• RUB:
    6.51
  • USD:
    510.81
  • EUR:
    578.59
Басты сайтқа өту
Балалар 21 Мамыр, 2025

Атырау облысында балалардың жазғы демалысына 619,5 млн теңге бөлінді

570 рет
көрсетілді

Биыл Атырау облысында 134 мың 812 оқушыны демалыспен қамту жоспарланып отыр. Бұл – оқушылардың жалпы санының 93 пайызы.

Атырау облысы әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, балалардың жазғы демалысына жергілікті бюджеттен 619,5 млн теңге бөлінген.

«Биыл оқушылар 3 сауықтыру лагеріне демалуға жіберу көзделіп отыр. Оның бірі – Ресей Федерациясының Железноводск қаласындағы «Қазақстан Геологі» емдеу пансионаты. Онда арнайы санаттағы отбасылардан 1530 бала демалады. Ал Индер мен Махамбет ауданындағы лагерьлерге 1500-ге оқушы жіберіледі», дейді білім басқармасының өкілі Қадыржан Сапаров. 

Оның айтуынша, әлеуметтік тұрмысы төмен отабсылардағы балалар да назардан тыс қалмайды. 

«Жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған, арнайы санаттағы және қолайсыз отбасылардағы, құқық қорғау органдарының есебінде тұрған балалар жазғы демалыспен толықтай қамтылмақ. Жаз мезгілінде облыстағы барлық музей арнайы санаттағы балалар үшін тегін қызмет көрсетеді. Республикалық бюджет есебінен 4 лагерьге 608 баланы, жергілікті бюджет тарапынан 100-ден астам оқушыны еліміздің сакральды, тарихи, көрікті мекендеріне экскурсияға жіберу ұйымдастырылады», деп мәлімдеді Қадыржан Сапаров. 

Атырау облысы