• RUB:
    6.46
  • USD:
    511.37
  • EUR:
    583.73
Басты сайтқа өту
Қоғам 01 Маусым, 2025

Буллингтің 145 жағдайы анықталып, 21 мың сайт бұғатталды

80 рет
көрсетілді

Қазақстанда балаларды өмірде және цифрлық кеңістікте қауіп-қатерден қорғауды күшейтті, деп хабарлайды Egemen.kz ақпарат агенттігі. 

Президенттің тапсырмалары шеңберінде Үкімет Ішкі істер министрлігі арқылы кәмелетке толмағандарды қорғау жөніндегі шаралар кешенін жүйелі негізде іске асырады. Жұмыс мектептердегі құқық бұзушылықтардың алдын алудан бастап, отбасындағы зорлық-зомбылық жағдайларына және цифрлық кеңістіктегі қауіптерге жауап беруге дейінгі көптеген бағыттарды қамтиды.

«Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру шеңберінде жыл басынан бері «Жасөспірім», «Түнгі қаладағы балалар», «Назар аударыңыз – балалар!» және тағы басқа кең ауқымды профилактикалық акциялар тұрақты түрде өткізіліп келеді. «Жасөспірім» жедел алдын алу іс-шарасының бірінші кезеңі 10 сәуірден 6 мамырға дейін, екіншісі – 19-31 мамыр аралығында өтті. Осы кезеңде балалардың түнде ересектердің қарауынсыз, әсіресе ойын-сауық орындарында болуын бақылауға ерекше назар аударылады.

Жазғы демалыс кезінде балалардың жол-көлік жарақаттарының алдын алу мәселелеріне ерекше мән беріледі. 20-26 мамыр аралығында «Назар аударыңыз – балалар!» оның барысында тасымалдау бағыттары тексеріліп, жолдардың қауіпті учаскелері талданып, білім беру органдарымен кеңестер өткізілді. Бұдан басқа, балаларды автобустармен тасымалдау талаптарының сақталуын тексеру ұйымдастырылды, жергілікті авариялық ошақтар орындарына талдау жүргізілді, балалардың жазғы демалыс нысандарының маңындағы көше-жол желілері зерттелді, сондай-ақ білім беру органдарымен нұсқаулық кеңестер өткізілді.

Сондай-ақ балаларға қатысты қылмыстарға қарсы іс-қимыл бөлігінде полицияның жұмысы күшейтілді. 2024 жылдан бастап анықтау тәсіліне баса назар аударылды, оқу орындарында профилактика күшейтілді, бұл жасөспірімдер арасында бопсалау фактілерін көбірек анықтауға мүмкіндік берді. Жыл басынан бері буллингтің 145, ал әкімшілік жауапкершілік енгізілгеннен бері 327 дерек тіркелді. Буллингтің алдын алу Оқу-ағарту министрлігімен үйлестіріліп, құқықтық, психологиялық және әлеуметтік көмек шараларын қамтиды.

Балалар тәрбиеленетін отбасыларға барған кезде, сондай-ақ зорлық-зомбылық туралы сигналдар түскен кезде полицияға ден қоюдың арнайы алгоритмі енгізілді. Бүкіл ел бойынша прокурорлардың, педагогтардың, полиция және әлеуметтік қызметтердің қатысуымен әкімдіктер жанынан ведомствоаралық мобильдік топтар жұмыс істейді.

Жыл басынан бері 16 жасқа дейінгі балаларды қоғамдық көліктен күштеп түсірудің 59 жағдайы тіркелді. Олардың барлығы тоқтатылды. ІІМ бұл норма заңнамалық деңгейде реттелетінін және оны бұзу жауапкершілікке тартылатынын еске салады.

Қазақстандағы барлық мектептерге жүйелі профилактикалық жұмыс жүргізетін 7,5 мыңнан астам полиция қызметкері бекітілген. Тек осы жылы құқық қорғау органдарының мамандары ата-аналармен кездесулерді қоса алғанда, 52 мыңнан астам құқықтық дәріс өткізді, онда бала тәрбиесі саласындағы құқықтар мен міндеттер түсіндіріледі.

Киберқауіпсіздік сияқты бағыт та дамып келеді. ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті тәулік бойы интернеттегі заңға қайшы контенттенттерге мониторинг жүргізеді. Ағымдағы жылы 58 мыңнан астам қауіпті ресурстар анықталды, олардың 21 мыңнан астамы «Кибернадзор» жүйесі арқылы бұғатталды.