Кентау қаласында 2025 жылы жалпы құны 10,3 млрд теңгені құрайтын 16 жоба іске асырылады. Бұл жобалар нәтижесінде 492 адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп күтіледі. Атап айтқанда, өнеркәсіп саласында 4 ірі жоба жыл соңына дейін жұмысын бастайды. Бұл туралы Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.
Оның айтуынша, биыл ашылатын төрт ірі жобамыздың екеуі арнайы экономикалық аймақта, қалған екеуі индустриалды аймақта орналасқан.
«Атап айтар болсақ, «KentauRedStar»ЖШС-і – кірпіш өндірісімен айналысады. 2023 жылы құрылысы басталған нысанның жоба құны - 1,5 млрд теңге. Биыл мамыр айында іске қосылған зауытта 80 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Өндіріс орны жылына 45 млн дана кірпіш өндіруге қауқарлы. Бұдан бөлек, «TURAN SHENHUA» ЖШС-і газ қазандықтарын және тұрмыстық техникалаларды өндіруді қолға алмақ. 2025 жылдың қараша айында жұмысын бастайды деп жоспарланған өндіріс орнында 120 адамға жұмыс табылмақ. Жоба құны – 2,4 млрд теңге. Сондай-ақ, биыл аяқталуы тиіс жобалар қатарында металл бұйымдарын өндіруге бағытталған «АйдарСтройГрупп» ЖШС-і және «Сапар Құрылыс-С» ЖК металл өндірісі цехы бар», деді Жандос Тасов.
Айта кетейік, 2025 жылдың алғашқы 5 айында Кентау қаласының өңірлік өнімі 33,1 млрд теңгені құраған. Осы кезеңде негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 5,2 млрд теңге. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 23,6 млрд теңгеге жетіп, Кентау облыста 4-орынға жайғасқан. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің үлесі 20,1 млрд теңгені құраса, ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемі 2,1 млрд теңге болған.
Қалаға қарасты аймақтарда туризм саласы да дамып келеді. Жыл басынан бері өңірге келушілер саны 16,6%-ға артқан. Бұл көрсеткішті арттыра түсу үшін Хантағы ауылында 13 гектар аумақта 15 заманауи модульді капсулалармен жабдықталған «KHANTAU» демалыс аймағы салынып жатыр. 400 млн теңге көлемінде бағаланған бұл жоба жыл соңына дейін аяқталады. Сонымен қатар, «Қаратау» мемлекеттік табиғи қорығы аумағында визит-орталық салу көзделген. Жалпы аумағы 300 шаршы метр болатын нысан жылына 100 мың туристі қабылдауға қауқарлы.
Өңірдегі құрылыс саласы да қарқын алып келеді. 2025 жылдың шілдесінде 5 қабатты 60 пәтерлі әлеуметтік-несиелік тұрғын үйдің құрылысы аяқталады.
«Сондай-ақ, шаһардағы 288 көпқабатты тұрғын үй қазіргі таңда толықтай жаңартылған. Өңірдегі инфрақұрылым саласында да бірқатар жұмыстар атқарылуда. Жалпы бүгінгі таңдағы өңірдің газмен қамтылу көрсеткіші 85%-ға жеткен. Ал, Кентау қаласы мен оған қарасты ауылдар 100% ауыз сумен қамтылған. Сондай-ақ, қала көшелерінің жарықтандырылуы 98%-ды құраса, өңірдегі қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесі 87,7%-ға жетіп отыр», делінген хабарламада.