• RUB:
    6.32
  • USD:
    510.06
  • EUR:
    566.32
Басты сайтқа өту
Білім Бүгін, 17:22

Депутат ел мектептерінде жасанды интеллектіні оқытуды ұсынды

30 рет
көрсетілді

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдап,  білім беру жүйесіне жасанды интеллектті (ЖИ) жүйелі түрде енгізуді ұсынды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Депутаттың пайымынша, жасанды интеллект тек технологиялық құрал ғана емес, ол ойлау, еңбек және қарым-қатынас формаларын түбегейлі өзгертетін жаңа парадигма. Сондықтан Қазақстан білім беру жүйесін осы өзгерістерге бейімдеуде батыл әрі нақты қадамдар жасауы қажет.

Асхат Аймағамбетов сауалында бірқатар алдыңғы қатарлы елдердің тәжірибесін мысалға келтіреді:

АҚШ: Microsoft, Adobe, IBM, Uber сынды алпауыт компаниялардың 250-ден астам басшысы мектептерде ЖИ-ді міндетті пән ретінде енгізуді қолдады. Бастаманы Code.org және CSforALL секілді беделді ұйымдар қолдаған; Эстония: Қыркүйектен бастап «AI Leap» ұлттық бағдарламасы аясында барлық жоғары сынып оқушыларына ChatGPT қолжетімді болады, ал мұғалімдер арнайы дайындықтан өтеді; Қытай: Бейжің мектептерінде жаңа оқу жылынан бастап ЖИ бойынша жылына кемінде 8 сағаттық міндетті сабақтар өтеді.

Депутат елімізде де жасанды интеллектке қызығушылық артып келе жатқанын атап өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағыттағы жұмысты тікелей өзі бақылауға алған. Депутаттар тобы арнайы заң жобасын да әзірлеген.

Оның пікірінше, мұғалімдер де ЖИ-ді қолдануға дайын емес, әдістемелік құралдар жоқ, бағалау жүйесі түсініксіз, ал жалпы мектептерде ЖИ-ді қолдануға қатысты ұлттық саясат мүлде жоқ.

«Қазіргі таңда оқушылар жасанды интеллект жүйелерін үй тапсырмаларын орындау, шығарма жазу, презентация әзірлеу үшін белсенді пайдаланып жатыр. Алайда біз оларды осы құралдарды дұрыс, этикалық әрі жауапкершілікпен қолдануға үйреткен жоқпыз. Бұл – маңызды кемшілік», деді депутат.

Сауалын қорытындылай келе, депутат төмендегідей 10 нақты ұсыныс жолдады:

Білім беру жүйесіне ЖИ енгізу бойынша жол картасын әзірлеуді тапсырған жөн; Қолданыстағы оқу бағдарламаларын саралап, 5–6-сыныптардан бастап «Жасанды интеллект және цифрлық сауаттылық» пәнін енгізу мүмкіндігін қарастыру; Мұғалімдерді дайындау және қайта даярлау жүйесін қалыптастыру; ЖИ қолдану бойынша мектептерге арналған саясат пен этикалық ережелер әзірлеу; ЖИ көмегімен орындалған жұмыстарды бағалау тәртібін бекіту; Әдістемелер мен оқу материалдарын әзірлейтін, мұғалімдерді даярлайтын ЖИ бойынша ұлттық орталық құру; Ата-аналар, мұғалімдер және оқушылар үшін «ЖИ-ді тиімді және қауіпсіз пайдалану» тақырыбында ашық онлайн-курс әзірлеу; Мектеп бағдарламасына сыни ойлау, ақпараттық гигиена және ЖИ этикасы тақырыптарын енгізу; Барлық өңірлерде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде цифрлық сауаттылық орталықтарын құру, соның ішінде ЖИ бойынша жазғы мектептер ұйымдастыру; Мұғалімдерге арналған ЖИ-ді оқыту процесінде қолдануға байланысты міндетті қайта даярлау және сертификаттау жүйесін енгізу, педагогикалық жоғары оқу орындарының бағдарламаларын жаңарту.

Асхат Аймағамбетовтің пікірінше, Қазақстан ЖИ дәуірінің сын-қатерлері мен мүмкіндіктерін ескере отырып, білім беру саласында нақты әрі батыл қадамдар жасауы қажет.

«Егер біз болашақта бәсекеге қабілетті ел болғымыз келсе – әрекет етуіміз керек. Қазір. Әйтпесе болашағымызды басқа елдер айқындайды», деді депутат.

Депутат Премьер-Министрден ұсынылған бастамаларды қарастырып, Білім министрлігі мен өзге де тиісті мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар беруді сұрады.