Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған «Заң және тәртіп» апталығы аясында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Басқару академиясы ресми түрде ашылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Салтанатты рәсімге қатысқан ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов бұл бастаманы Президенттің қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті нығайту, сондай-ақ басқару жүйесін жаңғырту жөніндегі нақты саясатының маңызды нәтижесі екенін атап өтті.
Құқық қорғау саласындағы реформалар жүйелі түрде жүзеге асып жатыр. Атап айтсақ, Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті құрылды, киберқауіптерге және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл бойынша мамандандырылған бөлімшелер ашылды, цифрлы инфрақұрылым мен талдамалық база нығайтылып жатыр.
«Академияның құрылуы – Мемлекет басшысы жариялаған құқық қорғау жүйесінің даму жолындағы елеулі кезең. Біздің міндетіміз – кадрлық әлеуетті нығайту арқылы құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудің жаңа моделін енгізу. Институционалдық реформалар құқық қорғау органдарының сервистік моделін дамытуға ықпалын тигізеді. Президент ұсынған басым бағыт – азаматтардың қауіпсіздігі және “Заң және тәртіп” қағидатын қамтамасыз ету», деді Олжас Бектенов.
Академия заманауи білім беру технологияларымен жабдықталған. Жаңа оқу орнында цифрлы зертханалар, «ақылды көзілдірік», жасанды интеллекті қолданатын жүйелер, робот техникасы, патрульдік автокөліктерді бақылау платформалары мен басқа да жаңа шешімдер енгізілген. Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Премьер-министрге ведомствоаралық жоғары академиялық курс тыңдаушыларын сынақтан өткізу нәтижелерін көрсетті.
Оқыту бағдарламасы басқару құзыреттерін дамытуға, стратегиялық ойлау мен жаңа технологияларды меңгеруге бағытталған. Академияда жыл сайын 100-ден астам басқару қызметкерлері және 30 магистратура мен докторантура студенттері оқытылады.
Қазіргі таңда Академия ІІМ аумақтық бөлімшелерінен келген тыңдаушылардың алғашқы легін оқытуды бастаған. Ашылу рәсіміне Бас прокуратура, ҰҚК, Жоғарғы Сот Кеңесі, министрліктер, әкімдіктер, Парламент депутаттары, халықаралық ұйымдар, сарапшылар мен шетелдік делегациялар қатысты.