Көктемнің соңғы айы – мамыр айы мен үшін бір жан дүниеме жылулық беретін, менің ғана емес, жалпы адамзат баласының жүрегіне үміт сыйлайтын ай ма деп ойлаймын. Себебі мамыр айында Жер анамыз жасыл желекке оранып, өзен-көлдер арнасына толып, жанды-жансыздың бәрі өзінше бір шаттық күйге енетіндей болып тұрады. Бәлкім бұл жаһан тарихында болып көрмеген алапат соғыстағы аңсаған Жеңісті алып келген ай болғандықтан ба екен?
Биыл гитлерлік Германиямен соғыстағы Жеңістің 80 жылдығына орай, ата-бабаларымыздың майдандағы ерлігі мен сол қилы кезеңдердегі қалың елдің қасіретін тағы бір еске алып, тарихи ақтаңдақтарды аршып, соғыс тағылымын зерделеуге ерекше ықыластымыз. Өйткені бұл Жеңіс оңай келген жоқ. Бұл – ұлдарын зарыға күтіп жаутаңдаған аналардың, жарын жоқтаған жесірлердің, құрсақта жатып әкесінен айрылған, бесікте жатып тағдырдың кермек дәмін татқан, балалық шақты бастан кешпеген жетімдердің көз жасымен келген Жеңіс.
Миллиондаған адамның өмірін қиған, талай елді қасіретке душар еткен, қаншама жанның жүрегіне өшпес жара салған осы бір соғыста қазақ халқының көрген мехнаты мен тартқан азабы аз емес. Қазақ даласынан майданға аттанған әрбір боздақтың ызы-қиғы шайқастардағы ерлігі мен тылдағы қарапайым еңбек адамдарының, жетімдер мен жесірлердің еңбегі мен көрген қиындығын да сөзбен жеткізу мүмкін емес.
Соғыстың басталуы, оның барысы мен аяқталуы, қорытындысы кеңестік тарихнамада, көркем әдебиетте қалай баяндалғаны, Қызыл Армияның жанқиярлық ерлігі деректік, көркем фильмдерде қалай насихатталғандығы да баршаға аян. Уақыт озған сайын, бұл тақырыпқа қатысты көзқарас та өзгеріп, біз сеніп келген аласапыран жылдарындағы жағдаяттар турасындағы шындық жаңа қырынан ашылуда. Осынау қанқұйлы кезең туралы жүздеген кітаптар мен мыңдаған мақалалар жазылғанмен, сұм соғыс жалмаған тағдырлар мен қабырғасы қайысқан қаралы жандардың қасіреті жайлы әлі де болса толығымен айтылмаған ақиқат көп.
Сұрапыл соғысты көзімен көріп, оның бар ауыртпашылығын мойнымен көтерген ардагерлер саны да тым сирек. Бұрынғыдай Жеңіс күні соғыс құрбандарын еске алу үшін қолдарына гүл шоқтарын ұстап, мәңгілік алаудың қасына жиналатын кеуделері орден-медальге толы ақсақалдарымыз да қазір жоқтың қасы. Біздің бала кезімізде тайлы тұяғымызбен теледидар алдына ентелеп келіп көретін соғыс жайлы, өзіміз үлгі тұтып, еліктеген батырлар хақындағы фильмдер де қазір көп көрсетілмейді. Тіпті танымал арналарға жүктеліп қойған соғыс туралы фильмдерді де жастар көре бермейді. Ғаламтордағы ақпараттар легінің қарқындылығы соншалық, бүгінгі ұрпақты қызықтыратын дүниелердің өзі күн өткен сайын асқан жылдамдықпен өзгеріп жатыр.
Әр кезеңнің өз қызығы, артықшылығы мен кемшілігі болады. Кей кездері бүгінгі әлем ізгілік атаулыдан алыстап бара жатқандай көрінеді. Сондықтан да осы бір олқылықтың орнын толтыру үшін рухани-идеологиялық арнадағы қоғамдық-саяси және әлеуметтік маңызы бар іргелі жобаларды қолға алу маңызды. 1941-1945 жылдардағы фашистік Германияға қарсы соғыстағы қазақстандықтардың майдан даласындағы өшпес ерлігі мен тылдағы ерен еңбегін, хабарсыз кеткен, ерлігі еленбеген есіл ерлердің есімдерін халық жадында жаңғыртып, өскелең ұрпақтың санасына сіңіру біздің қасиетті парызымыз.
Қазіргі әлемдегі геосаяси ахуал елдегі тұрақтылықты, халықтың тағаттылығын, ұрпақтың саяси сауаттылығын талап етеді. Бүгінгі күн тәртібіндегі осынау өзекті мәселеге байланысты біздің Президенттік орталықта ұйымдастырылатын ғылыми, мәдени және білім беру бағытындағы жұмыстардың басым дені жастардың бойында патриоттық сезімді, Отанға деген сүйіспенішілікті қалыптастыру, ұлттың ұлылығын, елдің бірлігін насихаттау мақсатындағы іс-шаралар. Идеологиялық ұйым ретіндегі ең маңызды тәрбиелік миссиямыздың бірі – Отан үшін, адамзаттың болашағы үшін от кешкен қаһарман бабаларымыздың аруағы алдындағы тарихи борышымызды ұмытпау, өткенге тағзым етіп, соғыс тағылымын зерделеу арқылы ұрпағымыздың кемел келешегі мен мемлекетіміздің мызғымастығы жолында қызмет ету. Бейбіт өмірді бағалау – бүгінгі буынның басты міндеті.
Жеңістің жасампаз рухы елдігіміз бен мемлекеттілігіміздің басты қағидаты ретінде біздің саяси жауапкершілігімізді айқындайды. Яғни, Жеңіс – тек өткеннің естелігі емес, бүгінгі күн мен болашақтың бағдары.
Бақытжан ТЕМІРБОЛАТ, Қазақстан Республикасы
Президенттік орталығының директоры,
саяси ғылымдардың кандидаты