• RUB:
    6.69
  • USD:
    523.46
  • EUR:
    600.04
Басты сайтқа өту
Спорт Бүгін, 08:25

Будапештте бұйырғаны – жалғыз жүлде

20 рет
көрсетілді

Мажарстан астанасы Будапештте дзюдодан әлем чемпионаты аяқталды. Төрткүл дүниенің теңдессіздері бас қосқан бәсекеде еліміздің құрамасы жалғыз медальды қанағат тұтты. Оны Әбиба Әбужақынова жеңіп алды. Аса жеңіл салмақта белдескен қазақ қызы финалда ұтылып, күміс медаль иеленді. Өкінішке қарай, өзге балуандарымыздың бірде-біреуі жеңіс тұғырына көтеріле алмады.

Чемпиондар тұғырдан тайды

Былтыр Парижде алауы тұтанған Олимпия ойындарында алтын алған жеті жігіт­тің барлығы Дунай жағалауындағы жарыста бой көрсетті. Бірақ олар тегістей татамиге шыққан жоқ. Мәселен, атақты Елдос Сметов пен даңқы жер жарған Тедди Ринер бәсекелерді сырттай тамашалады. Қалғандары күресті. Бір қызығы, Будапештте сол көкжалдардың бірде-біреуіне бас жүлдені олжалау бақыты бұйырмады. Анықтап айтсақ, Олимпиаданың екі, әлемнің төрт дүркін чемпионы Хифуми Абэ (66 кг) бұл жолы қола медальды қанағат тұтты. Былтыр жоғарыда аталған жарыстың екеуінде де қарсылас шыдатпаған Зелим Коцоев (100 кг) та дәл сол межеден көрінді. Хидаят Гейдаров (73 кг), Таканори Нагасэ (81 кг), Лаша Бекаури (90 кг) мүлде жүлдесіз қалды. Былтыр әлем чемпионы атанған Георгий Сардалашвили (60 кг), Тато Григалашвили (81 кг), Гоки Тадзима (90 кг), Ким Минджон (130 кг) да биыл өздерінің мықтылығын мойындата алмады.

Мажарстанның бас шаһарында чемпион­дардың есімдері толықтай жаңарды. Бұған дейінгі әлем чемпионаттарында екі рет қола алған жапониялық Рюдзю Нагаяма (60 кг) бұл жолы алтын тұғырға көтерілді. Оның отандас­тары Такэси Такэока (66 кг) мен Сансиро Мураоға (90 кг) да тең келер ешкім табылмады. Былтыр Париж олимпиадасына күміспен күптелген франциялық Жоан-Бенжамен Габа (73 кг) Будапештте қарсылас шақ келтірмеді. Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) туы астында өнер көрсеткен Ресейдің үш балуанының бақ жұлдызы жарқырай жанды. Әсіресе көпшілікті 73 кг салмақтағы Тимир Арбузовтың өнері тамсандырды. 21 жастағы жігіт қарсы келгендерді қоғадай жапырып, барлық бәсекені айқын басымдықпен аяқтады. Былтыр Абу-Дабидегі әлемдік доданың финалында ол әйгілі Тато Григалашвилиден ұтылса, биыл голден-скорда оған сан соқтырды. 23 жастағы Матвей Каниковскийдің де қарқыны керемет. Жарыстың басынан аяғына дейін қарсыластарына бет қаратпаған ол финалда жапониялық Дота Арайдың аяғын аспаннан келтірді.

Әйелдер арасында Париж олимпиа­дасында топ жарған дзюдошылар арасынан Будапештте италиялық Аличе Бел­ландидің (78 кг) ғана бағы жанды. Былтырғы әлем чемпиондарының біразы тұғырдан тайса, кейбірі бұл бәсекеде бой көрсетпеді. Италияның мықтылары Ассунта Скутто (48 кг) мен Аличе Белландиден бөлек, жапониялық Ута Абэ (52 кг), Харука Кадзю (63 кг), Сихо Танако (70 кг), грузиялық Этери Липартелиани (57 кг), оңтүстіккореялық Ким Ха Юн (+78 кг) алтыннан алқа тақты.

