• RUB:
    6.58
  • USD:
    517.45
  • EUR:
    598.59
Басты сайтқа өту
Президент Кеше

Көпжылдық әріптестік: «Орталық Азия – Қытай» ұзақ мерзімді стратегиясы

50 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев екінші «Орталық Азия – Қытай» саммитінде сөйлеген сөзінде мәдени-гуманитарлық бағыттағы серіктестіктің жоғары қарқынын ерекше атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мәдени орталықтардың ашылуы, креативті индустрия және туризм салаларының дамуы осы бағыттағы басты басымдықтар ретінде аталды.

«Сиань қаласынан Алматы шаһарына қатынайтын алғашқы туристік пойыздың іске қосылуын құптаймыз. «Қазақстандағы Қытай туризмі жылына» орайластырылған бұл оқиға ғасырлар бойы Еуразия аумағында тауарлар мен идеялардың толассыз алмасуына дәнекер болған Ұлы Жібек жолының рухын жаңғыртады», деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы мен Шанхай қалалары, сондай-ақ Қазақстан мен Қытайдың бірқатар өңірлері арасында бауырластық қарым-қатынас орнағанын қуаттады. Мемлекет басшысы Қытай тарапының Орталық Азиямен ынтымақтастыққа арналған атаулы жылдар ұйымдастыру бастамасына қолдау білдіріп, келесі жылды «Білім беру және ғылыми зерттеулер жылы» деп жариялауды ұсынды. Бұл қадам елдеріміздің гуманитарлық ықпалдастығын жандандырады.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы «Орталық Азия – Қытай» форматының 2026-2030 жылдарға арналған ұзақмерзімді даму стратегиясын әзірлеу қажет деп санайды. Президенттің пікірінше, бүгінгі Саммит елдеріміздің тату көршілік қатынасты, өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға және орнықты дамуға мүдделі екенін растады. Мемлекет басшысы жиын барысында айтылған ұсыныстар мәңгі достық пен стратегиялық серіктестікке берік негіз қалайтынына сенім білдірді. Сондай-ақ ортақ күш-жігер жұмылдырудың нәтижесінде «Орталық Азия – Қытай» форматын институттандыру ісі табысты жүзеге асқанын атап өтті.

Екінші «Орталық Азия – Қытай» саммитінде ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев сөз сөйледі.