Мемлекеттік қызмет саласында еңбек ететін әйелдердің қатары 56 пайызға жуықтайды, ал нақты басшылық лауазымдағылар үлесі 39,1%-ды құрайды. Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттік жастар кадр резервінің форумында биліктің атқарушы жүйесінде әйелдердің үлесін арттыру қажет дегені белгілі. Осы тақырып төңірегінде Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Мемлекеттік қызметті өткеру департаментінің директоры Надира Медеубаймен әңгімелескен едік.
– Надира Айдарқызы, мемлекеттік қызметке қалай келдіңіз?
– Жоғары оқу орнын енді тәмамдаған жас маман ретінде мені еңбек жолымды мемлекеттік қызмет саласындағы уәкілетті орган – Заң департаменті Нормативтік құқықтық актілер басқармасының сарапшысы лауазымынан бастадым. Мекемеге аяқ басқан сәттен-ақ өзіндік бір атмосферасы сезілді. Классикалық киім үлгісі мен қызметкерлердің әдебі, мамандықтың маңыздылығын аша түсті.
Өміріме де біраз өзгеріс әкелді. Біріншіден, жауапкершілік артты. Екіншіден, араға уақыт салып, бойымда шыдамдылық пен сабырлылық қалыптасты. Үшіншіден, адалдық, кәсібилік қағидаларына деген көзқарасым тереңдей түсті. Тек өз еңбегің мен білімің арқылы жетістікке жетуге болатынына көзім жетті.
Былтырдан бері, аталған мекемеде басшылық лауазымда қызмет етемін. Негізгі міндеттерім – мемлекеттік органдардың персоналды басқару қызметін үйлестіру, мониторинг жүргізу, бағалау және персоналды дамытуды үйлестіру, кадр құрамының жай-күйіне талдау жүргізу, сондай-ақ салада бірыңғай саясаттың жүйелі жүзеге асуына ықпалдасу.
– Елімізде қызметтегі әйелдерді қолдау бағытында қандай бастамалар бар?
– 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасында мемлекеттік қызметтегі әйелдерді қолдауға бағытталған шаралар қамтылған. Мемлекеттік, квазимемлекеттік және корпоративтік секторларда басшы лауазымдардағы әйелдердің үлесін арттыруға арналған нысаналы индикатор белгіленді. Сонымен қатар гендерлік сауаттылықты арттыру мақсатында мемлекеттік қызметшілерге тақырыптық сабақтар мен семинар-тренингтер өткізіліп тұрады.
Гендерлік теңдік тек сандық көрсеткіш емес екенін ұғыну қажет. Ол, ең алдымен, әр әйелге өз әлеуетін толық ашуға мүмкіндік беру деген сөз. Осы бағытта бірнеше маңызды бастаманы қолға алдық. Біріншіден, мемлекеттік қызметке іріктеу толық цифрландырылып жатыр. Бұл адам факторын азайтып, кез келген кемсітушіліктің алдын алуға мүмкіндік береді. Екіншіден, мемлекеттік қызметшілер үшін икемді жұмыс кестесі қарастырылған. Мысалы, бала күтімімен айналысатын қызметшілер үшін қашықтан немесе аралас жұмыс істеу мүмкіндігі бар. Үшіншіден, әйелдердің көшбасшылық қабілетін жетілдіру мақсатында арнайы оқыту бағдарламалары жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар үстеме жұмыс істеуді азайту үшін агенттік жұмыс уақытының сақталуын онлайн және офлайн режімде бақылап отырады. Бұл шараның барлығы – әйелдердің мемлекеттік қызметте өзін еркін сезініп, толық ашылуына жасалған жағдай.
Жалпы, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (OECD) деректері бойынша гендерлік теңдік қағидалары сақталатын елдер экономикалық тұрғыдан тұрақты дамиды, еңбек өнімділігін арттырады, әлеуметтік тұтастықты жақсартады.
– Әйел басшылар қандай басқару стилімен ерекшеленеді?
– Негізінде, басқару стилі адамның жеке қасиеттеріне, тәжірибесіне және кәсіби дағдыларына байланысты қалыптасады. Бірақ әйел басшылар көбіне жұмыс ортасын үйлесімді етіп құруға, әріптестерімен ашық диалог орнатуға және жан-жақты ойластырылған шешімдер қабылдауға бейім. Олар әр мәселенің маңызды қырларын ескеруге басымдық береді. Көбіне дипломатиялық әдістерді қолданады. Көпшіліктің пікірін тыңдап, ортақ шешімге келуге тырысады. Бұл ортаның сенімін арттырып, әріптестерімен жақсы қарым-қатынас орнатуға септеседі.
