• RUB:
    6.62
  • USD:
    518.34
  • EUR:
    607.18
Басты сайтқа өту
Марапат Бүгін, 09:13

Журналистерге ілтипат та, сенім де жоғары

30 рет
көрсетілді

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында «Amanat» партия­сы журналистер арасында өткізілетін дәстүрлі республикалық «Amanat медиа сыйлығының» қорытындысын шығарды. Биыл 10 аталым бойынша 11 жеңімпаз анықталды. Жалпы, осы уақыт аралығында бұл марапатты отандық медиа саласының 150-ден аса өкілі иеленді.

«Amanat» партиясы журналистер арасындағы осы республикалық байқауды 16 жыл қатарынан өткізіп келеді. Осы жылдар аралығында аталған іс-шара еліміздің ақпарат саласындағы маңызды оқиғаға айналды. Мәжіліс спикері, «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов байқау жеңімпаздары мен бұқаралық ақпарат құралдарының барша өкілін алдағы кәсіби мерекелерімен құттықтады.

«Кеше ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барша журналистер қауымын құттықтап, мәртебелі марапаттар тапсырды. Президент ұлттық медиа халықтың үні, ал журналист жасампаздық жаршысы екенін ерекше атап өтті. Расымен де, журналист – қоғамның айнасы, шындықтың шырақшысы, халықтың аманатын арқалаушы. Мұның бәрі бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдағы рөлі мен алар орнын айқындайды. Сіздер – қоғамдық пікір қалыптастырасыздар. Сондықтан сіздерге деген ықылас та, ілтипат та, артылатын сенім де жоғары», деді ол.

Сондай-ақ Е.Қошанов бүгінде «Amanat» партиясы сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында БАҚ-пен тығыз байланыста жұмыс істеп келе жатқанын жеткізді. Сонымен қатар ол журналистердің «Жер аманаты», «Ауыл аманаты», «Қарызсыз қоғам» және өзге де партиялық жобаларды жүзеге асыруға қосқан елеулі үлесін атап өтті. Оның барлығы азаматтардың нақты мәселелерін шешуге бағытталған.

Мәжіліс спикері медиа сыйлық арқылы партия еліміз үшін аса маңызды мәселелерге БАҚ назарын аударатынын атап өтті. Бұл – Мемлекет басшысының реформалары, тарихи оқиғалар, партиялық жобалар. Бұл тақырыптар журналистерге етене жақын. Биыл байқауға 3 мыңға жуық өтінім келіп түсті. Барлық жұмыстың төрттен бір бөлігі «Еңбек адамы туралы үздік материал» аталымына тиесілі. Сонымен қатар биыл алғаш рет еліміздің экологиялық күн тәртібіне үлес қосқан жүрналистер үшін «Taza Qazaqstan» арнайы аталымы, сондай-ақ Конституцияның 30 жылдығына арналған аталым тағайындалды. Ай­мақтық журналистикаға, сондай-ақ әлеу­­меттік желілерде қоғамдық пікір қалып­тас­тыратын блогерлерге ерекше назар аударылды.

Осы орайда жеңімпаздар қатарынан көрініп, мерейі тасыған әріптесіміз, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директорының орынбасары Қамбар Ахмет «Заң мен тәртіп» – Конституциясының 30 жылдығына арнал­ған үздік материал аталымының иегері атан­ды. Ол ел көшін алға бастайтын игі істерді бұқараға жеткізуге атсалысып жүр­ген журналистер қауымын осылай бағалап жатқан партияға ризашылығын білді­ріп, жақ­сылықтың жаршысы болатын жаңалық­тар­дың көбейе беруіне тілектес екенін жеткізді.

«Телевизия үздігі» аталымы бойынша жеңімпаз атанған Жігер Сәрсеннің айтуынша, партия ел мүддесіне адалдық танытып, отандық журналистикаға көп жыл жан-жақты қолдау көрсетіп келе жатқанын атап өтті.

Ал Аманкелді Құрмет «Алаш аманаты» арнайы аталымын иеленді. Оның материалы тарихи жадыны жаңғыртуға, сақтауға және ұлттық бірегейлік тақырыбына арналды. Оның айтуынша, бұл марапат – тек бір мақала үшін емес, жалпы ұлттық құндылықтар сабақтастығын нығайтуға бағытталған кәсіби қызметіне берілген жоғары баға.

Сонымен қатар конкурстық комиссия­ның шешімімен биыл «Amanat медиа сыйлығының» келесідей жеңімпаздары анықталды: «Еліміздегі реформалар туралы үздік материал» аталымы – «Tengrinews.kz» сайтының тілші-редакторы Аружан Дәрібай; «Еңбек адамы туралы үздік материал» аталымы – «Қазақстан» РТРК» АҚ деректі фильмдер дирекциясының жетекшісі Нұрбек Бекбауов; «Жастар туралы үздік материал» аталымы – «El.kz» интер­нет-порталының аға тілшісі Ақмарал Саипбек; «Аймақ туралы үздік материал» аталымы – «Qyzylorda» телеарнасы бас редакторының орынбасары Бекзат Есқалиев және «Сарыарқа» телеарнасының шеф-редакторы Гүлбақша Ақажанова; «Партия жұмысы туралы үздік материал» аталымы – «31 арна» телеарнасындағы «Информбюро» ақпараттық бағдарламасының тілшісі Сымбат Байжокенов; «Taza Qazaqstan» – экология мен қоршаған ортаны сақтау туралы үздік материал» аталымы – «Azattyq Rýhy» ақпарат агенттігінің тілшісі Аягөз Құрмаш. Бұған қоса «Белсенді азаматтық ұстанымы үшін» сыйлығы – журналист әрі қоғам қайраткері Ләйлә Сұлтанқызына табысталды. 

Соңғы жаңалықтар