• RUB:
    6.51
  • USD:
    510.81
  • EUR:
    578.59
Басты сайтқа өту
Медицина 22 Мамыр, 2025

Алматыда екі электрик токқа түсіп, ауыр күйік алды

30 рет
көрсетілді

Алматыдағы көпқабатты тұрғын үй кешенінде екі электрик жұмыс барысында электр тогына соғылды. Қазір екеуі де ауруханада жансақтау бөлімінде жатыр. Полиция оқиғаның мән-жайын анықтауға кірісті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Оқиға 21 мамыр күні Алматы қаласындағы тұрғын үй кешендерінің бірінде болған. Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, зардап шеккен азаматтар — жекеменшік техникалық қызмет көрсететін компанияда жұмыс істейтін электриктер.

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, жедел жәрдем шақыртуы 13:05 шамасында тіркелген. Дәрігерлер оқиға орнына дереу жетіп, екі науқасты анестезиология және реанимация бөлімшесіне жеткізді.

– Пациенттер II–III дәрежелі күйік алған. Қазіргі таңда олар жансақтау бөлімінде. Жағдайлары тұрақты ауыр, қажетті интенсивті ем жүргізіліп жатыр, – делінген басқарма таратқан ресми ақпаратта.

Алмалы аудандық Полиция басқармасы аталған дерек бойынша тергеу амалдарын бастады. Оқиғаның нақты себебі мен кінәлі тұлғалар тексеріс нәтижесінде анықталатын болады.

Жанель ТӨЛЕУБЕКОВА, ЕҰУ 2 курс студенті