Аралас жекпе-жектен әлемдегі ең белді промоушен – UFC 26 шілдеде Әбу-Дабиде дүбірлі дода ұйымдастыруды көздеп отыр. Сол жарыста Асу Алмабаев (21-3) өнер көрсетеді. Аса жеңіл салмақтағы қандасымыз наурыз айында португалиялық Манель Капеден техникалық нокаутпен жеңілген еді. Бұл жолы Асу Өзбекстанның өкілі Рамазан Теміровпен (19-3) айқасады.
30 мамыр – 1 маусым аралығында Астанадағы «Арғымақ» спорт кешенінде ат спортының конкур түрі бойынша Еуразиялық лига аясындағы Әлем кубогінің кезеңі және атпен мәнерлеп жүруден халықаралық турнир ұйымдастырылады. Сол жарыста 60-тан аса мемлекеттен келген саңлақтар өз шеберліктерін паш етеді.
Қытайдың Наньчан қаласында байдарка мен каноэ есуден Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Жарысты отандастарымыз 12 жүлдемен қорытындылады. Тарқатып айтсақ, Қайсар Нұрмағамбетов баптаған команда түрлі-түсті медальдардың әрқайсын төрт-төрттен иеленді. Жалпы есепте біздің ескекшілер Ираннан ғана қалып қойып, екінші орынды еншіледі.
Болгарияның Пазарджик қаласында қазіргі бессайыстан Әлем кубогі аяқталды. Дунай өзенінің жағалауында еліміздің туы астында өнер көрсеткен екі спортшы да сәтсіздікке ұшырады. Іріктеу сайысында Георгий Борода-Дудочкин 18-орын алса, Константин Сычев 21-сатыға табан тіреді.
Ауыр атлетикадан Қытайдың Цзяншань қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында 102 кг салмақтағы Артём Антропов күміс медальға ие болды. Қоссайыстың қорытындысы бойынша 386 (165+221) кг-лық зілтемірді еңсерген жерлесіміз Олимпия ойындарының жеңімпазы, әлем, Азия чемпионы Лю Хуаньхуадан қалып қойды. Жеңімпаздың көрсеткіші – 410 (180+230) кг. Қола медальды түрікменстандық Дауранбек Хасанбаев иеленді. Оның нәтижесі – 377 (182+195) кг.