• RUB:
    6.37
  • USD:
    510.59
  • EUR:
    578.91
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 09:45

Қандастар қатары арта түсті

10 рет
көрсетілді

Егемендік алған тұстан бері елімізге ­1 млн 151 мыңнан астам қандас орал­ған. Олар қазір әр салада еңбек етіп, елдің руханиятына, экономикасына лепті үлес қосып келеді.

Жыл басынан бері 3 203 қазақ тарихи ота­нымен табысып, қандас мәртебесін алыпты. Қандастардың жартысына жуығы, яғни, 48,1%-ы Қытайдан оралған.  Сол секілді 39,5%-ы – Өзбекстаннан, 5,8%-ы – Түрікменстаннан, 2,5%-ы – Моңғолиядан келген. Ресейден қоныс аударғандардың үлесі – 1,9%, тағы 2,2% қазақ басқа елдерден келген. Мамырға дейінгі статистика бойынша еңбекке қабілетті жастағы қоныс аударушылар саны – 60,7%. Еңбекке қабілетті жастан кішілер, яғни балалар – 31,1%, зейнеткерлер 8,2%-ды құрайды. Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінде жоғары білімі барлар – 17,9%. Орта кәсіби білімі бар азаматтар – 27,8%, 52,9%-ы орта білімді, 1,4%-ның білімі жоқ.

Қоныс аударғандар респуб­ликаның бір­неше аймағына тұрақтаған. Қандастарды қоныстандыруға еңбек күші тапшы өңірлер арнайы анықталған. Олар – Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыс­тары. Аталған өңірлерде биыл қандастарды қабылдау квотасы 2 309 адамды құрайды. Бүгінге дейін осы өлкелерге 642 қандас қоныс аударып, квота алған.

Қандастардың көшуіне субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады. Бір мезгілде отағасына, отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (275,2 мың теңге) мөлшерінде жәрдемақы беріледі. Тұрғын үй жалдауға, коммуналдық қызметтерге бір жылға дейін 15-тен 30 АЕК (59-ден 118 мың теңгеге дейін) мөлшерінде төлем жасалады. Жалпы, жыл басынан бері 147 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілген. 94 адам тұрақты жұмысқа орналасқан.