• RUB:
    6.62
  • USD:
    519.64
  • EUR:
    609.23
Басты сайтқа өту
Балалар Бүгін, 16:00

Жазғы демалыстағы ата-ана мен баланың қарым-қатынасы

40 рет
көрсетілді

Жазғы демалыс – балалар үшін жай ғана мектептен босайтын уақыт емес. Бұл – оқу мен бағалардан, әлеуметтік қысым мен эмоциялық ауыртпалықтан аз уақытқа болса да демалатын сәт. Мектеп кезінде балалар тек сабақ емес, спорт, музыка, достарымен қарым-қатынас, үй тапсырмалары сияқты сансыз міндеттерді арқалап жүреді. Ал бұл күйзеліске, мазасыздыққа, кейде тіпті ұзақмерзімді депрессияға дейін ұласып кетеді. Сондықтан жаз  бала үшін ғана емес, ата-ана үшін де үлкен мүмкіндік, деп жазады Egemen.kz.

Мичиган университетінің  балалар мен жасөспірімдер психиатриясы бөлімінің директоры, бала психиатры Насух Малас жаз уақытын қалай тиімді пайдалануға болатыны туралы зерттеуін жариялады. Ол осы уақытта баламен арадағы байланысты күшейту қажет екенін айтады. «Көп ата-ана жазғы демалысты тек бос уақыт деп қабылдайды. Ал шын мәнінде бұл – баланың психологиялық әл-ауқатын қалпына келтіріп, ішкі жан дүниесін түсінуге таптырмас кезең», дейді ол.

Оның айтуынша, жазда баладағы күйзеліс, мазасыздық, эмоционалдық шаршау уақытша басылады, ал ата-ана дәл осы тыныш сәтте баласының шынайы көңіл-күйін байқай алады. «Бала өз ойын ашық айтуға ұмтылғанда, біз оны тыймауымыз керек. Реніш білдірсе, тыңдаңыз. Ашуланса, сабыр қылыңыз. Очылайша сенімді қарым-қатынастың іргетасын қалайсыз», дейді Насух Малас.

Сондай-ақ, ол ата-аналардың эмоциялық жауапкершілігі туралы да жазады. «Баланы ұрысып, тыйып тастау оңай. Бірақ ата-ана ретінде ең қиыны – өз эмоцияңды бақылау. Баланың ашуын өзімізге қарсы шабуыл емес, оның ішкі күйзелісінің көрінісі ретінде қабылдауға үйренуіміз керек»,  дейді зерттеуші.

Профессордың пікірінше, бала өзін естігенін, түсінгенін сезінген кезде ғана ата-анамен ашық сөйлесуге дайын болады. «Сіз балаңызға бірдеңе үйреткіңіз келсе, алдымен өзіңіз соны жасаңыз. Жан тыныштығын, сезімді басқаруды, тыңдауды бәрін бала сізден үйренуі керек. Ата-ана болу оңай шаруа емес, әрдайым бәрі мінсіз болады деу де қате. Бірақ жазғы демалыс – өткен оқу жылын бірге саралап, балаңызбен арадағы байланысты жақсартуға, жаңа оқу жылына бірге дайындалуға берілген тамаша мүмкіндік. Осы кезеңді тиімді пайдалансаңыз, бала өзіне сенімді болып өседі, ортада өзін еркін ұстай алады және өмірден өз орнын табуға қадам жасайды. Ең бастысы оған сіздің қамқорлығыңыз бен жанашырлығыңыз қажет екенін ұмытпаңыз»,  дейді Н. Малас.