Алматыдағы Мемлекеттік орталық музейде Ұлттық домбыра күніне орай «Күмбірле, қоңыр домбыра» атты ауқымды көрме ашылды, деп жазады Egemen.kz.
Халқымыздың бай мұрасын, рухани құндылықтарын дәріптеп, ұлттық өнерге деген сүйіспеншілікті арттыруға бағытталған іс-шараны ашқан музей директорының міндетін атқарушы Сержан Бараханұлы ұлттық өнеріміз ұлықталатын домбыра күнінің мән-маңызына тоқталып, музей қорында сақталған музыкалық аспаптардың тарихына шолу жасады.
Белгілі күйші, Қазақстанның Халық әртісі Секен Тұрысбек жиналған қауымды мерекемен құттықтап, өзінің 30 жыл ұстаған сүйікті домбырасын музей қорына табыс етті.
- Жаныма жақын аспабым еді. Бүгін өз қолыммен, шын пейіліммен музей қорына табыстап отырмын. Тарихымыз бен мәдениетіміздің ордасынан орын алсын, - дейді Секен Тұрысбек.
Тағылымды шарада Алматы облысы, Іле ауданының ардагерлер ұйымының төрағасы, қоғам қайраткері Әмзе Әлдибекұлы сөз алып, жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды дарытуда домбыра күнінің маңызы ерекше екенін атады.
Сондай-ақ, шара барысында «Ақжауын» мемлекеттік камералық оркестрі және Алматы облысы, Іле ауданы, Өтеген батыр аулының №1 балалар музыка мектебінің «Серпер» және «Жігер» домбырашылар ансамбльдері өнер көрсетіп, тыңдарманның құлақ құрышын қандырды. Шара барысында өнер көрсеткен талантты бүлдіршіндер күйші, Қазақстанның Халық әртісі Секен Тұрысбектен бата алды.
Көрермен назарына музей қорында сақталған халқымыздың рухани қазынасын байытқан көрнекті тұлғаларға тиесілі домбыралар ұсынылды. Олардың қатарында – халық әншісі, композитор Жаяу Мұса, ұлы Абайдың жары Ділда Алшынбайқызы, ән өнерінің шебері Әміре Қашаубаев, музыка зерттеушісі, композитор және дирижер Ахмет Жұбанов, қазақ опера өнерінің негізін қалаушылардың бірі Күләш Байсейітова, академик Қаныш Сәтбаев, театр өнерінің тарланы Елубай Өмірзақов, сондай-ақ Жұбан Молдағалиев, Кәукен Кенжетаев, Әбділда Жангелдин, Қапан Қасымов және басқа да біртуар өнер қайраткерлерінің домбыралары бар.
Көрме аясында домбыра шеберлерінің шеберлік сағаттары өтіп, ұлттық киім үлгілері көпшілік назарына ұсынылды.