Ішкі істер министрлігі жол апаттарында зардап шеккендердің саны төмендегенін мәлімдеп отыр, деп жазады Egemen.kz.
Бұл көрсеткішке автожолдарда бұзушылықтарды тіркеудің 500-ге жуық кешенінің жұмыс істеуі мен жолдардың қауіпті учаскелерінде жүріс бөлігін уақытша тарылту тәсілі әсер еткен. Бұзушылықтарды тіркейтін құрылғының 100-і жасырын режимде жұмыс істеп тұр.
«Аталған әдіс бірқатар шет елде өзінің тиімділігін көрсетіп, бүгінде Қазақстанда сәтті қолданылуда. Жолды тарылту тәсілі Астана – Қарағанды, Астана – Павлодар, Алматы – Бішкек, Самара – Шымкент, Ақтөбе – Астрахан сияқты және басқа бағыттарды қоса алғанда республикалық трассалардың 26 учаскесінде жүзеге асырылып жатыр», делінген министрлік хабарламасында.
Қозғалыс қарқынды учаскелерде орташа жылдамдықты бақылау енгізілген. Қазіргі уақытта 1900 шақырым қамтылса, жақын арада тағы мың шақырым қосылады.
ІІМ жол жүрісі қағидаларын қасақана бұзушылармен белсенді күрес жүргізіліп жатқанын атап өтті. Ол үшін «Қорғау» арнайы ақпараттық жүйесі қолданылады. Сонымен қатар қала ішінде және трассаларда тәулік бойы жол қозғалысы ережелерін бұзуды тіркейтін автоматты камералар желісі белсенді дамып келеді.