• RUB:
    6.39
  • USD:
    510.84
  • EUR:
    579.7
Басты сайтқа өту
Қоғам 22 Мамыр, 2025

Құқықтану – қоғамды өзгерту құралы

70 рет
көрсетілді

Бүгінде құқықтық жүйе жаңарып, қоғам алдында жаңа міндет қойылып отыр. Осы тұста заң ғылымының ұңғыл-шұңғылын жетік меңгеріп қана қоймай, оны жаңаша биікке көтеріп жүрген зерттеушілердің орны бөлек. Міне, солардың бірі – жас заңгер, ғалым және қоғам белсендісі Диана Көшенова.

Біз Диананы құқық магистрі ғана емес, халықаралық деңгейде танылып келе жат­қан білікті ғалым ретінде жақсы білеміз. Бір жағынан, оның есімі ғылыми ортада «Scopus» халықаралық дерекқорында жария­лан­ған мазмұнды мақалаларымен белгілі. Осы еңбектеріне біраз сілтеме жасалып, ғылыми зерттеулері үлкен қызығушылық тудырған. Сондай-ақ ол республикалық және халықаралық ғылыми конференцияларға да жиі қатысады. Әсіресе Лондонда өткен ғылыми форумда байыпты баяндама жасаған. Сондық­тан әріптестері оның ғылымға адал­ды­ғы мен отансүйгіштік қасиетін ерекше баға­лайды.

Зерделі заңгер 2018–2024 жылдары заң факультеті жанындағы жас ғалымдар кеңесінің белсенді мүшесі болды. Осы кеңес аясында ол жас зерттеушілерге бағыт-бағдар беріп, түрлі ғылыми бастаманы іске асыруға атсалысты. Ғалым қызметінің маңызды бір бағыты – мемлекеттік антикоррупциялық сараптама жобасындағы жұмысы. Жоба аясында екі жыл бойы үйлестіруші қызметін атқарып, мемлекеттік органдардан келіп түскен нормативтік құқықтық актілерді сарапшыларға жолдау жұмысын тиімді жүр­гіз­ді. Бұл тәжірибе оған мемлекеттік дең­гейде құқықтық реформаларға үлес қосуға мүмкіндік берді.

«Құқықтану бұл тек ғылым саласы ғана емес, сонымен бірге бұл қоғамды өзгерту құралы. Менің ғылыми ізденістерім мен бас­та­маларым еліміздегі құқықтық мәдениетті дамытуға, кәмелетке толмағандардың құқығын қор­ғау саласын жетілдіруге бағытталған. Бұл ел болашағына қосылған үлес деп ойлаймын», деді ол.

Сондай-ақ Диана Көшенованың АҚШ пен Германияда тағылымдамадан өтіп, халық­аралық қылмыстық құқық, криминология, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау салаларында шетелдік әріптестерімен бірлесіп жұмыс істеген тәжірибесі өте мол. Қазір ғалым бұл тәжірибесін ғылым мен педа­гогика саласындағы қызметінде тиімді пайдаланып келеді. Бүгінгі таңда ол «Кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстық істер бо­йынша сотқа дейінгі тергеудің процессуалдық және криминологиялық ерекшеліктері» атты докторлық диссертациясын жазып жатыр. Ғылыми жұмысында мектептерде ювеналды криминологиялық профайлингті енгізу, аудандық деңгейдегі ведомствоаралық юве­налды комиссияларды құру сияқты тың ұсыныстар көтерілген. Бұл бастамалар еліміздегі кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алуға бағытталған кешенді реформаның бір бөлігі болатыны анық.

 

Азат ЕСЕН