейінде сақталған. Осылайша, келер жылы мұнайдың жалпы әлемдік сұранысы тәулігіне 106,4 млн баррельге жетпек.
«2025–2026 жылдары мұнайға деген әлемдік сұраныс, негізінен, әуе тасымалына деген жоғары сұраныс есебінен күшейеді. Сондай-ақ автомобиль тасымалына деген сұраныс та тұрақты сақталып отыр. Әлемдік сұраныстың өсуіне Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына кірмейтін елдердегі мұнай-химия өнеркәсібінде жаңа қуаттардың пайда болуы айтарлықтай әсер етеді», делінеді AERC шолуында.
ОПЕК+ қатарына кірмейтін елдердегі мұнай өндірісін саралау да маңызды. Мұндай өсімнің негізгі драйверлері – АҚШ, Бразилия, Канада және Аргентина. 2026 жылы бұл елдердегі өндіріс көлемі тәулігіне 0,7 млн баррельге көбейеді деп болжанады. Сөйтіп, тұтыну тәулігіне 54,7 млн баррельге жетпек.
Бізде мамырда өндіріс тәулігіне 21 мың баррельге азайды. Соның өзінде ОПЕК+ квотасынан 470 мың баррельге асып тұр.
«ОПЕК есебіне сәйкес мамырда өндіріс сәуірмен салыстырғанда тәулігіне 21 мың баррельге азайып, тәулігіне 1,8 млн баррель болды. Еліміздегі мұнай өндірісінің көлемі кейінгі 4 айда тәулігіне 1,8 млн баррельге жуық деңгейде сақталып келе жатыр. Алайда қаңтар-сәуірдегі деректе мұнай экспортының құндық көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай азайған. Франция, Румыния, Қытай және Түркия Қазақстан мұнайының импортын арттырған. Іргелі тәуекелдер әлі де сақталып отыр. Себебі Иран мен Израиль арасындағы қақтығыстың одан әрі ушығуы Парсы шығанағы өңірінен мұнай жеткізудің бұзылуына алып келуі мүмкін», дейді сарапшылар.
Осы факторларды ескере келе, мамандар қысқамерзімді келешекте Brent маркалы мұнай бағасының қалыпты өсімі жалғасады деп болжайды. Қандай да бір геосаяси шоктар мен сыртқы қысымдар болмаған жағдайда мұнай бағасы барреліне 76 доллар маңайында тұрақтауы мүмкін.