• RUB:
    6.39
  • USD:
    510.84
  • EUR:
    579.7
Басты сайтқа өту
Спорт Бүгін, 13:26

Жарыс күнделігі

20 рет
көрсетілді

Кирилл Герасименко үстел теннисінен Дохада өтіп жатқан әлем чемпионатының 1/16 финалында жеңіліс тапты. Алғашқы екі айналымда сингапурлық К Чю мен жапониялық Хироко Шинозутаға шаң қаптырған отандасымыз 1/16 финалда Бразилияның беткеұстар ойыншысы Уго Кальдераноға 2:4 есебімен есе жіберді.

Бакуде шағын футболдан Әлем кубогі басталды. Оған әлемнің әр қиырынан жиналған 32 команда қатысуда. Қазақстан құрамасы F тобына түсті. Тұсаукесер кездесуді Польшаға қарсы өткізген отандастарымыз ойда-жоқта 1:2 есебімен жеңіліс таптық. Енді Босния мен Герцеговина және АҚШ-пен күш сынасамыз. Әр топта алғашқы екі орынды иеленгендер 1/8 финалға жолдама алады. Плей-офф бәсекелері 27 мамырда басталады. Одан кейін ширек финал (29 мамыр), жартылай финал (30 мамыр) және қола медаль мен бас жүлде (1 маусым) үшін тартысты тамашалаймыз.

Әлем чемпионатында сәтсіз өнер көрсетіп, өз тобында соңғы орында қалып қойған Қазақстанның шайбалы хоккейшілері келесі жылы бірінші дивизионда ойнайды. Польшада өтетін жарыстың топтық турнирінде біздің команда Франция, Польша, Украина, Жапония және Литва құрамаларымен күш сынасады.

Түркістанда триатлоннан Қазақстан чемпионаты аяқталды. Ерлер сайысында алматылық Егор Крупяков жеңімпаз атанса, шымкенттік Дарын Қонысбаев пен Алматы қаласының тағы бір өкілі Александр Тен жүлдегерлер қатарына қосылды. Әйелдердің бәсекесінде Елордадан келген Диана Ержанова алтыннан алқа тақты. Алматылық Дарья Мазур мен астаналық Аида Ким екінші және үшінші орындарды еншіледі.

«Алаш Прайд» промоушенінің мұрындық болуымен 27 мамырда Астанада жалауы желбірейтін дүбірлі жарыста қазақтың атақты аралас жекпе-жек шебері, кезіндегі ONE Championship ұйымының алтын белбеуі иегері Қайрат Ахметов (24-3) жеңіл салмақтағы UFC-дің экс-чемпионы, америкалық Алджамейн Стерлингпен күш сынасады. Қос саңлақ грэпплингтің ережесі бойынша айқасады.