Президент те былтыр жастар кадр резервінің форумында әйелдердің жұмысқа өте мұқият, тиянақты, ер адамдармен салыстырғанда, жемқорлық әрекеттерге бейім емес екенін айрықша атап өтті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі агенттіктің статистикасы да осыны меңзейді.
– Жұмысыңыздың жеке өмірге кедергі келтірген тұсы болды ма?
– Дер кезінде шешім қабылдай білу, азаматтардың сенімін ақтау – біздің басты міндетіміз. Елге қызмет етуде әйел мен еркектің мүмкіндігі тең. Бірақ қоғамда әйел басшыларға қатысты қалыптасып қалған таптаурын түсінік әлі де бар. «Олар эмоцияға берілгіш, шешім қабылдауда жұмсақ болуы мүмкін» деген секілді пікір кездеседі. Шын мәнінде, әйелдер басқару ісінде ұқыптылық пен икемділікті қатар ұстай алады.
Бүгінде бәсекелестік басым салада көп арасынан суырылып шығып, қызметке орналасқан, өзіне сенімді, әлеуетін толық аша білген, оны игі жолда қолданып жүрген іскер әйелдер артып келеді. Есепке салсақ, елдегі 24 мың басшының 9 мыңнан астамы әйел. Оның ішінде үш министр, сегіз вице-министр және үш аппарат басшысы бар. Президентке тікелей бағынатын 14 мемлекеттік органда 6 нәзік жанды жоғары лауазымда. Сот жүйесінде 1 248 әйел судья еңбек етеді. Парламент депутаттарының 28-і, ал мәслихаттарда шамамен 3,5 мың әйел жұмыс істейді.
Мен де осы қауыммен ілесе кәсіби міндеттерімді сарапқа салып, жұмыс пен жеке өмірдің тепе-теңдігін сақтап келемін. Бар күш-жігерімді міндеттерімді орындауға жұмсаймын. Жұмыстан тыс, демалыс уақытын жақындарыма, қызығушылығыма арнаймын. Спортты да өмірлік серігім еттім. Бұл бойымдағы тәртіп, төзімділік қасиетін шыңдай түсті.
Негізі көптеген мемлекеттік қызметшілер жұмыс күні аяқталғаннан кейін де қызметтік міндеттерін жалғастыруға мәжбүр. Өкінішке қарай, бұл азаматтың жеке өміріне, отбасына әсер етпей қоймайды. Осы орайда агенттік мемлекеттік органдарда артық жұмыс істеуді болдырмау мақсатында арнайы іс-шаралар қабылдап жатыр.
Мәселен, былтыр жүргізілген мониторинг нәтижесінде елімізде 3,4 мың мемлекеттік қызметшінің еңбек құқығы қорғалып, қосымша демалыс уақыты берілді, артық жұмыс үшін өтемақы төленді. Сондай-ақ бала күтіміне байланысты демалыс та кей жағдайда қызметке кері әсер етуі мүмкін. Ұзақ үзілістен кейін еңбекке қайта араласқан әйелдің бәсекелестікке төтеп беруі қиындап, мансаптық өсу мүмкіндіктері шектеліп жатады. Өкінішке қарай, бұл – еңбек нарығындағы шынайы жағдай.
– Мемлекеттік қызметке тұруды қалайтын жас мамандарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Мемлекеттік қызметтің артықшылығы – тұрақтылық. Уақтылы жалақы, әлеуметтік кепілдік. Қазіргі жастар үшін бұл маңызды тетік дер едім. Әрине, заңнаманы жақсы меңгеріп, тестілеу мен әңгімелесуге мұқият дайындалуы қажет. Жауапкершілік парқын түсінуі, сабырлылық пен өз ойын нақты әрі еркін жеткізе білу қабілетін шыңдауы мемлекеттік қызметте көп көмектеседі. Сондықтан атқарушы органдарда тағылымдамадан өту, қоғамдық жұмыстарға қатысу арқылы ертерек тәжірибе жинақтауға ұмтылу керек.
Осы ретте, мемлекеттік қызметке келуді жоспарлаған жастарға агенттік бастамасымен заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, жоғары оқу орнын мемлекеттік грантпен оқып, оны жақсы көрсеткішпен бітірген түлектерге аудандық және ауылдық жерлердегі төменгі лауазымдарға конкурссыз орналасу мүмкіндігі берілгенін атап өткім келеді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Зейін ЕРҒАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»