 

Жігіттердің жолы болмады

Будапешттегі бәсекеде еліміздің намысын 12 балуан қорғады. Солардың арасынан, жоғарыда айтқанымыздай, Әбиба Әбужақынова ғана жанкүйерлерін қуантты.

Тәжірибелері әбден толысқан Мағжан Шамшадин (60 кг) мен Ғұсман Қырғызбаев (66 кг) жақсы күресті. Әсіресе Мағжанның тұсаукесер кездесуінде Олимпиаданың қола жүлдегері, әлем чемпионы, испаниялық Франсиско Гарригосты 10 секундта иппонға тастағаны керемет болды. Іле-шала Еуропа ойын­дары мен құрлық чемпионатының екі дүркін жүлдегері, бельгиялық Йорре Ферстрэтеннің тас-талқанын шығарды. Сол кезде «енді біздің Мағжанды ешкім тоқтата алмайды» деп ойлаған едік, бірақ мұнымыз бекер екен. Одан кейін Олимпиада мен әлем чемпионатының қола жүлдегері, жапониялық Рюдзю Нагаяма мен татами қожайыны Мартон Андрасиге жол берген Сыр бойының сайыпқыраны жетінші орында қалып қойды. Ғұсман да екі кездесуінде жеңіске жетіп, үшіншісінде тәжікстандық Нұрали Эмомалиге есе жіберді. Жұбаныш белдесуінде Жапонияның жұлдызы Хифуми Абэден жеңілді. Сөйтіп, ол да жетінші орынды қанағат тұтты. Қалған жерлестеріміз жарыстың алғашқы сатыларынан да аса алмады.

 

Қазырбек үшін қуандық

Мажарстанда 60 кг салмақта сайысқа түскен Қазырбек Ёолктің өнеріне дән риза болдық. Моңғолияда туып-өскен қазақтың қайсар ұлы өзінің табандылығы мен жанкештілігінің арқасында жеңіс тұғырына көтерілді. Оның ресейлік Аюб Блиевке ғана әлі жетпеді. Америкалық Джонатан Юанг, эквадорлық Джонатан Бенавидес, жарыс қожайыны Фечко Чанад, бразилиялық Мишель Августодан басым түсті. Осылайша, Қазырбек қола медальды мойнында жар­қыратты. Қазіргі кезде IJF рейтингінде 63-орында тұрғанын, күні бүгінге дейін мұндай жоғары деңгейдегі жарыстарға қатыспағанын ескерсек, Будапештте Ёолк үлкен ерлік жасады деп айтуға толық негіз бар. Батыр ұл Баян-Өлгейге оралғанда жергілікті қазақтар Қазырбекке ерекше сый-құрмет көрсетіп, темір тұлпар мінгізді.

Будапешт бозкілемінде тағы бір қазақ күш сынасты. Ол – Айман Жеңіс. Қытайдың қазағы +78 кг салмақ дәрежесінде күресіп, алғашқы айналымда эстониялық қарсыласын таза ұтты. Одан кейін Жеңістің жолы Романа Дикомен қиысты. Олимпиадада 2 алтын (командалық сайыс) мен 2 қола (жекелеген сайыс), әлем чемпионатында 1 алтын мен 1 қола, Еуропа біріншілігінде 5 алтын алған сақа спортшы қандасымызды еш қиналмай ұтты. Алайда Айманға өкпе жоқ. 21 жастағы балуан жат елде өзінің мықтылығын мойындатып, бас команданың қатарына қабылданды. Халықаралық додаларда да Жеңіс елеулі табыстарға қол жеткізіп үлгерді. Биыл Азия чемпионы атанып, Ташкент гранд-слэмінде қола медаль иеленді. Олай болса, алдағы уақытта да Айман Жеңіс жанкүйерлерін жарқын жеңістерімен қуантатынына күмәніміз жоқ.