• RUB:
    6.62
  • USD:
    519.64
  • EUR:
    609.23
Басты сайтқа өту
Digital Бүгін, 09:20

Құрылыстағы цифрландыру

30 рет
көрсетілді

Енді құрылыс барысын бақылауды дрон және жасанды интеллект жүйелері жүзеге асырмақ. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Жәннат Дүбірова мәлімдеді.

Елімізде геология және жер қой­науын пайдалану саласында цифрлық трансформация жалғасып жатыр.

– Жасанды интеллект көмегімен жыл соңына дейін геологиялық есептерді өңдеу және геологиялық зерделеу базасын қалыптастыру бойынша түрлі жобаларды іске асыру жоспарда бар. Жасанды интеллект сканерленген құжатты, есепті, кесте мен картаны таниды. Барлық мәлімет базаға жүктеліп, «Big Data» қалыптастырады. «Big Data» болашақта кен орындарын табу ықтималдылығын болжау мен бағалауға арналған деректерді өңдеуді автоматтандырады, – деді Жәннат Дүбірова Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Вице-министрдің айтуынша, бірыңғай платформада мемлекеттік қызметтен бөлек, есепті онлайн тапсыру функциясы да қолжетімді. Бүгінде геология және жер қойнауын пайдалану саласындағы 22 мемлекеттік қызмет цифрландырылған.

– Биыл жер қойнауын пайдаланушылар алғаш цифрлық форматта есеп тапсырды. Сонымен қатар қа­зір 3 449 келісімшарт пен лицензия, әкім­діктермен бірлесіп 2 024 келісімшарт пен лицензия цифрландырылды. Бұдан бө­лек, енді құрылыс барысын бақылауды дрон және жасанды интеллект жүйелері жүзеге асырмақ. Дрон белгіленген аумақты айналып ұшып шығады, ал жасанды интеллект ұшу нәтижесі бекітілген жобалау жоспарымен салыстырып тексереді. Егер сәйкессіздік анықталса, мәлімет мемлекеттік архитектура-құрылыс бақылау комитетіне жолданады. Құрылыс саласында жасанды интеллектіні қолдануға бағытталған қанатқақты жоба жыл соңына дейін іске қосылады, – деді Жәннат Дүбірова.

Сонымен қатар жыл соңына дейін елімізде коммуналдық қызмет бойын­ша бірыңғай төлем құжатын ауылдарда қолдану жоспарланып отыр. Бұл коммуналдық төлемдер бойынша ақпараттық теңгерімсіздікті жойып­, бірыңғай есеп жүргізу стандартын қа­лыптастыруға мүмкіндік береді.

Бұл бастамалардың барлығы – мемлекеттік басқарудың ашықты­ғын, тиімділігін және орнықтылығын арттыруға бағытталған жүйелі өзге­рістердің бір бөлігі. Цифрлық технологияларды енгізу арқылы салалар­дағы деректердің дәлдігі артып, ше­шім қабылдау үдерісі жедел болмақ. Соны­мен бірге инвестиция тарту, ин­новациялық орта қалыптас­тыру және азаматтардың өмір сапасын жақсарту сынды мақсаттарға қол жеткізуге жол ашылады. Демек жасанды интеллект пен цифрлық ше­шімдердің үйлесімі еліміздің индустриялық және құры­лыс салаларын жаңа даму деңгейіне көтермек.