• RUB:
    6.3
  • USD:
    509.51
  • EUR:
    570.6
Басты сайтқа өту
Спорт Бүгін, 14:09

Оралда халықаралық «Akzhaiyk Open» WKF турнирі басталды

20 рет
көрсетілді

Орал қаласындағы «Жайық Арена» спорт кешенінде Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованы еске алуға арналған X халықаралық «Akzhaiyk Open» WKF турнирі басталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Халықаралық деңгейдегі айтулы додаға Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресей Федерациясынан, соның ішінде Башқұртстан және Татарстан Республикаларынан спортшы келді. Сондай-ақ Қазақстанның барлық өңірлерінен, атап айтқанда Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Түркістан, Батыс Қазақстан облыстарынан және Байқоңыр қаласынан да командалар бар. Турнирге барлығы 1000-ға жуық спортшы қатысып жатыр.

Халықаралық жарыстың салтанатты шылуы рәсіміне Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, «Қазақстан Каратэ Федерациясының Одағы» ЗТБ вице-президенті Болат Хаулахат, федерацияның бас хатшысы Асқар Молдағали, Каратэ WKF-тен ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы Майя Баймағанбетова, ҚР жастар құрамасының бас жаттықтырушысы, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Азия ойындарының екі дүркін жеңімпазы, Қажымұқан Мұңайтпасовтың ұрпағы Шаттық Қажымұқан секілді танымал тұлғалар қатысты.

«Бұл халықаралық турнир спорттық маңызымен қатар, ел қорғаған ержүрек батыр қыз — Мәншүк Мәметованы еске алу арқылы жас буынға патриоттық тәрбие беруді, достық пен ынтымақтастықты нығайтуды мақсат етеді» дейді жарысты ұйымдастырушылар.

Akzhaiyk Open WKF турнирі «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының қолдауымен өтіп жатыр. Турнирдің алғашқы күні БҚО спортшылары тамаша нәтиже көрсетіп, 55 кг салмақта — Әлішер Жәдігеров, -60 кг салмақта — Дархан Тимралиев күміс жүлде алса, +84 кг салмақта — Тайжан Әлішер чемпион атанды.

Турнир алдағы күндері жасөспірімдер мен кадеттер арасында кумитэ және ката бағдарламалары бойынша жалғасады. Жарыс 18 мамырда қорытындыланады.

Батыс Қазақстан облысы