• RUB:
    6.39
  • USD:
    510.84
  • EUR:
    579.7
Басты сайтқа өту
Әлем Кеше

Коррида шындығы

20 рет
көрсетілді

Коррида – Испанияның ежелден келе жатқан дәстүрлі спорты. Онда адам мен бұқа арасындағы текетірес тек спорттық бәсеке емес, ұлттық мәдениеттің көрінісі ретінде ұсынылады. Бұл көріністе көпшіліктің көз алдына ең бірінші елестейтіні – матадор қолындағы қызыл мата, яғни мулета. Бір қызығы, көпшілік «бұқа қызыл түсті көргенде ашуланып, соған қарай ұмтылады», деп ойлайды. Бірақ ғылым бұл түсінікті жоққа шығарады.

Бұқалар түсті ажырата ала ма? Жоқ. Зерттеулерге сүйенсек, бұқалар қызыл түсті басқа реңктерден, мысалы, көк не жасылдан ажырата алмайды. Демек, олар қызыл түске ешқандай реакция танытпайды.

Осы орайда «олай болса бұқаны не ашуландырады?» деген заңды сұрақ туындайды. Шындығында, бұқа қызыл матаға емес, қозғалысқа шабуылдайды. Матадор мулетаны (қызыл матаны) бұлғап, белгілі бір бағытта қозғалтып, бұқаның назарын соған аударады. Сол сәтте жануар қозғалып тұрған нәрсеге назар салады әрі қорғану немесе шабуылдау инстинкті іске қосылады. Бұл – мінез-құлық биологиясында жиі кездесетін реакция.

Енді көкейіңізде «Онда неліктен дәл қызыл түс таңдалады?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Айтайық. Қызыл мата – тек дәстүр мен көркемдік шешім үшін таңдалған. Бұқаның денесінен жарақат алған соң ағып жатқан қан көрерменге тым айқын көрінбеуі үшін қызыл түс қолданылған. Яғни, бұл – көріністің визуалды әсерін жұмсарту тәсілі. Қан мулетаға жұқса да, ол көрінбейді, сол арқылы шоу жалғасады, ал көрермен эмоциялық тұрғыда аз соққы алады. Сонымен қатар, қызыл түс адамның назарын еріксіз аударатын реңк болғандықтан, көрермен назары да матадор мен мулетаға ауады. Демек, түс жануар үшін емес, адам үшін маңызды.