Мүгедектігі бар адамдардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету және олар үшін қолжетімді ортаны қалыптастыру мақсатында Ақмола облысында 1037 әлеуметтік инфрақұрылым нысаны толық бейімделді, деп жазады Egemen.kz ақпарат агенттігі.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында 2025-2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасы, «Аманат» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған жол картасы және Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген «Халықпен бірге» жобасы іске асырылуда.
«Amanat» партиясының жол картасында 2023-2027 жылдар аралығында интерактивті қолжетімділік картасына (бұдан әрі – Карта) енгізілген 42 мыңнан астам нысанды бейімдеу бойынша жұмыс көзделген. Жыл сайын осындай объектілердің 20%-ы бейімделуі тиіс. Осылайша, 2023 жылы – Картадағы объектілердің 20%, 2024 жылы – 40%, 2025 жылы – 60%, 2026 жылы – 80%, 2027 жылы – 100%-ы бейімделеді. Қазіргі уақытта ел бойынша 23206 нысан толықтай бейімделген.
Бүгінгі таңда Ақмола облысында 1037 нысан бейімделді. 2025 жылдың соңына дейін тағы 176 нысанды бейімдеу жоспарлануда.
Бейімделген нысандардың жалпы санынан мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттары үшін қолжетімділері:
- денсаулық сақтау объектілері– 152;
- білім беру нысандары – 520;
- мәдениет нысандары– 48;
- мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдар – 266;
- спорт нысандары – 41;
- әлеуметтік қорғау объектілері – 10.
Бірінші топтағы мүгедектігі бар Көкшетау қаласының тұрғыны Рамазан Мұқатаев: «Жалпы қала бойынша мүгедектігі бар адамдар үшін жағдай жақсарып, барлық мүмкіндіктер қарастырылуда. Нысан иелері оларды құрылыс нормаларына сәйкестендіруге тырысады. Көптеген кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар шағымдар мен ұсыныстарды ескере отырып, кіру топтарын аяқтайды. Сауда орталықтарының қолжетімділігін қамтамасыз ету маңызды, енді оларға мүгедектігі бар адамдар, әсіресе кресло-арбалармен қозғалатындар кедергісіз бара алады. Мысалы, біздің қаладағы "РИО" сауда орталығы. М. Ғабдуллин атындағы мұражайдың қолжетімділік деңгейіне және көшпелі көрмелерді ұйымдастыру мүмкіндіктеріне таң қалдым», – деп ойымен бөлісті.
Бұдан басқа, Ақмола облысы бойынша халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің департаменті 2025 жылдың басынан бастап профилактикалық бақылау шеңберінде 10 және жоспардан тыс бақылау шеңберінде 2 тексеру жүргізді. Тексеру қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 9 нұсқама енгізілді.
Объектілердің меншік иелеріне профилактикалық бақылау жүргізу кезінде бұзушылықтар алғаш рет анықталған кезде оларды әкімшілік жауапкершілікке тартпай, оларды жою туралы нұсқамалар ғана енгізілетінін атап өту қажет.Нұсқама белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда айыппұл салынатын болады.