Осылай деген Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев депутаттық сауалын Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Р.Склярға жолдады, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Сала сарапшылары қазіргі РОП жүйесін әділетсіз және утилизациялық төлемнің жұмсалу тәртібін мүлде жабық деп бағалап отыр. Оған себеп, салалық министрліктің РОП жұмысына қатысты нормативтік актілері мәселені шешуге емес, керісінше одан әрі күрделендіруге бағытталған деуге болады. Мысалы, Экология министрлігі 2022 жылы №688 және №690 бұйрықтарға өзгерістер енгізіп, барлық қалдықтарға қатысты өңдеу нормативтерін ұлғайтумен шектеліп отыр», деді депутат.
Нартай Аралбайұлының айтуынша Экология министрлігі бұл нормативтерді енгізу бойынша «Жасыл экономика» тұжырымдамасын негізге алған. Алайда сол құжаттағы 2030 жылға дейінгі қайта өңдеу үлесін 40%-ға жеткізу жөніндегі көрсеткіш, тек коммуналдық қалдықтарға қатысты.
Депутаттың айтуынша, бұл көрсеткішті аккумулятор, көлік майы, шина секілді қалдықтарға да тікелей қолдану – ғылыми және салалық тұрғыдан негізсіз. Мысалы, ЕуроОдақ, АҚШ, Жапония сияқты елдерде шина арнайы қалдық немесе өнеркәсіптік қауіпті қалдық болып есептеледі. Бұл бір. Екіншіден, жоғарыда айтылған Экология министрлігінің №688 және №690 бұйрықтары Экологиялық кодекстің талаптарына қайшы келеді. Кодекске сәйкес, дербес өңдейтін өндіруші мен импорттаушылар қалдықтарды өңдеу жөніндегі есебін Экология министрлігіне тапсырады, ал министрлік шешім қабылдауы керек.
«Алайда, Министрлік жоғарыда айтылған бұйрықтарға сәйкес бұл құжаттарды тексеру үшін «Жасыл даму» АҚ-на жолдап, шешімді соның «техникалық қорытындысына» сүйеніп шығарады.
Бұл «қорытынды» мазмұндық сараптама емес, тек құжаттардың бар-жоғын тексеру. Бұл артық бюрократиялық әрекеттің нәтижесінде – есептердің басым бөлігі бойынша негізсіз теріс шешімдер қабылданып, бизнес субъектілері сотқа жүгінеді және көбінесе жеңіп шығады.
Осыдан келіп, бюджет қаражаты нақты реформаларға емес, сот шығындарына жұмсалып жатыруда. Сонымен қатар қатаң әкімшілік тосқауылдар бизнесті көлеңкелі айналымға итермелеп отыр», деді депутат.
Мәжіліс депутатының айтуынша, үшіншіден, Мемлекет басшысы еліміздің экономикасын дамытуда монополияға жол бермеу мәселесін бірнеше рет қадап айтты. Соған қарамастан Экология министрлігі РОП-қа жинақталған қаржыдан бүгінгі таңда басы артық, яғни мүдделі топтардың бизнес жобасын қаржыландырмақ па? деген заңды сұрақ туады.
«Біздегі ақпарат бойынша, «Жасыл Даму» АҚ Астанада қуаты 120 мың тонна шинаны өңдейтін жаңа зауыт салмақшы.
Алайда елімізде пайдаланылған шиналардың жылдық көлемі небәрі 115 мың тоннадан аспайды, ал оларды өңдейтін 20 шақты кәсіпорын нақты жұмыс істеп тұр. Яғни бізге дәл қазір мемлекеттің қаржысын тиімсіз әрі басы артық жобаға жұмсау қажет пе?!», деді депутат.
Нартай Аралбайұлының айтуынша тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, жоғарыдағы фактілер көрсеткендей, қалдықтардың өңірлер бойынша нақты көлемі мен құрамы бағаланбаған, қолданыстағы өңдеу қуаттары мен технологиялар есепке алынбаған. Сондай-ақ әр қалдық түрі бойынша нақты қажеттілік пен тапшылық анықталмаған.
«Бұл жағдай стратегиялық жоспарлаудың жоқтығын және жекелеген мүдделердің ықпалын көрсетеді. Сондықтан қалдықтарды қайта өңдеу саясатын жүйелі, ашық және ғылыми тәсілмен жүргізу – бүгінгі күннің негізгі талабы. Осыған байланысты, мынадай нақты ұсыныстар енгіземіз:
Барлық қалдықтар бойынша қайта өңдеуге қатысты бірыңғай көрсеткіштен бас тартып, қалдық түрлеріне қарай сараланған нормативтерді енгізу – пластик, май, аккумулятор, шина, қағаз сынды қалдықтар бойынша жеке талаптар белгілеу. Бұл процеске тәуелсіз сарапшылар, салалық қауымдастықтар мен шағын бизнес өкілдері тартылуы тиіс. Қалдықтар нарығына қатысты өңірлер мен салалар бойынша қалдық түзілу құрылымын, қайта өңдеуші кәсіпорындардың картасы мен қуаттылықтарын, сондай-ақ логистика, сұрыптау және өңдеу саласындағы кедергілерді нақты көрсететін ашық талдау жүргізілуі тиіс. 2022 жылғы №688, 690 нормативтік-құқықтық актілерді қайта қарап, олардың салалық ерекшеліктер мен ғылыми негізге сәйкестігін бағалау. «Жасыл экономика» Тұжырымдамасына да өзгерістер енгізіп, әр қалдық түрі бойынша нақты, ғылыми негізделген өңдеу пайыздарын жеке-жеке белгілеу қажет», деді Нартай Сәрсенғалиев.