• RUB:
    6.62
  • USD:
    519.26
  • EUR:
    602.13
Басты сайтқа өту
Экология Кеше

Ақмола облысында бес айда 335 тонна балық өсірілген

30 рет
көрсетілді

Ішкі нарықты отандық тауарлы балықпен толықтыру маңызды міндет. Таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Аквамәдениет туралы» заңға қол қойды, деп жазады Egemen.kz.

Зеренді көлінің жағасындағы балық тәлімбағы алпыс жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келеді. Тәлімбақтың цехтарында ақбалық пен тұқы өсірілуде. Дернәсілдер өсіп жетілген соң көлге жіберіледі. Кәсіпорын аумағында 240 гектар тоған шаруашылығы жұмыс істейді.

–Жыл сайын біз осы тоғандарда мелиорациялық жұмыс жүргіземіз, – дейді Зеренді балық шаруашылығы кәсіпорнының директоры Валерий Понаморенко, – балдырдан тазалаймыз, тұқы құртымен қоректендіріп, балықтарды өсіреміз. Әдетте біз тұқы тұқымын тамыз, қыркүйек айларында аламыз.

Кәсіпорында 24 адам жұмыс істейді. Олардың барлығы өз істерінің шынайы мамандары. Аймақта балық өсіруге қолайлы 632 су қоймасы бар. Оның 360-ы балықпен айналысатын шаруашылықтарға бекітілген, қалғаны резервтік қорда.

–Тауарлы балық өсіру шаруашылығын дамыту үшін 169 спорттық әуесқойлық бағыттағы 8 және кәсіптік балық аулау үшін 103 су айдыны белгіленген, – дейді Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының бөлім басшысы Сансызбай Ыдырысов, – былтыр жоспар бойынша 1520 тонна тауарлы балық өсіру межеленсе, табиғатты пайдаланушылар бұл көрсеткішті асыра орындады. Биыл екі мың тонна балық аулауды көздеп отырмыз. 

Өңірде бес ай ішінде 335 тонна балық өсірілген. Қоңыр күзде ақбалық пен тұқы аулау мөлшері арта түседі. Елімізде балық шаруашылығын дамыту бағдарламасына сәйкес 2030 жылы 270 мың тонна тауарлы балық өндіру жоспарланып отыр. Алдағы уақытта облыс өз үлесін он мың тоннаға жеткізбек.

 Ақмола облысы