• RUB:
    6.33
  • USD:
    511.59
  • EUR:
    575.28
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 09:25

Жастарға демеу болған бағдарлама

30 рет
көрсетілді

Кейінгі бес жылда Үкімет қалада үй-күйсіз жүрген талай жас отбасыға қарайласты. Жеңілдетілген шарттармен үйлі болуға мүмкіндік молайды. Соның мысалы ретінде жұмыс істейтін жастарға арналған жалдамалы тұрғын үй бағдарламасын айтуға болады.

Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы ірі қалада тұратын, жұмысы бар жастарға қолайлы жағдай жасады. Бағдарлама 2019 жылдан бері Астана, Алматы, Шымкент қалаларында іске асып келеді. Мүмкіндікті сәтті пайдаланған жастар, жас отбасылар көп кешікпей жалдамалы пәтерге көшті. Бес жылда өз баспанасының алғашқы жарнасын жинап үлгереміз десті. Себебі мемлекет ұсынған жалдамалы үйдің тұрғын­дары пәтерақығы ай сайын небәрі 5-15 мың теңге төлейді. Бағ­дар­лама шарты бойынша, тек тұрақты жұмысы бар азаматтар ғана өтініш қалдыра алады. Ерлі-зайыптыларға, балалы отбасыларға басымдық берілген. Енді міне, жалдамалы пәтерге алғашқылардың бірі болып көшіп барған отбасылардың үй жалдау мерзімі аяқталып қалды.

Биыл Астана, Алматы, Шым­кентте бағдарламаның 2 мың­нан аса қатысушысы мемлекет уақытша ұсынған пә­тер­ді босатады. Олар тұрғын үй мә­селесін жеке таңдауына қа­рай шешеді.

Бүгінде бағдарлама­ның 853 қатысушысы 5 жылда үй алып, алғашқы жарнасын жиып үлгерген. 275 адам өз қаражаты есебінен тұрғын үй сатып алған. 262 адам өңірлік жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар арқылы қоныс тойын тойлаған. Осыған қоса 316 адам баспана іздеп жатқан көрінеді. Басқа қатысушылар құжаттарын түгендеп, тұрғын үй бағдарламаларына өтінім берудің қамымен жүр. Жергілікті әкімдіктер жалдамалы пәтерде тұрып келген жастарды далада қалдырмай, «Елорда жас­тары», «Алматы жастары» сынды өңірлік бағдарламалар­ға қатысуға шақырып жатыр. Себебі өңірлік бағдарламада ипотека ресімдеуге барынша қолайлы шарттар ұсынылған. Бастапқы жарна – 10%, жыл­дық пайыздық мөлшерлеме – 5%, ең жоғары қарыз сомасы – 20 млн теңгеге дейін. Әрі сатып алған пәтерді 19 жылға дейін бөліп төлеуге болады. Кейінгі ақпараттарға сүйенсек, «От­ба­сы банк» филиалдарына жұ­мыс істейтін жастарға арналған тұр­ғын үй бағдарламасының 1 873 қатысушысы өтініш беріп үлгерген. Бұл – жалпы қатысушы санының 75%-ын құрайды. Оның ішінде Астанадан – 677, Алматыдан – 708, Шымкенттен – 488 адам бар. Жыл соңына дейін басқа қатысушылар да алғашқы жарнасын толықтырып, мемлекет ұсынған бағдарламалардың біріне өтініш қалдырса құба-құп. Әуелі мемлекет ұсынған жалдамалы пәтерде тұрып, кейін «Елорда жастары» бағдар­­ламасының шарапатын көрген жастардың қатарында Ұлттық музей қызметкері Бекболат Жақсылық та бар.

– 2019 жылы сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұр­­ғын үй бағдарламасы тура­­лы естіп, өтініш қалдыруды ұйғардық. Бағдарламаға қатысқан жастар көп болды. Қуанышқа қарай, біздің бағымыз жанып, бір бөлмелі үйге көштік. Комиссия отбасылы, кішкентайымыздың болғанын ескерді. Сол жылдан бастап «Отбасы банкке» алғашқы жарнаға деп қаржы аудара бастадық. Өйткені бағ­дарламаның талабы бойын­ша біз 5 жылда шотымызға ақша жиюымыз керек болды. Жалдамалы пәтерге ай са­йын 9 мың теңге шамасында төлеп отырдық. Биыл жалдаған үйімізді босататын уақыт таяп, Астана қаласы әкімдігінің Тұрғын үй қоры «Елорда жастары» бағдарламасына қатысуға ұсыныс жасады. Біз мемлекет ұсынған тағы бір мүмкіндікті пайдаланып, 20 миллион теңгеге 1 бөлмелі үй алдық. Үйімізді жұмысқа, яғни Ұлттық музейге жақын аймақтан таңдадық. Енді 5 пайыздық мөлшерлемемен 19 жыл бөліп төлейміз. Мемлекет аманаттаған жалдамалы пәтерді барынша таза, ұқыпты ұстап өткіздік, – дейді Бекболат.

Жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй бағдар­­ла­масы жастардың өз үйіне алғашқы жарна жиюына таптырмас мүмкіндік болды. Сол мүмкіндікті сәтті пайдаланған тағы бір қала тұрғыны – Әсем Балтабекова.  

 – Жалдамалы пәтерге дейін қаладан бір бөлмелі пәтерді жалға алып келдім. Оның ақы­сына ай сайын 100 мың теңге кететін. Жүз мың мен үшін өте қомақты ақша. Осы ретте мемлекет ұсынған жалдамалы пәтер алғашқы жарна жинауға көп көмегін тигізгенін айтқым келеді. Жалгерлік үйдің кілті қолға 2019 жылы желтоқсанда тиді. Жаңа үй, жайлы орынның өзі жұмысқа зейін қоюға көмектеседі екен. Жалдамалы үй алып бір қуансақ, «Елорда жастары» бағдарламасын естіп екі қуандық. Бағдарламаға қатысып, 20 миллион теңгеге қаладан екі бөлмелі үй алдық. Қазір сонда тұрып жатырмыз. Балаларымның өз жеке бөлмесі бар, – дейді Ә.Балтабекова.

Жалдамалы тұрғын үй бағ­­дар­ламасын барынша тиімді пайдаланған Бекболат, Әсем сынды жастар мемлекет ұсынған мүмкіндікке алғысын жаудырып жатыр. Жыл соңына дейін жалдамалы пәтерде тұрып келген талай жас қоныс тойын тойлайды.