Жамбыл облысында супермаркеттің жарнамасын түсіру кезінде блогердің агрессивті әрекеті оған 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынумен аяқталды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Полиция қызметкерлері жарнама түсіру кезінде қоғамдық тәртіпті өрескел бұзған блогерді анықтап, жауапкершілікке тартты. Ол көпшіліктің назарын аудару мақсатында автокөліктің алдыңғы әйнегін сындырғанын қойып, жолаушы қызбен дауыс көтеріп сөйлескен. Мұндай әрекет айналасындағы адамдардың қорқынышын тудыруы мүмкін еді.
Аталған факт бойынша блогер «ұсақ бұзақылық» бабы бойынша жауапкершілікке тартылып, 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Құқық қорғау органдары азаматтарды қоғамдық орындарда тәртіп пен құқықтық нормаларды сақтауға, өзгелерге қолайсыздық тудырмауға және заң талаптарын бұзбауға шақырады.