• RUB:
    6.63
  • USD:
    519.55
  • EUR:
    596.03
Басты сайтқа өту
Денсаулық Бүгін, 17:31

Елімізде балаларды емдейтін 75 оңалту орталығы бар

20 рет
көрсетілді

Бүгінде Қазақстанда 75 балаларды оңалту орталығы жұмыс істейді, олардың төсек қоры екі есеге – 4 мың орынға дейін ұлғайтылды. Өңірлерде 3 жасқа дейінгі балаларға арналған 19 ерте араласу орталығы ашылды. Бұл туралы сала министрлігіне қарасты Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің балаларды медициналық-әлеуметтік оңалту басқармасының басшысы Майра Бейсен бүгін ОКҚ алаңында өткен брифингте мәлім қылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сонымен қатар, аутизм спектрі бұзылған балаларға көмек көрсету мүмкіндіктері кеңейтіліп жатыр. Ағымдағы жылы аутизмі бар балалар үшін оңалту емінің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Түркістан облыстарында медициналық оңалту орталықтарын ұйымдастыру көзделеді.

«Денсаулық сақтау министрлігі әрбір баланың дені сау, қауіпсіз және қолдаушы ортада өсуіне және дамуына ықпал ететін жағдайлар жасау бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Шаралардың бірі – медициналық оңалту, әсіресе жас балалар үшін мүгедектікке әкелетін қауіптердің алдын алудағы маңызды құрал», деп атап өтті ведомство өкілі.

Қазақстанда медициналық оңалту кезең-кезеңімен жүзеге асырылады: 1-кезең – жедел ағым кезеңінде (72 сағатқа дейін), хирургиялық араласулар мен жарақаттар кезінде жүргізіледі (стационар деңгейінде жүзеге асырылады); 2-кезең – аурудан немесе жарақаттан кейін жедел және ерте қалпына келтіру кезеңдерінде (алғашқы 6 ай ішінде), сондай-ақ аурудың қалдық көріністері кезеңінде жүргізіледі; оңалту стационарлық ұйымдарда жоғары технологиялық медициналық көмекті қолдану арқылы жүзеге асырылады; 3-кезең – амбулаториялық-емханалық ұйымдарда, күндізгі және тәулік бойғы стационарларда, оңалту орталықтарында, санаторийлік-курорттық ұйымдарда өткізіледі.

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізумен балалар үшін медициналық оңалтудың қолжетімділігі артып келеді. Осы көмекті қаржыландыру көлемі соңғы бес жылда 2,4 есеге – 2019 жылғы 12,2 млрд теңгеден 2025 жылы 29,3 млрд теңгеге дейін ұлғайды», деді М.Бейсен.

Денсаулық сақтау министрлігі ерекше балаларға көмектесудің заманауи тәсілдері мен инновациялық әдістерін зерттеуде. Мәселен, Назарбаев Университетімен және Болат Өтемұратов қорымен ынтымақтастықта «Аутизм. Барлығына арналған әлем» аутизм спектрі бұзылған балаларға арналған жасанды интеллект негізіндегі роботтық терапияны қолдану бойынша зерттеулер жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар, оңалту практикасын кеңейту шеңберінде психомоторлық терапия енгізіліп жатыр, бұл – баланың моторлық, эмоционалдық және мінез-құлық функцияларын қалпына келтіруге және үйлестіруге бағытталған әдіс.