• RUB:
    6.37
  • USD:
    507.07
  • EUR:
    572.53
Басты сайтқа өту
Медицина Бүгін, 10:00

Мейіргер қызметінің маңызы зор

30 рет
көрсетілді

Қызылордада «Қазақстан Республикасында тәуелсіз мейіргерлік қызметтің озық тәжірибелерін енгізу» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйы­мының Қазақстандағы кеңсе­сінің басшысы Скендер Сыла, Дүниежүзілік денсаулық сақ­тау ұйымы Еуропалық аймақ­тық бюросының, Германия, Ресей, Түркия, Финляндия Латвия, Өзбек­стан, Қырғызстан, мем­лекеттері мамандары қатысқан жиында тәуелсіз мейіргерлік қызметті дамыту, орта медици­налық қызметкерлердің ден­сау­лық сақтау жүйесіндегі рө­лін арттыру жайлы кеңінен айтылды.

Конференцияда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңір медицинасындағы жаңа­лықтарға тоқталды. Аймақтағы медицина мекемелерінде 12 мың­ға жуық мейіргер еңбек етеді. Олардың халық денсау­лығын жақсартуға қосқан үлесі өлшеусіз.

«Өткен жылы аймақтың денсаулық сақтау саласының бюджеті 146 млрд 200 млн тең­геге жетіп, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында барлық ауданда 28 медициналық нысан салынды. Қызылорда қаласынан жылына 10 мың адамға дейін қызмет көрсетуге мүмкіндігі бар жаңа Қан орталығы ашылып, ел игілігіне қызмет ете бастады. Ана мен бала өмірін қорғауда көпбейінді облыстық аурухана базасында жаңа МРТ аппараты іске қосылып, 70 орындық перинаталдық бөлім пайдалануға берілді. Облыс орталығында емханасы мен онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухана, ұлттық жоба аясын­да 4 көпбейінді аудандық орта­­лық аурухана жанынан қосым­ша құрылыс салынып жа­тыр. Медицина саласын білікті кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында былтыр жергілікті бюджет қаражаты есебінен мамандар біліктілігін арттыруға 144 млн теңге бөлінді», деді облыс басшысы.

Конференцияда мейіргер­лік қызметті дамыту бағы­тында ұсыныстар айтылып, ме­ди­циналық колледж cтудент­теріне шетелдік оқу орындарына жолдамалар табыс­талды. Ғасырға жуық тарихы бар Қызылорда медициналық жоғары колледжінде бүгінде 2 840 студент білім алып жатыр, 142 оқытушы еңбек етеді. Түркияның «Acibadem», «Liv Hospital», «Medicana Atasehir», «Medical Park» клиникалар желісімен меморандумға отырған колледжді «Емдеу ісі», «Мейіргер ісі» маман­дығы бойынша бітіретін 30 жас сол­түстік облыстарда, «Фар­ма­ция» мамандығын алған 6 студент Алматы қаласын­дағы «Бота­никалық бақта» тәжі­рибеден өткен. Рига медици­налық кол­леджінде 3 студент оқуын жал­ғастырып келеді.

Жұмыс істеп жүрген орта буын мамандарының білі­мін жетілдіріп, орталықтан­ды­рылған тренинг жүйесін қа­лыптастыру мақсатында был­­тыр колледж жанынан «Ме­йір­гер ісін дамыту» орта­лығы ашылды. Орталық ар­қылы жүргізілген мониторинг нәтижесінде мектеп мейір­герлерінің 1,9%-ы ғана білімін жетілдіру курсынан өткені бел­гілі болды. Сол себепті «Мек­теп медицинасындағы мейір­гер ісі» тақырыбында 300 сағат­тық сертификаттау курсы ұйымдастырылып, бі­лім ошақтарындағы 417 ме­йір­гердің 97%-ы курстан өт­кен. Колледжде Латвия тәжірибесі негізінде пациенттің туысын науқас күтіміне оқытуға арналған «Мейіргерлік күтім» арнайы кабинеті ашылды. Он­да төсек тартып жатқан жан­­ның жақындарына қажет дағдыларды үйретеді.

Былтыр жергілікті бюджет қаражаты есебінен меди­циналық ұйымдардың 30 дәрі­гері хирургия, эндоскопия, нев­рология, кардиохирургия, неанаталды хирургия, ба­ла­­лар ортопедиясы бойынша Түркия, Ресей, Беларусь Рес­публикаларының жетек­ші клиникалық-академиялық база­ларында білімдерін жетіл­дірді. Өңірге аса қажетті медицина мамандықтары бойынша 176 резидент облыс әкімінің грантымен білім алып келді. «Жалпы тәжірибелі дәрігер» мамандығы бойынша маман даярлауға облыс әкімінің 177 білім беру гранты бөлінді.

«Өткен жылы мәдениет саласының қызметкерлеріне алғаш рет көпқабатты тұрғын үй салынып, 40 жаңа қызметтік пәтер табысталды. Бүгінгі халықаралық маңызды шарада денсаулық сақтау саласы­ның қызметкерлеріне де 100 пәтер­лік жаңа тұрғын үй салу жөнінде шешім қабылдадық. Жақын арада құрылысы басталып, жыл соңына дейін табыс­талады», деді облыс әкімі.

Соңғы екі жылда облыстың барлық елді мекеніндегі денсау­лық сақтау мекемелеріне 225 жаңа санитарлық авто­көлік табыс­талған. Халық сұра­нысы­на сәйкес 45 жедел жәрдем кө­лігі алынып, облыстық меди­циналық жедел жәрдем стансасы толық қамтамасыз етілді.

 

ҚЫЗЫЛОРДА