Сырт көз – сыншы. Алғаш Алаш шаһарына келгенде көшенің шаңынан көз аша алмайтын едік. Облыс орталығының тазалығына жауаптыларды өңір басшысы да аямай сынға алды. Нәтижесінде, қазір тек Семей қаласы ғана емес, өңірдің де өңі кіре бастағаны сезіледі.
Мемлекет басшысы: «Қалалар мен ауылдардың сәулетті, саябақтар мен ауланың таза болуы, ең алдымен, басқаға емес, өзімізге керек», деген еді. Осыған орай, Абай облысының әкімі Берік Уәли өңір тұрғындарына бейне үндеу жасап, әрбір тұрғынды туған жердің тазалығына, көркеюіне бірге үлес қосуға шақырды.
«Абай облысы – ұлы тұлғаның атымен аталған, Алаш арыстарының ізі қалған тарихы терең, табиғаты көркем өңір. Бұл – біздің ортақ үйіміз. Оны таза, жайлы, көрікті етіп ұстау – әрқайсымыздың азаматтық борышымыз. Шын мәнінде, біздің өңір тоғыз жолдың торабында тұр. Ертістің екі жағасын жалғаған жалғыз көпірден екі алып көршімізге қарай көлік ағыны өтеді. Бұл тұрғыдан алғанда Семейіміз аймақтық көлік-логистикалық хабқа айналып келеді. Бұл бізге үлкен мүмкіндік бергенімен, зор жауапкершілік те жүктейді. Шаһарымыздың тазалығы мен өңіріміздің абыройы сыналатын да осы тұс. Аймақ экономикасы, өнері мен мәдениеті, экологиясы мен тазалығы – баршамызға ортақ. Тазалық дегеніміз – жылына бір рет сенбілікке қатысу емес, бұл – өңірде қалыптасуға тиіс үлкен мәдениет», деген еді облыс әкімі.
Үндеуге үн қосқан Абай жұртшылығы тазалыққа расында мықтап кірісті. Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының өкілі Бекболат Мұратовтың айтуынша, Абай облысында «Таза Қазақстан» акциясы қарқынды, жоспарға сай жүріп жатыр.
«Көктемгі екі айлық тазалық марафонына өңір тұрғындары белсене қатысып, абаттандыру жұмысы атқарылды. Акцияға 100 мыңнан астам адам атсалысып, қалалар мен ауыл-аудан көшелері тазартылып, абаттандырылып жатыр. Сонымен қатар полигондарға 20 мың тоннадан астам қалдық шығарылды, 500-ден астам су айдыны тазартылды, олардың жағалауына ондаған мың жаңа көшет отырғызылды. Тек «Семей орманы» резерватының өзінде ғана 1,5 га аумақта жастар мен корпоративтік еріктілердің қатысуымен көшет отырғызу акциясы өтті», дейді маман.
Тал егу күніне орай облыс аумағында 23 мыңнан астам көшет егілген. Ең өзекті мәселелердің бірі – қоқыс үйінділері. Ғарыштық мониторинг жұмыстарының нәтижесінде 266 қоқыс орны анықталып, облыс көлемінде ондай үйінділер толығымен жойылды.
Облыс әкімі Семей қаласындағы коммуналдық техникалардың жұмысын арнайы барып тексерді. Қаладағы тазалық жұмысын күшейту мақсатында мердігер компаниялармен бірлесіп 60-қа жуық жаңа техника сатып алу жоспарланып отыр. Бүгінде 10 жаңа техника іске қосылды. Бұл өз кезегінде 100-ге жуық жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
«Қала тазалығына байланысты тұрғындар тарапынан шағым аз айтылмайды. Сондықтан бұл бағыттағы жұмысты әрдайым назарда ұстап, табанды түрде жалғастыра береміз. Қала келбетін жақсарту, тазалықты сақтау күнделікті, жүйелі жұмысты қажет етеді», деді өңір басшысы.
Арнайы техникалар қыста қар күреп, көктем, күз айларында жолдарды жуып, тазалауға, көшелерді сыпыруға, құм себуге арналған. Жаңа техникалар қаланың орталық көшелерінен бастап, барлық шағын аудандар мен тұрғын үй кешендерін тазалауға жұмылдырылады.
Абай облысы