• RUB:
    6.37
  • USD:
    510.59
  • EUR:
    578.91
Басты сайтқа өту
Білім Бүгін, 16:52

Жаңа форматтағы «Келешек мектептері» іске қосылды

30 рет
көрсетілді

Білім беру жүйесінде оқушыларды адалдыққа, еңбекке және кәсіби бағытқа баулитын жаңа «Келешек мектептері» жобасы басталды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтты, деп хабарлайды Egemen.kz. 

«Білім беру процесінде Президент белгілеген «Адал азамат» тұжырымдамасының негізінде оқушыларды әділдікке, еңбекқорлыққа және адамгершілікке баулитын құндылықтар жүйесі қалыптасқан. Балалар ерте жастан бастап еңбекті құрметтеу, әлеуметтік әділеттілік, адалдық және жауапкершілік принциптерін үйренеді. Осы тұлғалық жеке қасиеттерді біз Қазақстанның табысты дамуының негізі деп санаймыз», деп атап өтті Ғани Бейсембаев.

Министрдің айтуынша, тағы бір маңызды бағыт — ерте кәсіби бағдар беру. Бастауыш мектепте балалар әртүрлі мамандықтармен танысады, жобалық апталарға қатысады. 7-сыныптан бастап терең кәсіби бағдар беру басталады. Әр оқушыға түрлі сала бойынша тәлімгер тағайындалады. Олар бірлесіп жеке оқу жоспарын жасайды: бейіндік курстар, шеберлік сыныптарына қатысады және тәжірибелік әртүрлі мамандықтарда өздерін сынап көреді.

«Негізгі мәселе — кадрлық қамтамасыз ету. Ол үшін біз заманауи білім беру тәсілдері мен цифрлық құралдарды игеруге бағытталған педагогтердің біліктілігін арттырудың арнайы бағдарламаларын әзірледік. Бүгінде үш мыңнан астам педагог оқытудан өтті, бұл жұмыс алда да жалғасын табады», деді оқу-ағарту министрі.

Сондай-ақ жоба аясында тиімді басқару қағидаттары енгізілуде. Мектеп директорларын тағайындау кезінде «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасының қатысушыларына басымдық беріледі. Болашақта жайлы мектептерде тәжірибеден өткен табысты басқару практикалары мен білім беру стандарттары Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының базасында басқарудың арнайы жүйесі арқылы бүкіл республикаға кең ауқымда таратылады.

Министр енді бұл стратегиялық жобаның «Келешек мектептері» деп аталатынын айтты. Сондай-ақ, жоба аясында мектеп құрылысы жеке секторларда тұрғызылған нысандарға қарағанда 1,5-2 есе арзанға түсетініне назар аударды.