Шымкенттің 24 жастағы тұрғыны Феруза Рахимова алғашқы жүктілігінде үшем — екі ұл мен бір қызды дүниеге әкелді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Нәрестелер жүктіліктің 31-аптасында, яғни мерзімінен бұрын дүниеге келген. Бастапқыда олардың жағдайы ауыр болып, жаңа туған шақалақтар біраз уақыт тыныс алу аппаратының көмегіне мұқтаж болды. Сәбилер жансақтау бөлімінде дәрігерлердің жіті бақылауында жатты.
Дегенмен, дәрігерлердің білікті көмегінің арқасында сәбилер өмір үшін күресті жеңіп шықты. Қазір олар ана сүтімен қоректеніп, салмақ қосып келеді. Анасы мен үшемдердің жағдайы жақсы. Қуанышқа кенелген отбасы үшемге Мұстафа, Мұса, Хадия деп есім берген.
Айта кетейік, Шымкент қаласында туу көрсеткіші жыл санап артып келеді. 2025 жылдың басынан бері мұнда 12 648 сәби дүниеге келген. Олардың ішінде 149 егіз және үш үшем тіркелген.