• RUB:
    6.33
  • USD:
    511.59
  • EUR:
    575.28
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 09:35

Алаяқтықтан қорғанудың амалы

30 рет
көрсетілді

Әлеуметтік инженерия мен IT-технологиялардың заманауи әдістерін қолдану арқылы кредиттік алаяқтар банк, микроқаржы ұйымдары клиенттерінің дербес деректерін қолға түсіруге тырысады. Дегенмен түрлі айлакерлік схемадан қорғану үшін әрбір азамат несие алуға өз бетінше тыйым сала алатын арнайы механизм бар.

Былтыр қыста азаматтарды алаяқтық схемалардан қорғау мақсатында елімізде банктер мен микроқаржы ұйымдары­нан жаңа несие алудан өз еркі­мен бас тартуға мүмкіндік бере­тін «Стоп кредит» мемлекет­тік қызметі енгізілді. еGov.kz порталындағы және еGov mobile қосымшасындағы тегін қызметтің көмегімен әрбір қарыз алушы мұндай шектеуді өзі белгілейді. Сондай-ақ пайдаланушы кез келген уақытта несиелер мен қарыздарды алуға белгіленген шектеулерді алып тастай алады. Маңыздысы, егер азамат несие алудан ерікті түрде бас тартуды орнатса, бірақ осы кезеңде оған заңсыз кредит ресімделген болса, онда банк немесе МҚҰ қарыз жөніндегі берешекті есептен шығаруға міндетті. Қазірде 2 млн азамат осы мүмкіндікті пайдаланып, несиелер мен шағын қарыздарды ресімдеуге ерікті тыйым салуды белгілеуге өтінім берген.

Кредит алудан ерікті түрде бас тарту жеке бас деректері алаяқтардың қолына түскен күнде де үлкен қаржылық проблемалардан сақтай алады. Мәселен, азамат жеке куәлігін жоғалтса немесе оның деректері ұрланса, қылмыскер онлайн-өтінімді пайдаланып банкте немесе МҚҰ-да несие ресімдеуі мүмкін. «Стоп кредит» орнатылған болса, жүйе операцияның жолын кесіп, ұйым автоматты түрде кредит ресімдеуден бас тартады. Сол секілді қарызды рұқсатсыз кірген онлайн-банкинг арқы­лы ресімдейтін фактілер кезде­се­ді. Айталық, алаяқтар фишинг­тік сайттар немесе ұрланған мәліметтер базасы арқылы сіз­дің онлайн-банкингіңізге рұқ­сат­сыз кірді делік. Әдетте олар сіздің атыңызға бірнеше рет басу арқылы кредит ресімдей алады. Егер «Стоп кредит» іске қосылып тұрса, рұқсатсыз ашылған аккаунтқа қарамастан қарыз мақұлданбайды.

Бүгінде «жалған бан­­ки­р­лердің» қатысуымен бо­ла­­тын алаяқтық әрекеттен әркім-ақ хабар­дар. Әдетте олар «банк­тен» қоңы­рау шалып тұрғанын, аты­ңызға әлдекім кредит алуға оқталғанын хабарлап, одан соң ақшаңызды «қауіпсіз шотқа ­аудару қажеттігіне» иландыр­мақ болады. Егер «Стоп кредит» қызметі алдын ала қосылған болса, қылмыскер дерегіңізді алғанның өзінде қарыз ресімдей алмайды. Сол сияқты қарыздан ерікті түрде бас тарту «қаржы кеңесшісі» немесе «тиімді бизнес» деген сылтаумен кредит алу­ға көндіретін досыңызға немесе танысыңызға да сабақ болмақ. Сервис онлайн-кредиттерді беруді автоматты түрде бұ­ғаттайды.

Алайда айла-шарғының не­бір түрін меңгерген әккі ұры­лар бұл жаңашылдықты да өз пайдасына шешуге көшкен. Кезекті рет әзірленген алаяқтық схема­сы бойынша банк қызметкерінің атын жамылған адам ықтимал жәбірленушіге қоңырау шалып, қазіргі уақытта оның атына несие алуға өтініш берілгенін ескер­те­ді. Сөйтіп, одан несие ресімдеу­ге әрекет еткенін растайты­нын не растамайтынын сұрай­ды. Күтпеген сауалдан тосылған азамат әдетте ешқандай өтініш бермегенін айтып, ақталады. Мұндай жауапты алдын ала бол­­жаған айлакер кредит алуға өтінімнің күшін жойғанын хабарлайды. Артынша мұндай жағдайды болдырмау үшін «Стоп кредит» сервисін пайдалануды ұсынады. Ол үшін азаматқа кредиттен ерікті түрде бас тартатын пішінді толтыру қажеттігін айтып, банктің ресми сайтына сілтеме жібереді. Шын мәнінде бұл сілтеме жеке және қаржылық ақпаратты жинау мақсатында құрылған фишингтік сайтқа апарады. Осы сайттағы үлгіні толтыра отырып, тұтынушы алаяқтарға өздерінің дербес деректерін жария етеді.

Сондықтан қаржы маманда­­­ры несие беруге өз бетінше ты­­­йым салуды банктердің сайттарын­­да емес, электрондық үкі­мет порталындағы жеке каби­нет­те немесе eGov мобильді қосым­ша­сын­да ғана дербес қоюға болатынын, бейтаныс адамдар нұсқау беріп SMS немесе мессенджерлер арқылы түсініксіз сілтемелерге өтуді ұсынған кезде аса мұқият, сақ болу қажеттігін еске салады.